Сенбі, 03 мамыр, 23:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32,2145
03.05.2025
PDF мұрағаты

Ақ жаулықтылардың рухани тірегі

03.05.2025

40 0

Ана жүрегінің жылуы күллі табиғатты күн шуағындай нұрландырады. Ананың ыстық алақанынан әлемге шуақ тарайды.  Жаратушы иеміздің  адамзат баласына өмір сыйлау құдіретті күшін анаға дарытып, аманаттағанының өзі   ананың  бейнесі мен киесін  асқақтатады. Сыр бойы аналарының ақ отауына айналған «Анаға тағзым» орталығы жаныңа жылылық пен мейірім сыйлап, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беріп, отбасылық құндылықты нығайтып, еңбек адамдарының өнегелі өмірін дәріптеп, қазақ әйелінің рухани бейнесін қалыптастырып отырған  мәдени нысан болуымен құнды. 

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы халыққа Жолдауындағы басты талаптың бірі – креативті индустрия орталықтарын құру, әйелдердің өз кәсібі арқылы өнімдерін кәсіпке айналдыруға қолдау көрсету. «Анаға тағзым» орталығы жұмысының бір бағыты осы талапқа сай креативті индустрияға бейімделген. Осы бағытта орталықта қызылордалық қолөнер шеберлерінің туындыларын көпшілік на­зарына ұсынып, олардың табысын еселеуге мүмкіндік берген арнайы көрме жасақталған. Көрмеде Сыр күрішінен салынған картина, ағаштан ойып жасалған ұлттық ыдыс-аяқ түрлері, киізден әзірленген киім сынды бірқатар қолөнер туындысы жинақталған.

Ақ жаулықтылардың рухани тірегі

Соңғы үлгідегі құрал-жабдықпен қам­тылған орталықта «Мирас» әжелер клубы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Ана тілі» дебат клубы, «Береке» аспаздық студиясы, «Шамшырақ» фото-видео студиясы және «Жас отау» жас отбасылар мектебі мен психолог-медиатор кабинеті жұмыс істейді. Бұдан бөлек,  «Ұлт жақұты» музейлік залы, 40 орындық конференц зал, 70 адамға лайықталған мәдени-концерттік зал және коворкинг орталығы бар.

Аналарға деген құрмет пен ізгілік ме­кенінің ашылуы Бегім ана, Гүлбаршын ана, одан берірек Сәлима Жұмабекова, Балдырған Мұстапаева, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова және басқа да елге өнегесімен танылған, отбасы мен жұмысты қатар алып жүрген әйел-аналарға деген зор құрмет екенін терең сезінеміз.

«Анаға тағзым» орталығы директоры Алтынай Молжанованың айтуынша, ел эко­номикасының дамуына, қоғамдағы гендер­лік теңдікті нығайтуға, отбасылық тұрақ­тылықты сақтауға үлес қосып жүрген жұ­мыс­шы әйел-аналарды ардақтау шаралары орта­лықта тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

– Орталық ашылғалы бері мұнда күн сайын тағылымды, аналар қауымына берері мол іс-шаралар өтуде. Мәселен, жұмысшы мамандығы дәріптеліп жатқан тұста «Гүлдей нәзік, болаттай берік» атты облыстық жұмысшы арулар фестивалі – аймақтағы жұмысшы қыз-келіншектердің кәсібилігі мен шығармашылығын көпшілікке танытқан шара болды деп айта аламын. Фестиваль мақсаты – қарапайым еңбек адамдарының адал еңбегі мен жетістігін дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнеге ету, қоғамдағы рөлін насихаттау.

Шиелі ауданынан бастау алған  шара аймақ көлемінде ұйымдастырылды. Оған механизатор, түйеші, кран жүргізуші, тігінші, аспаз, тазалықшы, технолог, қоймашы секілді түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген 60-тан аса қыз-келіншек қатысты. Фестивальдің қорытынды шарасы «Анаға тағзым» орталығында өтті. Әр ауданнан арнайы келген жұмысшы арулар клуб-студиялардағы шеберлік сағатына қатысты.  12 қатысушыға «Еңбегімен көрікті», «Құрыш білек», «Адал табыс», «Кәсіби шебер» номинациясы  берілді, – дейді ол.

Орталық басшысының айтуынша,  «Ана­ға тағзым» орталығы бәсекелестік бәйгесіне сай ұшқыр ойлы, зияткер ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы танымды жобаларға ұйытқы болуда.

Мәселен, «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен облыста алғаш рет «Ойтөбе» отбасылық зияткерлік квест ойыны өткен.  Жоба мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы мен отбасы құндылығын насихаттап,  қарым-қатынасты нығайту.

Білімді, коммуникативті, ізденімпаз әрі тапқыр отбасыларды даралайтын топтық квест ойынға облыс бойынша 20 отбасы қатысқан. Олар «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер», «Ба­тыр бабалар», «Сыр елі – жыр елі»,  «Зиялы­лар»,  «Салтын сақтаған Сыр елі» секілді 50 сұрақтан тұратын 5 кезең бойынша өзара бақ сынады. Интеллектуалды сайыс шартына сай, қатысушы топтар арнайы картада жасы­рылған орынға барып, қазақ халқының дара тұлғалары, салт-дәстүр, ел тарихына қатыс­ты сұраққа жауап беруі тиіс. Картада жасы­рылған орынға жету үшін командалар жаяу немесе қоғамдық көлікпен жүріп, арнайы хэштегпен әлеуметтік желіде бөлісіп отырды.

– Альфа ұрпақтың болашағына алаң­даушылық һәм жауапкершілік  орталықта «Даму LIFT», «Creative urban tour», «Ойтөбе» отбасылық зияткерлік квест ойыны секілді бірқатар жобаны жүзеге асыруға ықпал етті. Бұл бастамалар смартфонды серік еткен жасөспірімдерге ой еңбегі мен қол еңбегін ұштастыра отырып, тәрбие беруді көздеді.  Сондай-ақ өскелең ұрпақ игілігіне бағытталған «Бір шәугім шай», «Апа TIME», «Тілге тиек», «Bir tolqynda», «Soul құрбым» секілді бірқатар төл бейнеөнімдер де тұрақты түрде ақпараттық кеңістікте насихатталуда, – дейді орталық директоры А. Молжанова.

Бір жылда орталықта 25 000-ға жуық адамға қызмет көрсетіліп, сырбойылық қыз-келіншектерге рухани-адамгершілік бағытта парасаттылық дәрісі мен шеберлік сағаты өткізіліп, психологиялық кеңес берілген. Орталық жанынан «Креатив хабы» құрылып, «Брендке бір қадам…» сауда-көрмесі арқы­лы аймақтың 20-ға жуық креативті индуст­рия өкіліне өз өнімдерін көпшілікке жарнама­лауға, табысын арт­тыруға мүмкіндік жасалған.

Ұлтымыздың өміршең өнегесін өшір­меуді мақсат тұтқан «Анаға тағзым» орталы­ғының тәлім-тәрбиелік мәні зор байыпты бастамалары алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.

Гауһар Қожахметова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: