Жұма, 27 желтоқсан, 03:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Ақылдың кенін» күзеткендер

25.10.2024

734 0

– Пәленше Түгеншеевтің «Пәлен» деген кітабының 47-бетінде осы тақырып бар. Соны конспектілеп келіңдер, – дейді қатал қабақ танытқан куратор.
Университет қабырғасына енді ғана қадам басқан балмұздақпыз. Оңды-солды танымаймыз. Жүгіре басып, Абай даңғылының бойындағы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға келеміз. Ол кездегі кітапхана – қазіргі Денсаулық үйі. Әлгі кітаптың 47-бетін біздің алдымыздағы толқын конспектілеп жазуға ерініп, жыртып әкеткені де жанға батады. Жалғыз кітапты он-он бес студенттің алдына қойып, көшіре бастаймыз. Оны көшірмеден өткізу де қып-қызыл ақша. Аптасына ауылдан беріп жіберетін 2 мың теңгені түп-түгел жеткізуің керек. Ал ол ақшаны жеткізу үшін көшірмеден қағаз өткізу, таяқ тастам жерге автобуспен бару тәрізді «ғаламат» істерді қысқартасың. Міне, біздің «кітапханаға түнеу» хикаямыз осыдан басталған еді…
Әлбетте, «түнеу» дегенде де жата-жастана көшіп бару емес, кітапханашы апайлармен бірге есікті жауып, құлыптап қайтатынбыз. Сол кезде бар ғой, «Осы түнде істейтін кітапхана болса» деген ашқұрсақ студенттің арманы еді… Қазіргі түнгі кітапханаларға тілші болып барып, ақпараттандырып жүріп, «кеш орындалған арман-ай» деп қаламыз. Шынтуайтына келгенде, мына ғаламда бір-бірін жақсы түсінетін екі адам болса, ол – кітапханашы мен журналистер дер едім.
Кітапқа таласып қалатын
оқырмандар бар

– «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, сол кітапханада жұмыс істейтін кітапханашы маман жайлы көбісі біле бермеуі де, елей бермеуі де мүмкін, – деп бастады сөзін Жанат Қараманова.
Рухани байлықтың бел ортасында отырып, әрбір оқырманға «Артық білім – кітапта» екенін танытып жүрген білікті маман оқырманның да сан түрлі болатынын айтады. Әлбетте, аймақтың маңдайалды Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханада жұмыс істейтін ол мұндағы қызықтың көп екенін жеткізді.
– Кітапханаға күніне жүздеген адам келіп жатады. Олардың мінездері де әр түрлі. Сондықтан күн сайын түрлі оқиғаға кезігеміз. Мен білетін тұрақты оқырман екі үлкен кісі бар, екеуі әрі құда екен. Кітапты жарысып оқиды, бірге келіп, бірге қайтады. Өзара кітап оқудан жарысып жүреді. Кейде бір кітапқа баладай таласып қалады. Сөздік қоры мол, мақалдап қалжыңдайды. Бір-бірін кейіпкерлердің атымен атап жатады. Әр келген сәттері бізді күлдіріп, жадыратып кетеді. Кейде жасқа толмаған баласымен келетін оқырмандар бар. Таңдаған кітабын алып болғанша бөпесін жұбатып, ойнатып, көтеріп жүруімізге тура келеді, – дейді кітапханашы.
Өмірде рухани құндылық атап, білмегенімізді ішінен іздеп табатын осынау кітап атты әлемнің өзі де сан түрлі сырға ие. Әрқайсысы өмірді, бір-бір тағдырды арқалап тұр.
– Кітап. Кітапхана. Кітапханашы. Бұл үш ауыз сөз болғанымен бір- бірінсіз толыққанды бола алмайтын рухани орта. Ал кітапханашы сол кітаптағы асыл мұраларды оқырманға жеткізетін алтын көпір. Ол – алдына келген әрбір адамның іздеген кітабын тауып беріп, әрбір тақырыбына сай бағыт-бағдар беру үшін жән-тәнімен беріліп қызмет атқаратын жан. Оқырмандарының кітап оқуға деген ынтасын, білім жетілдіруге деген көзқарасын ояту – басты парызы. Кітапхана оқырман үшін өмір мен тәрбие мектебі. Кітапханашы әрбір кітап іздеп келген жасқа кітап берумен шектелмейді, білім, ғылым, өнер және мәдениеттің дамуына үлес қосып отыр. Сондықтан да кітаптың құдыреттілігін түсінген жан ғана кітапханашы бола алады, – дейді Жанат Қараманова.
Бүгінде кітапханада түрлі деңгейдегі әдеби-сазды кештер, ақын-жазушылармен кездесу тәрізді іс-шаралар бірінен соң бірі кезекпен өтіп жатады. Байқағанымыз, «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген сөздің жаңсақ пікір екенін дәлелдеп жүр. Ойынан өлең құрап, шумақтатып жыр жазар ақынжанды жастар рухани ортаның табалдырығын тоздырған. Келушілердің қарасы қалың екені біздің де санамызға сәуле шашып, үміт отын оятқандай болды.
Айтпақшы, кітапхана қызметкерлері мекемелерге барып, көшпелі кітапхана ұйымдастырады. Адам көп шоғырланған орталықтарда кітапхана, кітап туралы сауалдар қойып, кітапхана оқырманы болуға шақырып, оқырмандардың қызығушылығын оятуда тынымсыз еңбектенуде. Мұнда келетін оқырмандардың көптігі де осы еңбектің жемісі болса керек.
Сөз басында айтқан біздің студенттік кезеңдегі «Кітапхана түнде де жұмыс істесе ғой» деген арман орындалғалы да біраз болды. Облыстық әмбебап кітапхана 2024 жылдың 1 маусымынан бастап 24:00-ге дейін жұмыс істеуде.
– Бұл түнгі кітапхана бастамасы жұмыстан қолы босамай, кітап оқуға уақыт жеткізе алмай жүргендер үшін тиімді. Жастардың кешкі уақытын тиімді өткізуге де септігін тигізеді, – деді Жанат апай.

«Оқырмандар өтініш айтса,
жұмыстан кейін де сағаттап күтемін»

«Шұғыла» шағын ауданының теміржол бойында орналасқан аядай ғана №6 кітапхана барлық жастағы оқырмандарға арналған. Мұнда баладан бастап қарияға дейін келеді. Кітапханашы Кенжеш Аманова келушілерге қызмет көрсетуде. Тәжірибелі маман өз мамандығына жан-тәнімен берілгенін байқатты. Ә дегеннен кітап оқуға кеңес беріп, қай жаста қандай кітап оқуға болатынын айтты.
– Біздің кітапханада көркем әдебиеттен бастап ғылымның барлық саласына қатысты кітап бар. Мұнда ғылыми жұмыспен айналысып, ізденіп жүргендер көп келеді. Сіздердің алдарыңызда ғана аударма жұмысымен айналысатын жас ғалым келіп, бірнеше сағат отырды. «Кітап оқылмайды» деген сөз бекер айтылған. Оқуға түсуге дайындалып жүргендер де осында келеді. Рас, ғаламтор қолжетімді, бірақ ондағы ақпараттың нақтылығына күмән көп. Сондықтан кітап парақтап, керекті мәліметін іздейтіндер көп. Кейбірі тіпті оқитын кітапты өзіңіз таңдап беріңізші деп жатады. Жаңадан келген әдебиеттерді оқырмандармен бірге талдайтын да сәтіміз көп. Ал жұмыс аяғы болып, есікті жауып жатқанда келіп, өтініш айтатындар бар. Оқырман – біз үшін қымбат. Сондықтан олардың кітап оқып болуын жұмыстан кейін сағаттап күтетін кез де аз емес, – дейді кітапханашы.
Кітапханашылар қарттар үйінің тұрғындарына кітап апарады. Көшпелі кітапхана ұйымдастырады. Қайырымдылық істе алдыңғы қатарда жүретін ағеден жандардың көзіқарақты оқырмандары да жетерлік. Ардагерлер үйінде де оқырман көп.
– Біздің оқырмандарымыз кітапты асықпай оқиды. Уақыты келгенде қосымша күндерге сұрайтындар да бар. Қызығушылығы өте жоғары. Өйткені жұмысбасты қоғам ғой қазір. Сол зулаған уақыттың ішінен кітап оқуға уақыт тауып жатады. Әрине, бұған қуанамыз. Зейнеткер оқырмандар да белсенді. Газет-журнал оқиды, кітап парақтайды. Күнделікті бір келіп кетпесе басы ауыратын тұрақты оқырмандарымыз бар. Олар мұнда күніге бір келуде дағды еткен. Осында келіп тұратын 10 газет, 5 журналымыз бар. Зейнеткерлеріміз үшін олар – қызық, – дейді Кенжеш апай.
Оқырманға ұсыну үшін алдымен өзі оқып, сараптап шығатын кітапханашы көркем әдебиетті жанына жақын тұтады. Мұнда келген әрбір оқырманға жасына лайық кітаптарды ұсынып жүр. Ол Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптылар», Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет», Нұртас Исабаевтың «Өмірге құштарлық» тәрізді кітаптарын бірнеше мәрте оқыған. Ал осы күні мотивациялық кітаптарды оқып жүр.
– Байқап отырсаңыз, сол мотивациялық кітаптарда жазылған нәрсені ата-бабамыз әлдеқашан айтып кеткен. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еріншектің ертеңі бітпес», «Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа» деген сөздің әрбірінде бір-бір бағыт, бір-бір мотивация тұр. Қазіргі кітаптар ата-бабамыздың осы даналығын тағы бір есімізге салады, – дейді ол.
«Қыздың жиған жүгіндей» болып, жып-жинақы орналасқан аядай бөлмеден шыққың келмейді. Осы бір ортаның ерекше тартып тұратынын-ай дерсің.

Ең алғашқы оқырманы –
Асқар Тоқмағамбетов

А.Пушкин атындағы қалалық кітапхананың ең алғашқы оқырманы – қазақтың қырғи тілді ақыны Асқар Тоқмағамбетов. Қырқыншы жылдары елді ағарту саласындағы атқарылған маңызды істің бірі – осы кітапхананың ашылуы. Кеңес Одағының құрамынан шығып, өз алдына отау тігіп, тәуелсіз Қазақстан атанған тұста да осы кітапхананың атын өзгертуге халық атынан ұсыныс та берілген. Бірақ Пушкин – орыстың Абайы. Ал біздің бас ақынымыз Абай Құнанбайұлының ескерткіші Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің алдында тұр. Ресейде Абай жылы, бізде Пушкин жылы да атап өтілді. Міне, екі ел арасындағы рухани байланыстың символындай болған бұл кітапхананың аты осы себептен өзгертілмей қалды.
Бүгінде қорында 107 мың кітап бар бұл руханият орталығына Сырдың ғана емес, қазақтың көрнекті ғалым-ұстаздары жиі бас сұғатын. Қазақ ғылымына тың тақырыптармен түрен салған осындай марғасқалардың іздегенін тапқан кітапхана бүгінде елдің сұранысына сай жұмыс істеуде. Биыл 75 жылдығын атап өтпекші.
– Кітапханашы – шәкірт тәрбиелеп, бала оқытатын мұғаліммен тең. Иә, біз де бала оқытамыз, олардың санасына сәуле шашып, білімді, көзқарасы қалыптасқан, таным көкжиегі кең азамат етіп тәрбиелейміз. Тек оқушыларға ғана емес, ғалымдарға да бағыт-бағдар береміз, – дейді кітапхана меңгерушісі Римма Кенжеева.
Мұнда балаларға еліміздегі мүйізі қарағайдай қаламгерлердің туындылары насихатталып, шығармаларына талдау жүргізіліп отырады. Тіпті жазасын өтеушілерге де қылмыстық атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, кітап апарады. Көшпелі кітапхананың ерекшелігі де сонда, кітапқа қолы жетпейтін оқырманға жағдай жасайды. Орталық алаңда, оқу орындарында, қоғамдық орындарда жұртшылықты кітап оқуға шақыратын мамандардың еңбегі ерен екені даусыз.
– Кітаптың адам өміріндегі маңызы ерекше. Оқыған адам мен оқымаған адамның айырмашылығы жер мен көктей. Кітап оқыған адам көпшілік алдына шығып сөйлеуден қысылмайды, шешендік қабілеті дамиды, сөздік қоры молаяды. Мәдениетті болады. Қай жерде қандай сөз сөйлеу керегін білетін, орынды әрекет ететін тұлға болып қалыптасады. Қырық жылға жуық уақыт шеңберінде мен осы нәрселерге көз жеткіздім. Әрине, оқу керек. «Көзі ашық, көкірегі ояу» деген керемет сөз бар. Осы анықтамаға сай болсақ, қандай жақсы?! – дейді Римма Нарекешқызы.
Кітапхана ішіндегі жанға жайлы атмосфера кітап оқыған жанның жан дүниесін тазарта түсетін тәрізді. Ғимарат ішіне енгеннен бастап мерекелік көңіл-күй сезіледі. Ал мұндайда меңгеруші сөз тауып, «Біз үшін әрбір оқырман – құтты қонақ. Ал қонақты осылай қарсы алу керек» – деді.
Руханияттың ортасы адамды дұрыс бағытқа сілтейді. Кітаптың тәрбие құралы екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.


Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: