Денсаулық сақтау министрлігі балалардың жаз мезгіліндегі денсаулығын сақтауға бағытталған жыл сайынғы «Салауатты жаз» профилактикалық науқанының басталғанын жариялады, – деп хабарлайды KAZINFORM
Бағдарлама бүкіл жаз маусымын қамтиды және медициналық тексерулерді, ағартушылық акцияларды, мектеп медицина қызметкерлерін оқытуды және басқа да іс-шараларды қамтиды.
Науқанның шеңберінде өңірлер мен ауылдық елді мекендерге құрамында педиатрлар, офтальмологтар, стоматологтар, хирургтер және өзге де мамандар жұмыс істейтін жылжымалы медициналық кешендер жіберіледі. Сондай-ақ негізгі кезеңде тексеруден өтпеген балалар үшін қосымша тексерулер ұйымдастырылып, медициналық ұйымдарда тұрақты түрде «Ашық есік күндері» мен «Денсаулығыңды тексер» акциялары өткізіледі.
Созылмалы аурулары бар балаларға ерекше назар аударылады. «Салауатты жаз» бағдарламасы шеңберінде олар қажетті сауықтыру шараларымен және медициналық бақылаумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, бағдарлама шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мектеп жанындағы және жазғы лагерьлерде кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Ата-аналар мен балаларға инфекциялық аурулардың алдын алу, қауіпсіздік және психоэмоционалдық денсаулық мәселелері бойынша жадынамалар, бейнероликтер мен инфографикалар қолжетімді болады.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі денсаулыққа пайдалы ету үшін науқанға белсенді қатысуға шақырады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
