Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Seven Rivers Technologies» ЖШС директоры Ануар Үмбетаевпен кездесті. Онда аймақта шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кейінгі төрт жылда аймаққа 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Алдағы уақытта құны 1 трлн теңге болатын 14 ірі инвестициялық бастама қолға алынады.
«Жаңа өндіріс орындарын ашу – өңір экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Солардың қатарында шыны ыдыстар шығаратын зауыт құрылысы бар. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, импортты алмастыруға және қайта өңдеу саласын дамытуға серпін береді. Әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі»,– деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, аталған зауыт құрылысына қатысты келіссөздер 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. Астана қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен өткен «Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
«Seven Rivers Technologies» серіктестігінің шыны ыдыстар шығаратын зауытының жалпы құны – 60 млрд теңге, инвесторы – Германияның «Medal holding» компаниясы, бас мердігері – «Horn» компаниясы. Кәсіпорында жылына 240 млн дана шыны ыдыс өндіру жоспарлануда. Нысанды 2027 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру көзделген.
Өндіріске мемлекеттік қолдау көрсетіліп, Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі берілген. Сонымен қатар, «Жанплес-3» кен орнынан кварц құмын өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы ұсынылған.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыру мақсатында екінші кезеңге қажетті құжаттар топтамасы тапсырылған.
Зауыт іске қосылғаннан кейін республика көлемінде жиналатын шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жоғары сапалы өнім өндіру және импортты алмастыру мүмкіндігі артады. Сонымен қатар өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті күшейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
