Достық үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Оған ҚМДБ өкілдері мен аймақ ардагерлері және дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев «Ас беру мәдениеті» тақырыбына тоқталды.
– Біз бүгін ас берудің мәдениеті мен ондағы ысырапшылдық жөнінде ой-пікірімізді ортаға салып, шариғат шеңберіндегі бір бітімге келу үшін жиналып отырмыз. Естеріңізде болса, 2020 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық форумында «Ас беру мәдениеті» құжатын қабылдады. Аталған құжатты парақтай келе маңызды жәйттеріне тоқталғанды жөн көрдім. Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген. Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрып пен рәсім реттелмесе, жыл өткен сайын қиындық күшейе түсуі мүмкін. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдауды назарға алды. Біз бұл құжатты негізге ала отырып, қоғам болып қолдауымыз қажет. Сонда ғана ысырапшылдықты тоқтатқан болар едік, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Мұнан соң сөз алған облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев жаназа мен жерлеу рәсіміне тоқталды.
– Қазіргі таңда жаназа мен жерлеу рәсімінде ысырапшылдық пен шариғатқа сәйкес келмейтін әрекет жиі орын алып жатады. Мұның барлғы Құранның: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Шынында, Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деген қағидасына керағар істерге жатады. Кейбір отбасылар марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды жарысқа айналдырып, үлкен шығынға ұшырайды. Бұл материалдық жағдайы төмен адамдарға ауыр тиіп, кейбір отбасыларды қарызға батыруға дейін жеткізеді. Сондықтан шариғат ысырапшылдықты қатты айыптайды және жаназа мен жерлеу рәсімдерін барынша қарапайым қылып өткізуге шақырады, – деді аймақтың бас имамы.
– Дін өкілінің айтуынша, жаназа және жерлеу рәсімін бірізділікке келтіру мақсатында ҚМДБ «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарып, «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат әдебі» құжатын қабылдаған.
Құжатта көтерілген бірнеше мәселенің бірі – марқұмның қонақасы. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында «Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Оның үстіне мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылманның мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн» делінген.
– Жаназа үстінде ақша, орамал тарату, аталыққа шапан үлестіру үрдісіне де куә болып жүрміз. Көбінесе таратылып жүрген дәке орамалды, сөздің шынын айтқанда ешкім пайдаланбайды. Халық арасындағы үрдісті адамдар орындауға міндеттіміз деп ойлайды. Ендеше біреудің шамасы келіп, енді біреудікі жете бермейтін ондай садақаны жаназа үстінде емес, басқа уақытта да беруге болады, – деді ол.
Бас имам зират көтерудің үкімдеріне де тоқталды. Оның айтуынша, қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі, яғни, құлпытас қоюға рұқсат. Сонымен қатар, зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ. Құлпытаста жерленген адамның толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді.
– Зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Қайтыс болған адамды қабірге қоярда денесіне ешбір артық киім кигізбей, тіршіліктегі сәндік бұйымдардың ешқайсысын өзімен бірге жерлемей, жағасы мен жеңі жоқ, тек ақ матамен ғана қою, яғни күллі мұсылманды бірдей етіп жер қойнына тапсыру тәртібі осы теңдік ұстанымын білдіреді, – деді Дастан Жанасұлы.
Басқосу барысында ас беру мәдениеті мен жаназа, жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру мәселесі жайлы жарыссөзге шыққан облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Қалхазбек Әжібеков, «Нұр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, қоғам қайраткерлері Қорғанбек Қайруллаев, Нәжмадин Мұсабаев, белгілі ақын Мамыр Байдәулетов құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол бермеу, зират басына зәулім ескерткіш, сәнді қоршау салуға болмайтыны және өзге көтерілген мәселеге қатысты пікір білдірді.
Жиынды қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бір ізге салу аса маңызды екенін жеткізіп, арнайы мәтінде үндеу жариялады.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!