Қазақ халқының дәстүрлі танымында «Тазы – ит емес» деген ерекше түсінік бар. Бұл оның тектілігіне, тазалығына және аңшылық қасиетіне байланысты қалыптасқан құрмет. Тазы – қазақтың «Жеті қазынасының» бірі. Оны басқа мал күзететін немесе ауылдағы жай иттермен тең көрмеген. Шариғатта және қазақ салтында итті үйге кіргізуге тыйым салынса да, тазыға рұқсат берілген. Оны төрге шығармаса да, киіз үйдің іргесіне, жылы жерге жатқызған. Көбіне «ит» демей, «Тазы», «Құмай» немесе «Ерін» деп атаған. Аңшылар арасында «Итің қалай?» деп айту әдепсіздік саналып, «Тазың бапты ма?» немесе «Қанжығаң майлансын» деп сөйлескен. Қазақ тазыны саудалап сатпаған, оны тек өте сыйлы адамдарға қалауы ретінде сыйға тартқан. Тазының киесі ұрады деген сенім болған.
Қазақтың кең даласында еркіндік пен табиғаттың үйлесімі қатар өрілген. Сол даланың үнсіз серігі, аңшылықтың ажырамас бөлшегі – тазы. Бұл жануар қазақ үшін жай ғана ит емес, рухани дүниесінің бір бөлшегі, саятшылықтың символы. Қазақ әдебиетінде де тазы бейнесі ерекше сипатталады. Қызылорда өңірінің тұрғыны Манап Берікбайұлы үшін тазы – өткеннің елесі емес, бүгінгі тіршілігінің бір бөлшегі. Ол бұл істі кәсіп деп емес, атадан қалған аманат деп біледі. «Қарадауыл» мен «Үкілімай» есімді тазылар аңшының сенімді досына айналған.
– Атадан қалған дәстүрді отбасымызбен қатты құрметтейміз. Тазыны «ит» деп атамаймыз. Бұл – өте таза жануар. Аңға түскеннен кейін барып қарға жуынады. Талғампаз кез келген нәрсені жей бермейді. Қарны аш болса да аштығын білдірмейді. Бір айлық күшік кезінен бастап тазыға тән белгілері байқала бастағанда оған айқайлап, жекімей үйрету қажет, – дейді ол.
Манап үшін тазы – жануар ғана емес, тірі дәстүр. Оның айтуынша, тазы еркіндікті жақсы көреді. Аңшылық кезінде өз бетінше шешім қабылдап оның жылдамдығы ғана емес, айласы, түйсігі де қатар жұмыс істейді. Тазы баптаушы тазының аң үстіндегі ерекше сәтті былай еске алады.
– Бірде қалың жыңғылдың арасына кіріп, қоян қуып кетті. Бір кезде қыңсылай бастады. Аяғын сындырып алды ма деп ойладым. Сөйтсем, «қоян ұстадым» деп маған көрсетіп отыр екен. Тазымен аңға шығу үшін күнде қар жауу шарт емес. Тазымен аң аулауды «қарасонар» деп те атайды, – дейді ол.
Тазының тек жүйрік аң ғана емес, иесіне есеп беретіндей адал жануар екенін көрсетеді. Ол аңды ұстап қана қоймай, иесіне көрсетуді міндет санағандай әсер қалдырады. Құмай тазының ұлтымыз үшін бағзыдан бағалы екені белгілі. Деректерге сенсек, тазы тұқымы қазақ жерінде 7 мың жыл бұрын пайда болған. Ол кезде оның құны бір үйір жылқыға тең болған көрінеді. Тіпті қыздың қалың малына тазы сұраған оқиғалар да болған екен. Алайда дала заңы қатал екені белгілі. Манап Берікбайұлы сол бір естелігін ауыр күрсініспен еске алады.
– Менің қасқырда кеткен өшім бар. Бірде тазымен қасқыр қуып шыққанбыз. Содан қасқырлар тазыма өштесіп қалған екен. Ізбен келіп, тазымды талап, өлтірді, – дейді ол.
Аңшылық тек қызық емес, қауіп пен тәуекелге толы. Тазы иесімен бірге қауіпке де қарсы тұрар серігі. Тазы баптаудың да өз ерекшелігі жоқ емес.
– Тазыны күнделікті жүгіртіп отырамыз. Бабын жоғалтпау үшін қозғалыс керек. Тазы баптау күнделікті еңбекті талап етеді. Таңертеңгі күтім, дұрыс азықтандыру, жүйелі жаттығу керек. Атқа ертіп, жүгіртіп өкпесін ашып, аяғын қатайтып отырамыз, – дейді тазы баптаушы.
Тазы баптау қар түсерден бір ай бұрын басталады. Жыл сайын дәл бір мезгілде қайырып, баптап үйреткен тазы уақыты келгенде өзі-ақ бабын сақтап, дайындалады. Тазыны әуелі ауыл маңына жүгіртіп, бұлшық еттерін, сіңірін созып жаттықтырады. Күн озған сайын ауылдан алысқа алып шығып, бірге жүгіртіп, жаз бойы қатты жерді көп баспаған табан етін шынықтырады. «Қайыру» жаттығуы кезінде тазыға тамақты денесі суыған соң, яғни бір сағаттан соң береді.
Осылай бір апта немесе 10 күн жүгіртіп, тынысын ашады. Егер де тазы жүгіріп келген соң табаны ысып, өртеніп тұрса бұл жақсы емес. Бұл тазының іш майы әлі кетпеді деген сөз. Ондай жағдайда итті күн аралата жүгіртіп, майын кетіреді. Күн райы тым суық болмаса даланың ағынды суына шомылдырған дұрыс.
Бабы келген тазының бұлшық еті тығыршықтай қатайып, жүні құлпырып, жылтылдап тұрады. Басын тік, кеудесін керіп ұстайды. Аяқ басқанда арқасын кеңге тастап, нық жүреді. Көзінің қарасы елгезектеніп, «тәйт» десеңіз ұшып кетуге әзір, жұтынып, елеңдеп тұрады. Дауысы ашылып, мінезі жайдарыланады. «Жеті қазынаны» азықтандыру да ерекше тәсілді қажет етеді. Манап ата-бабадан келе жатқан әдісті қолданады екен.
– Аңға шығар алдында сары майға жылқының жалын орап жұтқызамыз. Бұл – бұрыннан келе жатқан әдіс. Ішегіндегі артық майды осы арқылы тазалауға болады. Яғни, тазы баптау – тек күтім емес, білім мен тәжірибенің жиынтығы, – дейді ол.
Қазақ аңшылары тазының аң қағу қасиетіне байланысты бірнеше топқа бөлген. Бірі қасқыр алатын тазы. Мұндай тазы жүйірік әрі жүректі келеді. Қасқырды көрген бойда жұлып-тартып, қылғындырып өлтіреді. Екіншісі – шағын тазы. Бұлар қасқырды алқымдап ұстамай тек иесі келіп соғып алғанша алысқа жібермей, діңкелетеді. Кейде мұны аңшылар көмекші, қосалқы тазы деп те атайды. Үшінші топта қоян, түлкі ұстайтын тазылар. Бұл топтағылар әлсіз болғанымен жүйрік келеді. Ал жақсы тазы таңдау – бөлек өнер. «Тазы күшігін інге тудырып, ең бірінші жарыққа шыққанын аламын. Сол мықты болады», – дейді Манап Берікбайұлы.
Саятшылықпен айналысқан халық иттің тек сыртқы түріне емес, оның тумысынан берілген мінезі мен қайратына ерекше мән берген. Ін ішінде туған күшіктердің ішінен алғаш болып жарыққа ұмтылып шыққаны батыл, алғыр, тіршілікке бейім деп есептелген.
Бүгінде тазымен аңға шығу дәстүрі толық жойылып кеткен жоқ. Бірақ бұрынғыдай кең таралмаған. Қала өмірі, заманауи тұрмыс салты бұл өнерді шетке ысырып бара жатқандай. Тазы баптаушының айтуынша, қазіргі жастар бұл іске көп қызыға бермейді. Дегенмен, құмай тазы баптауды жанына серік еткен азаматтардың арқасында осы бір мәдени мұрамыз ұлттық құндылығымыз атадан-балаға сақталып келеді. Кейіпкеріміз Манап Берікбайұлы сияқты тазы баптаушылар барда бұл дәстүр жоғалмайды. Себебі тазы – өткеннің сарқыншағы емес, тірі мұра. Тірі мұраны сақтау – әр ұрпақтың парызы.
Думан КЕҢШЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!