Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесу өткізді. Жиынға Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан үкіметтерінің өкілдері, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай мен Қазақстанның салалық министрліктері мен ведомство басшылары қатысты.
Жиын барысында су шаруашылығы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту, Қор қызметінің тиімділігін арттыру және 22 сәуірде Астанада өтетін ұйымға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері талқыланды.
Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы айқындаған Арал теңізін құтқару және трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару басым бағыттардың бірі екенін айтты. Қор отыз жылдан астам уақыт бойы Орталық Азия елдерінің су, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша өзара іс-қимылының негізгі алаңы болып келеді. Кездесуде су ресурстарын есепке алу мен басқаруды цифрландырудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
– Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлуді қамтитын бірыңғай автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу қажет. Цифрландыру су пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтады. Осы арқылы су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны әзірлеуді қолдайтынын білдірді. Бұл құжат су ресурстарын ұтымды пайдалану, трансшекаралық зиянның алдын алу және гидрологиялық ақпарат алмасу қағидаттарын бекітеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы да сөз болды. Бұл бастама жаһандық су проблемаларын шешуге және өңірлік жобаларды іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Кездесу барысында қор жұмысының тиімділігін арттыру, оның құрылымын жетілдіру және қабылданған шешімдердің іске асырылуын қамтамасыз ету үшін Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ алдағы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында негізгі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеудің маңыздылығы айтылды.
Тараптар сындарлы диалогті жалғастыруға, су дипломатиясын дамытуға және Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірлескен шешімдерді іздеуге дайын екендерін растады. Айта кетейік, Қазақстан биыл аталған қорға төрағалық ету мерзімін аяқтайды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!