Бейсенбі, 13 маусым, 09:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Алаш қозғалысы және кеңестік саяси қуғын-сүргін

28.05.2024

297 0

Сурет:inbusiness.kz

Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, кезінде Ресей қол астындағы түріктер ішінен саяси партиялардың ең радикалы болған «Алаш» сияқты демократиялық партияның қағидаттарын Алашорда да, Түркістан Мұқтарияты да берік ұстанды. Егер патшалық биліктен құтылған Ресей демократиялық федерация бола қойғанда бұл жаңа тұрпатты мемлекеттер ары қарай өмір сүре беретін еді. Бірақ жағдай олай болмады. Билік басына келген кеңестік жүйеге партия бағдарламасындағы «Демократия мағынасы – мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі… Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді» деген нақты мәселелер ұнамады. Содан пролетариат диктатурасын орнатуды мақсат еткен, кедейді байлыққа жеткізудің орнына байларды дүниесінен, малжанынан айырған саяси жүйесі бөлек кеңес өкіметі ұлттық мүдделерді көздейтін Түркістан үкіметін қанға бояп, Алашорданы күшпен таратты.

Рас, 1919 жылы жаңа өкімет халық алдында бедел жинау мақсатында Алашорда қайраткерлеріне кешірім жасады. Бірақ бұл уақытша айла болатын. Себебі большевиктер өз саясатын халық мүддесіне бағыттай алмады, қоғамды тапқа бөлу жалғасып, еріксіз ұжымдастыру батыл жүргізіле бастады. Елде ашаршылық белең алды. Ал өз сөзімен айтқанда, мұндай «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметті» Алаш қозғалысының басты жетекшісі Әлихан Бөкейхан қабылдай алмай, кеңестік шындықпен бетпе-бет келіп, қарсы пікір айтқаны үшін ол «буржуазиялық ұлтшыл» атанып, қудаланды. Ұлттық намысты жоғалтқан, жалған, қызғаншақ белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын көрді. Әлихан Бөкейханның зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады, Мәскеуге жер аударылды. Он жылдай өзінің пәтерінде «үй тұтқынында» болған 71 жастағы Әлихан Бөкейхан 1937 жылдың 27 қыркүйегінде КСРО Жоғары Сотының Әскери Коллегиясы Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық күресті ұйымдастырды, Қазақстан мен Мәскеудегі террористік орталықтардың басшыларымен байланыс жасады деген жалған айып тағумен қайтадан тұтқындап, өлім жазасына кесіліп, атылды. Сөйтіп, «Алаш» партиясын құрушы, тұңғыш «Алашорда» үкіметінің басшысы, ұлт көсемі өзінің туған халқының бостандығы жолында құрбан болды.

Ал Алаш қозғалысының келесі жетекшісі А.Байтұрсынұлы 1919 жылғы «кешірімнен» соң жаңа құрылысқа қызмет етуге бел байлап, ашық саяси күресті кейінге қойып, «автономия», «тәуелсіздік» сияқты кешегі ұғымдарды ашық пайдаланбай, өзі өмір сүрген, артта қалған қоғамда азаттықтың әлеуметтік негізі халықтың рухани дүниесін байытуға, ұлттың санасын оятуға бұрып, алуан түрлі жауапты мемлекеттік істерге араласады. Халық ағарту комиссары, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі лауазымдарын атқара жүріп, Қазақстанда автономиялық мемлекет құру, жаңа әлеуметтік қатынастар орнату ісіне зор үлес қосады. Алайда қазақ мемлекетін тәуелсіздік сипатта көргісі келген ой оның бір сәт жадыдан шыққан емес. Сондықтан да Қазан төңкерісі қазақ халқына не берді деген мәселе 1919 жылы 3 тамызда Мәскеуде Ұлт істері комиссариатының органы «Жизнь национальностей» газетінде «Төңкеріс және қазақтар» (Революция и киргизы) деген мақаласының басты нысаны болды. Алаш партиясы мен большевизмнің төңкеріске көзқарасын сарапқа салған автор «Ақылға салайықшы, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?» деп сұрақ қойып, былайша жазды: «Большевиктер қазақ қайраткерлерінің қызметін заңсыз деп тауып, әрқайсысының басын алғанға 25 мың рубльге дейін ақша тағайындады. Алашорда Орталық өкіметпен тікелей байланысқа шығып, келіссөз жүргізбек болды. Жобаға жауап болмады. Ол жоба Кеңес өкіметі жариялаған «Ресей халықтарының хұқы» Декларациясының шеңберінде жасалған еді. Біз әрі қарай не істерімізді білмедік». Бұдан ары А.Байтұрсынұлы қазақтардың Ақпан өзгерісін зор қуанышпен, ал Қазан төңкерісін зор қорқынышпен қарсы алғанын, алғашқының қуанышты болатын себебі ол халықты патшалық езгі мен зорлықтан құтқарған, екіншісінің түсініксіз болатындығын дәлелдеу оп-оңай екенін, қазақта капитализм де, таптық жіктеліс те, жекеменшік те болмағанын айта келе, теория жүзіндегі социализм мен коммунизм туралы біз ойлаған емеспіз деп жазды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1920-шы жылдың 17 мамырында В.И.Ленинге хат жолдап, онда большевиктердің революция нәтижесінде орнатқан озбырлық пен қорқытуға негізделген пролетариат диктатурасын, қазақтың ұлттық этнопсихологиясына жат коммунистік идеологияны танып-білуі мен толық қабылдауы қиын болғанын жазды. Қырғыз (Қазақ) ревкомы құрылғалы бері 10 ай өткенімен еш нәрсе істелінбегенін айта отырып, Қырғыз өлкесін басқарудың басшылығына қойылған Орталық өкілінің айқын көзқарасы болмағанын, соның салдарынан Орталық пен халық өкілдері арасында өзара сенім болған жоқ деп атап көрсетті. Одан ары қазақтарды ғасырлар бойы тонап, езгіге салып келген орыс ұлтының пролетариаты өзін патша шенеуніктерінің орнын басып, езілген халықтардың мойнына мінгісі келетін коммунистер өздерін ұлтқа бөлмейтін, әлсіздерді езушілер емес, қайта езілгендерді азат етушілер екенін дәлелдеулері керек деген еді. Хат қорытындысында Ахмет Байтұрсынұлы Ресей құрамындағы қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін жоғалтпай, қазақты мәңгүрттенуден аман алып қалудың, қазақ мемлекетінің саяси сипаты қандай болуының нақты жолдарын ұсынды. Міне, кеңестік жүйеге қызмет еткенімен негізгі ой-мақсаты осындай болған Ахмет Байтұрсынұлы алғаш рет 1929 жылы жалған айыппен тұтқындалып, Архангельск облысына жер аударылады. Бірақ 5 жылдан кейін М. Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкованың араласуымен мерзімінен бұрын босатылды. Бірақ 1937 жылғы 8 қазанда тағы қамауға алынып, атылып кетті. Осылай «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, қазақ ғылымының алғашқы ұйымдастырушысы, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін өлшеусіз тер төккен ұлтымыздың ұлы ұстазы А. Байтұрсынұлы кеңестік солақай саясаттың құрбаны болды.

Бірінші және екінші бүкілқазақтардың съездерін ұйымдастыруда үлкен рөл атқарған, Алаш автономиясының құрылғанынан бастап ақырына дейінгі басылым төңірегіндегі қайғы-қасіретін түгел көрген Міржақып Дулатұлы да кешірімнен кейін жаңа қоғамның мәдени-ағарту жұмыстарына белсене араласады. Ол бұл салада бар күш-жігерін аямай, өз мақалаларында қазақ аулындағы түбірлі өзгерістерге тұрақты назар аударып отырды. Алайда осындай шығармашылық кемел кезінде, мәдениет саласындағы белсенді қызмет үстінде ұлтшыл қайраткер сол кездегі Сталин – Голощекиндердің солақай саясатының ықпалымен 1928 жылы тұтқынға алынады. 1929 жылғы қаңтар айында айдауда жүріп жазған «Ұрпаққа хат» атты аманатын оқи отырып, қазақ халқының соңғы ғасырлардағы отаршылдық саясатының зардаптарын қысқаша көз алдыңнан өткізуге болады. Бұл хат Міржақып Дулатұлының болмысын тануда да ерекше рөл атқарады. «Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулесі жарық жолға ұмтылсам – ұлтыммен қосыла ұмтылып бағамын» деп халқының жан-күйін, қан жылап жүрген қайғылы халін жүрекпен сезіп, асқақ мүддесін ту еткен автор саналы ғұмырын өзі шексіз сүйген ұлтына, қазақ халқына арнады. 1930 жылы әуелі ату жазасына кесіліп, ол үкім 10 жылдық абақтымен ауыстырылды, алайда 1935 жылы 5 қазанда Ақтеңіз – Балтық каналының бойындағы Сосновец бекетінде «Түркістан түркілерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірі саналған» Міржақып Дулатұлы елуге де толмай ауыр науқастан қайтыс болады.

Кеңес үкіметі Түркістан Мұқтариятын құлатып, ұстап бергенге 1000 сом уәде етілген соң Мұстафа Шоқай түрлі қиындықтармен Францияға жетіп, өмірінің 20 жылдан астамын Парижде өткізді. Өзінің саяси қызметі мен шығармашылық жұмысын осында жалғастыра, күшейте түсті. Әуелгі қарқында-ақ кешегі Ресейдің уақытша үкіметінің басшылары болған, ендігі эмигранттар А.Ф. Керенский мен П.Н.Милюковтың «Дни» және «Последние новости» газеттерінде 150- дей мақала жариялады. Бұл материалдарға негіз болған кеңестік Қазақстанның ақпарат құралдарында жарық көрген шынайы шындықтар болатын. Бұл Кеңес көсеміне жетпей қалмады. 1925 жыл 29 мамырында И.В. Сталин «ақгвардияшыл баспасөзге мәлім Шоқай» туралы РК(б) П Қырғыз (қазақ) өлкелiккомитетiнiң Бюро мүшелерiне хат жолдады. Онда: «Бiз – өкiметтi жастардың саяси және идеологиялық тәрбиесін партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл майдан толығымен және еш қалдықсыз коммунистерде қалуы қажет. Олай болмаған жағдайда шоқайшылардың жеңiсі Қырғызстанда (Қазақстанда – С.И.) болуы әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» деп жазылған еді.

Осыдан кейін эмиграциядағы Алаштың ардақтысына сатқын, керітөңкерісшіл, панисламист, пантуркист т.б. толып жатқан айып тағылды. Бұрын басталған Кеңес үкіметінің Мұстафа Шоқайға қарсы бар саяси һәм идеологиялық әрекеттері күшейтіле түсті. Өзімен шектелмей, оның әулетіне, онымен кездескендерді де, хат алысқандарды «халық жауы» атап көздерін жою жаңа қарқын алды. 1925 және 1927 жылдары Мұстафамен жолыққан халқымыздың аса талантты перзенті Әміре Қашаубаевтың тағдырлары өздеріңізге белгілі.

Мұстафа Шоқай 1917 жылы Ташкентте жүргенде-ақ өз тағдыры белгілі, ауылдағы әулеттің қамын ойлап, әкесінің туған інісі Қалмұхамедтің баласы, еті тірі Мырзекені шақырып алып, «замана ағымы өзгеріп барады, мына аумалы-төкпелі аласапыран заманда бір-біріңнен көз жазып қалмаңдар, саясат сендерге қол емес, одан өздеріңді аулақ ұстаңдар, мен болсам да қиын жолға о бастан бас тіккен адаммын, сендерге менен қайран жоқ, өз шаруаларыңа ықтият болыңдар» деп кеңес берген екен. Содан Шоқай ұрпақтарының көпшілігі шаруамен айналысып, саясаттан аулақ болыпты.

Кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргінді тануда Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасындағы туыстарынан алған, оның ішінде туған інісі Мұртазадан алған хаттарының орны бөлек. Бұл хаттар, біріншіден, Мұстафа Шоқайдың еліне деген ерекше сағынышын танытады. Осы сағынышын бір сәт басуға аз да болса жәрдем ететін хат-хабар алдырмауға кеңестік қыспақ барын салды. Сонда да туған інісі Мұртазаның бірнеше хатты біздерге де жеткен еді. Ол хаттар мазмұны арада хабарласудың кем болмағанын көрсетеді, бірақ олардың көбісі белгілі себептермен біздерге жетпеген. Мысалы, Мұстафаның інісіне жазған хаттарының біреуі де қолымызда жоқ.

 Мұртазаның бізге жеткен 1923-1924 жылдары жазылған төрт хатының мазмұнынан екі ағайын арасындағы туыстық сезімді байқаумен бірге ел ішіндегі шаруашылықтың ауыр жағдайын да, Мұстафа Шоқайға байланысты саяси жайды да анық байқауға болады. 1924 жылғы 16 қаңтарда жазған «Дұғай сәлем Мұстафа ағайға» деп басталатын соңғы хатында Мұртаза ағасының 4 қыркүйек, 3 қазан, 6 желтоқсанда жазғандарын алғанын, соңғысында ағасының «неге хат жазбайсың?» деген сөзінің жанына жаман батқанын айта келіп, өзінің жұмыстағы жағдаймен екі ай қамауда отырып шыққанын, соның себебінен еккен егіннен өнім ала алмағанын хабарлайды. Осы хатта «Еш туысқаннан жақындық көріп жүрген жоқпын» деген жолдар бар. Бұл кезде Мұстафа ағайындары Кеңестің қырына түгел алынған болатын, сол себепті олар ол өскен шаңырақтан аулақ болуға тырысты. Бұл хаттардың аяғы Мұртаза Шоқайұлының тағдырын де шешті. Ол «халық жауы» аталып, 1937 жылдың 1 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі істер Халық комиссариаты басқармасы «үштігінің» қаулысы бойынша ату жазасына кесіліп, 1938 жылы атылды. Негізгі кінәсі ағасынан хат алып тұрғандығы болды.

Кеңес үкіметі тіпті Нұртазаның баласы Мадиярды да қудалады. Ол Қызылорда қаласының іргесіндегі «Кооператив» елді мекеніндегі қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін. «Халық жауының» баласы қалай мұғалім болып істейді деген мазмұндағы хаттар тиісті органдарға қайта-қайта түсе бергеннен соң ол Оңтүстік Қазақстанға көшіп кетуге мәжбүр болды. Онда да қудалау жалғасып, мұғалімдікті қойып, қара жұмыс істейді. Тіпті өзіне-өзі қол салып, асылып өлейін деп жатқанын байқап қалған жолдастары оны ажал құрығынан құтқарып қалады. Сонымен, тағдырдың төтенше соққысына ұшырап, жоғары білімді оқытушы алпысқа толар-толмас шағында қайтыс болады.

Осыларды жаза келіп, кешегі кеңестік заманның 30-жылдары елімізде неге саяси қуғын-сүргін болды деген мәселеге қатысты бірер ойды білдіре кетсек дейміз. Бар мәселе мемлекеттің саяси жүйесіне байланысты болды. Тек коммунистік партияның, оның бірінші басшысының үстемдігіне негізделген, табиғатында қайшылықты тоталитарлық жүйе болған социализм қоғамды таптарға ғана бөліп қойған жоқ, оның бірін екіншіге қарсы қойды. Кедейді бай етудің орнына байды кедей етіп, кедейлердің байларды жоюын мұрат еткізді. Саясат пен идеологияда «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген атаулар үстемдік құрды. Сонымен қатар халық арасында сирек болса да кездесіп қалатын озықты көре алмаушылық, қызғаншақтық сияқты фактілерді тиісті органдар тиімді пайдаланды. Әйтпесе бір өзі бір мемлекеттің жұмысын атқарған Темірбек Жүргеновті әкесінің бай болғанына байланысты «халық жауы» деп қатардан кетіргенге сену қиын.

Ол кездегі көп оқиғаларды адам ақылына, адамзат қоғамы сипатына сиғызу мүмкін емес. Бір мысал келтірейік. Қызылорда облыстық партия комитеті Саяси ағарту үйінің кешкі марксизм-ленинизм университетінің көп жыл директоры болған Александр Иннокентьевич Коренчнко атты ақсақал бірде 1937 жылы «халық жауы» аталып түрмеге қамалғанын айтып еді. Түрме қызметкерлері әртүрлі әрекет жасаса да, ол еш нәрсені мойындамайды. Ең соңында арнаулы камераға әкеліп, қабырғаға тақап қойып, пистолетпен басының төбе жағына атады, көнбейді, басының оң жағына атады, көнбейді, үшінші рет басының сол жағынан атқанда есінен танып, құлап түседі. Үстіне мұздай су құйып, есін жиғызады. Бірақ мойындау жоқ. Сонымен оны бірер күннен кейін шығарады. Ал өзі қайда барарын білмей, сырттағы бір ағашқа сүйеніп ұйықтап кетеді. «Қанша ұйықтағаным есімде жоқ, оянғанымда қайдан келгенім, қайда тұрғаным ептеп есіме түсе бастады» деді. Ақсақал сонымен бірге лагерде небір азаматтардың қинауға шыдас бермей, өздерінің Кеңес үкіметіне ойдан шығарған «опасыздықтарынан» түрлі мысал келтіріп, бірақ оларды жаза алмай отырғанын, тергеушілер соларды қағазға түсірсе, тез қол қойып беретінін айтып жалынғандарын, өздеріне көрсетілген азаптан тезірек өмірден озғанын қалағанын айтқан болатын. Бұл – кешегі кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннің шындығы.

Біз кешегі тәуелсіздіктің отыз жылында тоталитарлық жүйемен «туыстас» болған авторитарлық басқару тарихымыздың азалы жылдардағы қуғын-сүргіннің ақиқатын ашуға барғызбады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдаумен, 1997 жылдан бастап 31 мамыр саяси қуғынсүргін құрбандарын еске алу күні деумен шектелдік. Тіпті ол жылдары өткеннің кейбір көріністері елес бермей қалмады. Қанды оқиғаларға жол бердік. Еліміздің белгілі азаматтарын түрмеге тықтық, олардың көрнектілерін мезгілсіз о дүниеге аттандырдық.

Тарихымыздағы аса бір қайғылы жылдарға енді ғана тиісті көңіл бөле бастадық. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойды. Жарлықтың екінші тарауында: «Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау болып табылады» деп жазылды. Мемлекеттік комиссия құрылып, оның нәтижелері халық назарына ұсынылмақшы. Бұл фактор «Жаңа, әділетті Қазақстан» деген идеяның нақты көрінісі боларына дау жоқ. Ал 1986 жылғы Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғаларының, тәуелсіздік жылдарындағы заңнан тыс жасалынған саяси әрекеттердің шындығын алдағы уақытта барынша ашу бұл идеяларды күшейтіп, айқындай түсер еді.

Алаш қозғалысы жетекшілері артына мол мұра қалдырды. Өкініштісі, көңіл бөлмей келдік. Тіпті «аталарым хандар қазаққа қарыз болып кетіп еді, мен солардың қарызын өтеймін» деген және сөзінде тұрған, ұлтымыздың шынайы көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО арнайы атап өту туралы шешім жасағанда сол кездегі Үкімет басшысы республикалық телеарнадан бізде оны өткізуге қаржы жоқ деп мәлімдеді. Бұдан артық тарихымызды қорлау қоғамымызда бұрын-соңды болған емес.

Сөз соңында өткеніміздің тарихи шындықтарын аша отырып, Алаш жетекшілерінің мол мұрасын игермей, оны бойымызға рухани күш етпей, бүгінгі Тәуелсіздік талаптарын парасаттылықпен пайымдап, жүзеге асырмай, замана ұсынып отырған саяси-әлеуметтік қағидатты мәселелерді өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдамай, толыққанды тәуелсіз ел де, еркін елдің саналы азаматтары да бола алмаймыз десек, артық көрмеңіздер.

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры.

 саяси ғылымдарының докторы, Мұстафа Шоқай ҒО ғылыми жетекшісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: