Бейсенбі, 09 мамыр, 14:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

450 миллиард жұмсалған көш неге мазасыз?

05.03.2024

426 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Үкімет үн қатты. Дауысын ғаламға тыңдатты. Солтүстікке барып, оң-солын түгендеп, жан-жағын бүтіндейміз дегендердің мәселесі шымбайына тым батты. Иә, «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген-ді. «Оңай олжа тек қақпанда ғана тұрады» дейді қазекем тағы бірде. Әсірелеп, айтып жатқанымыз жоқ. Онда қақпан да жоқ, бақыр тапқан да жоқ. Онда бары кім, әлде не?! Тақырыпқа төтесінен түселік. Оңтүстіктен солтүстікке бет бұрғандардың кейбірі туған өңірлеріне қайта оралып жатыр екен. Тіпті қазір «Солтүстікке көш» деп аталған ұлы жобаның ол жақтағы халықтың көбеюіне сеп болып жатқаны шамалы. Өйткені ондағы халық азайып жатыр. Сонда себеп қайсы, салдар қане?

Күткен нәтижеге

қол жеткізе алмадық

Таяуда ғана Үкімет сағатында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару жайына кеңінен тоқталды. Өйткені ел бойынша халық санағына қарап отырып, бағ­дарлама ойдағы нәтижені бермеді деп түйді ол.

«Еліміздің оңтүстік, батыс аймақтарында және мегаполистерде халық санында айтарлықтай өсім бар. Ал солтүстік аймақтарда керісінше, азаю үрдісі байқалады. Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны күрт төмендеген. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы біз күткен нәтижені бермегенін мойындауымыз керек. Қазір сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының мобилділігін арттыру үшін жаңа ынталандыру шараларын қарастырады деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.

450 миллард теңге жұмсалыпты

Бұл мәселенің Мәжіліс отырысында да кө­теріліп жүргеніне көп болды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса бұл ба­ғыттағы нәтиженің кері кетуіне себеп болып тұрған мәселелерді жіпке тізгендей етіп айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, солтүстіктегі халық саны 31 мыңға азайып кеткен. Ал бұл сан кейінгі бес жылды біріктіре есептегенде, 20 мыңға жетіп отыр. Осы жылдарда «Еңбек», «Серпін» тәрізді солтүстікке бағыттаған мем­лекеттік бағдарламалар аясында 450 миллард теңге жұмсалыпты.

«Сыртқы көші-қонымыз бойынша қандас­тарды елге шақыру квотасы 30 жылда 100 мыңнан 1 мыңға дейін, яғни 100 есе азайған антирекордқа жеткені туралы дабыл да қақ­қанбыз. Бірақ шешілмей жатқан шаруа шаш-етектен. Ішкі көші-қон да оңып тұрған жоқ. Біздің мәліметімізше, 2017 жылдан бері Сол­түстік өңірлер бойынша қоныстандыру бағ­дарламасына шамамен 450 миллиард теңге жұмсалған. Бірақ нәтижесі шамалы. Керісінше, СҚО халқы жылдан-жылға азаюда. 2017 жылы облыста 563 мың халық болса, қазір 532 мың. Көріп отырсыз, тұрғындар саны 31 мың адамға азайып кеткен. 7 жылда СҚО-ға бар болғаны 8 мыңдай адам ғана көшіп барған. Сонда жылына 1 мыңдай ғана адам қоныстанған. Ал бөлінген ақша – 450 млрд теңге! Қайда кеткен сонда бұл қаржы?! Жарты триллион ел қаржысы ғой бұл. 8 мың адамның басына шақсаң, 60 миллиондай ақша ғой бұл.

Көшіп келген 8 мыңның жартысы, 4 мыңы ғана жұмысқа жарамды десек те, өңірде жұмыс жоқ. Тіпті мыңдаған адам, ішінде қандастарымыз да бар, оңтүстік пен өзге өңірлерге қайта көшіп кеткен. Себеп неде? Біріншіден, суығына төтеп беретін дұрыс баспана, жылы үйі жоқ. Екіншіден, табысты жұмыс жоқ болғасын, пұлы жоқ. Ал үшіншіден, сөйлесуге мемлекеттік тілі жоқ. Солтүстікке көшіп барғандардың жағдайы қандай қиын болғанын біз сол жаққа барып та, көріп те білгенбіз», – деді Қ.Иса.

Әрине, Әшімбаев та, Иса да мәселені жай көтеріп отырған жоқ. Оңтүстіктен барғандардың қарасы қалың емес, көңіл қуантпайды. Туған жеріне ту тігуге кері қайтқандары қаншама?! «Қазақстан» ұлттық арнасы таяуда Түркістан облысынан көшіп барған көпбалалы ана Арайлым Елемесовадан сұхбат алды. Ол: «Мал баға­мыз, жұмыс жасаймыз десеңіз, бір жылдық шөбіңіз­ді де өтеп береміз деді. Барғаннан кейін мал алмадым. Мал жоқ болды менде. Бірақ көмі­рімді де беремін деген. Оны да бермеді. Қарызға батып кеттік. Ол жақтың қысы масқара», – дейді әңгімесінде.

Бейнематериалда Дубровный ауы­лының тұрғыны Марат Самсабеков те мәсе­ленің расында шаш етектен екенін жеткізген.

«Полдың бәрі шіріп жатыр уже. Пол астында подушка қойып істелмеген. Жерге тиіп тұр, қара жерге. 5 үй бар, 5 үйдің іші де сондай. Пол шіріп жатыр. Су қыста қатып қалады. Электр күйе береді, өзіміз амалдап істеп жатырмыз, енді не істейміз?», – дейді.

Сырдан да

талай адам көшкен

Қызылорда облысынан да солтүстік өңірге көш артқан отбасылар аз емес. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, кейінгі бес жыл ішінде облыстан 384 отбасы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарына қоныс аударған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын да мәлімет алған едік.

«Аталған отбасылардың құрамында 1053 адам, оның жұмысқа жарамдысы 548 адам. Жұмысқа жарамды 548 адамның 448 немесе 81,7 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды, бұған қоса 24 азамат несие мен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашты. Құрамында 241 мүшесі бар 238 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бағдарлама басталғаннан бері қоныс аударған 8 отбасы 25 мүшесімен отбасылық жағдайына, ауа райының қолайсыздығына, денсаулығына байланысты облысымызға қайтып келген. Бағдарлама шеңберінде қоныс аударуға ниет білдірушілерге тұрғын үйді жалдау, көшу шығыстары, тұрғын үй алуға «Экономикалық мобильділік сертификаты», қосымша жер беру, кәсіппен айналысамын деушілерге мемлекеттік қайтарымсыз грант пен несие қарастырылған», – дейді басқармадағылар.

Әйтсе де, аймақта солтүстікке көшу ниетімен тиісті орынға барып, құжатын дайындағанмен, солтүстікке қоныс аудара алмай жүрген азаматтар да бар. Соның бірі – Ермұрат Аманкелдіұлы.

«Менің қолымда құжаттарым бар. Мен құжат жинап тапсырғалы бес жыл өтті. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына тікелей шыққанда олар «Мамандық сәйкес емес» деп жауап берді. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі, қазіргі Оқу-ағарту министрлігі «Мамандығыңыз сәйкес. Баруыңызға болады» деп хат жазды. Мен қарапайым халықтың қатарында телеарнада айтылған барлық мүмкіндікті пайдаланғым келіп, қолдан келгенімді жасап бақтым. Сенесіз бе, біздің өңірдегі жауапты мекеме тіпті мән беріп те қарамады маған», – дейді ол.

Жағдайды

қалай түзейміз?!

«Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөзді біз шығарған жоқпыз. Әу бастан бар ақиқат – осы. Жиынның санында шек жоқ, бірақ одан шығып жатқан нәтижені көріп жүргендер аз. Солтүстікке көшті сынға алғандар жетіп артылады, әйтсе де мәселені шешу жолдарын ұсынып жатқандар да жоқ емес. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Светлана Жақыпованың сөзіне сүйенсек, алда әрбір келушіні жеке-дара күтіп алып, орнығамын дегенше қасында жүретіндер бекітілмек.

«Солтүстік Қазақстан облысында 48 мың отбасы тұрып жатыр. Ал кері қарай көшіп кеткендер саны – 7900 отбасы. Сонымен жаңа бизнес процестерін сараптап, жаңа бағыт жасап отырмыз. Біріншіден, қоныс аударушы әр отбасына келгенге дейін оларға жәрдемші, жеке көмекші беруіміз керек. Жеке көмекші ол отбасының негізгі әлеуметтік жағдайын біліп отырады. Неше баласы бар, жағдайы қандай? Ол осы жайттарды біліп қана қоймайды, көшіп келген әулетті күтіп алады. Жәрдемшілер, қоныс аударып келген адамдарды мобильдік деректер базасына енгізіп, электрондық қолтаңбасын алып беріп, оларды электронды қызмет түрлерін пайдалануға бейімдеп, күнделікті өмірде көмектесуі керек. Жәрдемшілер балаларды тіркеп, балабақша мен мектепке орналасуға және емханалардың қызметін пайдаланудың жолдарын көрсетіп, көмектеседі. Сондай-ақ біз жаңа заң жобасын әзірлеп қойдық. Мәжіліске ендігі келгенімізде біз сіздерге сол заң жобасымен келеміз. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаға осы уақытқа дейін қанша қаражат жұмсалды, қанша қаражат игерілді, қазіргі уақытта нақты айта алмаймын», – дейді Жақыпова ханым.

Айтпақшы, Мәулен Әшімбаев мұндай мәселеде «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді екенін алға тартқан болатын. Бұл – ауылдық жерлердегі халықтың тұрақтануына көп ықпал ететінін айтты ол. Дей тұрғанмен, Мақсат Толықбайша айтқанда, қаражат мәселесі жыл басында-ақ шешілгенімен, халық­тың қолына күзде тиетін, мал алатын болсаң «Бәкеден, Сәкеден, Мәкеден ғана алуың керек» деп, бағасы аспандағы айға бағыт алған шаруа­шылықтарды нұсқайтын бағдарламаға қазір үміт артатындардың қатары сиреген. Әйткенмен, «үкіметтің бір ойлағаны бар шығар» деп келер күннен үміт күтіп, ауылдағылар отыр.

Солтүстікте елді қайтсек тұрақтандырамыз деген мәселеде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова да өз ойымен бөлісті.

«Ол жерде үлкен жобалар жүргізілуі керек. Жұмыс орындары ашылуы керек. Сонда ғана біз азаматтарды тарта аламыз. Себебі оңтүстік өңірдегі жұмыссыздарды алып, солтүстік өңірден жұмыссыз жасаудан проблема шешілмейді ғой?! Ең негізгі мәселе, экономика жағынан Үкіметпен бұл мәселе жөнінде әріптестерімізбен тағы да ақылдасатын боламыз», – дейді вице-премьер.

Сенат депутаты Айгүл Қапбарова «Кәсіп­керлерге жайлы жағдай жасасақ, ол да сеп болар еді» дейді. Ол мәселені шешуде бірқатар бағытқа басымдық беру керек екенін айтады.

«Біріншіден, елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылар үшін яғни шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өнді­рісін жүргізу үшін мемлекет меншігіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін беру мақ­сатында Жер кодексіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыру. Екіншіден, елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылардың несиесіне 12 ай аралығына дейін кредиттік каникул беру. Сондай-ақ ел ішінде жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тиісті бейімдеу және интеграциялау орталықтарын құру, мұны үш деп қойыңыз. Төртіншіден, экономикалық ұт­қырлық сертификатының мөлшерін қала мен елдімекендегі тұрғын үйлердің нарықтағы баға айырмашылығын ескере отырып белгілеу. Мысалы, Петропавл қаласында 2 бөлмелі пәтердің нарықтағы орташа бағасы – 12 млн теңгеден жоғары. Бесіншіден, сертификаттарды беру мерзімін қоныс аударушылар квотасына енгізілген сәттен бастап 12 айға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру. Оған қоса, шекара маңы, халық саны аз аумақтарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану мүмкіндігін қарас­тыру. Шекара маңы өңірлерінде еңбек өтілін есептеу коэффициентін жоғарылатуды енгізу мәселесін зерделеу. Бұл еңбекке қабілетті аза­маттардың қосымша ағынын тартады. Жетіншіден, солтүстік өңірлерде жылыту маусымы 9 айға созылатындықтан қоныс аудару­шыларға отын мен көмірді сатып алуға жылына бір рет  республикалық бюджеттен 35 АЕК (120 750 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) деңгейінде біржолғы төлемді қарастыру. Сегізінші, өңір­лерде жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерін келешегі жоқ деп танылған ауылдардың тұрғындарына, сондай-ақ баспана кезегінде тұрған азаматтарға беру туралы қағидаларға өзгерістер енгізу», – дейді сенатор.

Халыққа арналған бағдарлама халықтың көңілінен шығу керек

Иә, солтүстікке көштің ел үшін, мемлекет үшін, оның ар жағында ұлт үшін қаншалықты маңызы бар екенін дүйім жұрт біліп отыр. Әйтсе де мұндағы түйгеніміз – мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі. Әйтпесе, пәтерден-пәтер жағалап, бәзбіреудің босағасында телмірген отбасылардың қатары қалың. Олар да өз үйінде шынтақтап жатып, бақыттың рахатын сезінгісі келеді. «Кең байтақ Қазақстанның әр түкпірі – менің туған жерім. Өйткені менің Отаным – тұтастай қазақ жері» дейтін жанның әрбірі мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінуді қаламайды дейсіз бе?! Әрбір мемлекеттік бағдарлама қадамын нық басса, оған елдің де сенімі ұлғаяды. Тек әттеген-ай тұстарымыз көп. Солтүстікке оңтүстік астанадан ат терлетіп барып, көштің жайына қанық боп, сол жерде мәселенің сағасында жүрген Бурахан Дахановтың сөзімен айтсақ, «Бұл жердегі мәселенің барлығы бағдарламаны солтүстікте тұратындардың емес, кабинетте отыратындардың жасағанынан туындап тұр». Ал әрбір жердің табиғи ерекшелігіне баса мән берілсе, бағдарлама әу бастан шешімін табар еді… Халыққа арналған бағдарлама халықтың көңілінен шығу керек.

Айтпақшы, осы мақаланы дайындау бары­сында елдің пікірін білу мақсатында әлеуметтік желіге де жазба қалдырдық. Сан алуан пікір бар. Оның ішінде «Жер жарған жарнамасына алданып барып, сан соғып қалмаңыздар», «Баяғы бюрократия», «Оңтүстіктен барғандар ол жақтың алты ай қысына шыдамай жатыр», «Солтүстікке баруға берген өтінішім жауапсыз қалды» деген сынды пікірлер бар. Әрбір пікірдің астарында бір мәселе жатыр. Сондықтан бұл пікірлерден де нәтиже шығару қажеттігі айқын аңғарылып тұр.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: