Сейсенбі, 21 қаңтар, 13:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№5,2118
21.01.2025
PDF мұрағаты

Ана мен бала денсаулығы – басты назарда

21.01.2025

69 0

фото; Н.НҰРЖАУБАЙ

Халық денсаулығы бәрінен маңызды. Сол үшін де адам өміріне жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, қолжетімділігі алғашқы орында болуы қажет. Осы орайда аймағымызда медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, былтыр жергілікті бюджет есебінен 590 дәрігер мен 738 орта буын медицина қызметкері білімін жетілдірсе, 40-тан астам маман шетелдік дәрігерлерден тәжірибе жинаған.

Өткен жыл қорытындысы бойынша аймағымызда денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Атап айтқанда,  жалпы өлім-жітім көрсеткіші 4,0%, туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 5,5%, туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші бір деңгейде болса,қатерлі ісіктерден өлім-жітім көрсеткіші 4,4%, жүрек-қанайналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 10,5 пайызға төмендеген. Соның нәтижесінде өмір сүрудің орташа ұзақтығы ұзақтығы облыс бойынша 74,6-ға жеткен. Межеге жету мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы өз қызметтерін ана мен бала өлімінің көрсеткіші, қан айналым жүйесі, онкологиялық аурулар, туберкулез бен жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге, халық арасындағы өлім-жітім мен мүгедектіктің себеп-салдарын анықтап, төмендетуге бағыттаған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов кеңінен тоқталды.

– Халықтың денсаулығын нығайту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы өз жолдауында халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала денсаулығын сақтай отырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендету мемлекетіміздің басты басымдығы екенін атап өттті. Денсаулық сақтау саласында бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерді көрсеттік. Ана мен бала денсаулығын сақтау жалпы медицинаның маңызды бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 844 810 мың адам тіркелген, оның ішінде 20,9%-ы ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер. Былтыр аймағымызда 17 873 нәресте дүниеге келді, – деді Олжас Ермекұлы.

Жоғарыдағы көрсеткіштер Сыр медицинасының серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді. Өңірде денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы.  Бұл күнде бұл мәселе де өз шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда облыста 2509 дәрігер және 10 204 орта буынды мамандар қызмет етеді. 2024 жылы 57 жас маман өңірімізге жұмысқа орналасып, олардың 40,3% елді мекендерге жолданған. Мамандар тапшылығын азайту бағытында өңірде кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтып өткен жөн. Мәселен, медицина ұйымдары өз қаражаты есебінен жоғары медициналық оқу орындарында 6 резидент оқытуда. 2024 жылы жергілікті бюджеттен 64 млн теңге қарастырылып, 590 дәрігер және 738 орта буын медицина қызметкерлері. Ұлттық акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы мамандары, Астана медицина университеті ғалымдары мен «Қазақстан жоғары қоғамдық денсаулық сақтау мектебі» мамандары келіп оқытты.  Біліктілігін арттыру бойынша ана мен бала денсаулығын сақтау мамандарына басымдық берілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде сәтті жобалар жүзеге асуда.

– 2023 жылдан бастап «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсете отырып, дені сау ұлт қалыптастыру. 2024 жылы облыста 20 денсаулық сақтау нысаны салынды. Сондай-ақ жақын арада ұлттық жоба аясында Арал ауданында 25 төсек орынға арналған көпбейінді аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінің және 46 төсек орынға арналған аурухананың қосымша құрылысы басталады. Одан бөлек, Жаңақорған көпбейінді аудандық орталық ауруханасының қосымша құрылысы, Қазалы көпбейінді аудандық орталық ауруханасының қосымша құрылысы да жуырда басталмақ. Жергілікті бюджет есебінен биыл Қарауылтөбе елді мекеніне де жаңадан дәрігерлік амбулатория салынады. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, аймақ бойынша барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік алынып, ауылдық жерлерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық өз шешімін тапты, – деді Олжас Ермекұлы.

Сыр медицинасындағы ауқымды жұмыстардың негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту. Бұл бағыттағы ауқымды жобалар биыл да жалғасады. Мәселен,  мамандардың біліктілігін арттыруға 2025 жылға жергілікті бюджеттен 144,9 млн теңге қаржы қарастырылған, қазіргі таңда өзекті тақырыптар анықталып, жоспар жасалуда.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: