Барлық адам қоғаммен тығыз байланысты өмір сүретіні анық. Күнделікті өмірде және жұмыс барысында, тіпті отбасылық дағдыда да қарым-қатынас құралы тіл екені анық. Адам ағзасының ішінде сүйексізі тіл болса да, оны дұрыс қолдансаң ғана дұрыс өмір сүресің. Бұрыс қолдансаң, біреудің жанын жосып өткендей сөз айтуың мүмкін. Сондықтан да қазақ «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп жөн айтқан.
Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Сөйлесең жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген. Қазір қоғамдық ортада балағат сөзді орынсыз қолданушылар бар. Бұл – адамның ар-намысына, ұятына нұқсан келтіру. Хадиске сүйенсек, «Мұсылман тілімен де, іс-әрекетімен де ешкімге зиян келтірмейді». Пайғамбар өсиетінде мұсылман үшін мұсылманның малы, ары, жаны харам делінген. Яғни біреудің жанын ауыртатындай, намысына тиетіндей немесе балағат сөз айтып табалап, қарғап-сілеуге болмайды.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға иман еткен кісі – міншіл емес, қарғап-сілеуші емес, жаман жүрісті емес, былапыт, балағат сөзді емес», – деді (Тирмизи). Біз бұл хадистен өзін мұсылман санайтын адамның бойында осындай жағымсыз нашар мінез-құлық не әрекеті болса онан арылуы тиіс екенін ұғамыз.
Тағы бір хадисте: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Алла Тағаланың былапыт сөз айтатын кісіге ашуы келеді», – делінген (Нәсаи).
Алла Тағала бізге әрбір ағзаны өзіндік қызметін дұрыс атқару үшін нәсіп етті. Тілдің негізгі міндеті – Алланы ұлықтау, мадақтау, әрі жақсы сөз сөйлеу. Қазақ халқы «Жақсы сөз – жарым ырыс» деу арқылы жақсы сөз сөйлеу керегін айтқан. Сахаба Муғаз бин Жәбәл: «Уа, Алланың Елшісі! Сөйлеген сөзіміздің барлығына жауап береміз бе?», – дейді. Сонда хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с): «Адамдардың мұрындарымен жер сүзіп, тозақта азапталуының басты себебі, осы – тілдің кесірі», – деп жауап берген. Сондықтан, абайлап сөйлеу – ақылдылықтың, имандылықтың белгісі. Жүсіп Баласағұн:
«Ақыл-ойдың көркі – тіл,
Тілдің көркі – сөз», – деп, адамның парасат-пайымы тіл арқылы байқалатынын айтқан. Ал Асан қайғы:
«Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады», – деп жырлаған.
Сондықтан таза ой, мінсіз асыл сөзді дұрыс ақыл иесі ғана орнымен қолданады.
Мұстафа БИСЕН,
қалалық Құддыс ишан мешітінің
бас имамы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!