Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Балалар контенті: Қызық пен шыжық

10.12.2024

229 0

Сурет: www.peck.edu.hk

Әлеуметтік желі өміріміздің маңызды бөлігіне айналды. Бұл тек ересектер үшін ғана емес, балалар үшін де өзекті мәселе. Әлеуметтік медианың балалар үшін тартымдылығы көптеген мүмкіндікпен байланысты, мысалы, жақындарымен және достарымен қарымқатынас орнату, аудио және видео файлдарды жүктеу, хабар алмасу, сондайақ әртүрлі ақпаратты іздеу және тұтыну. Электронды құрылғыларды пайдалану және мультимедиалық контенттің бала дамуына әсерін анықтау маңызды. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы ақпараттықкоммуникациялық технологияларды пайдаланатын 6-15 жас аралығындағы балалардың үлесі 89,5% құрады. Қазақстандағы балалардың интернетті пайдалануы бойынша ҚР Оқуағарту министрлігі мен ЮНИСЕФ бірлесіп жүргізген «Kazakhstan Kids Online» ауқымды зерттеуі балалардың интернетті пайдалану барысында елеулі қауіпқатерлерді анықтады. 2024 жылғы зерттеу нәтижесіне сүйенсек, балалардың 5%-ы әлеуметтік желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие.

Расымен, мектеп жасына дейінгі балалар ғаламторды жиі пайдаланады. Оған көбіне ата-аналары себепші. Баланы тамақтандыру кезінде немесе көңілін көтеру үшін қолына смартфон ұстатып, бей-берекет жібере салады. Мектеп жасына дейінгі балалардың гаджетті қолдануы, түрлі қауіпті цифрлы контентті қарауы ата-аналардың осы технологияны баласының белсенді пайдалануына ықпал жасауына байланысты. Зерттеу көрсеткендей, бұл 6 жасқа дейінгі балаларға қатысты, өйткені олар гаджетті қолдану туралы өз бетімен шешім қабылдай алмайды және тәжірибесі жоқ, сол себепті жиі қауіпті сілтемелерге басып, зиян контент көреді. Қазақстандық психологтардың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін еліміздегі балалардың цифрлы контентті тұтынуын зерттеу қажеттілігі артып келеді.

Цифрлы медиа сұранысқа ие

«Wunder Digital» агенттігінің 2022 жылғы халықаралық есебі бойынша, қазақстандық балалар арасында «Instagram» әлеуметтік желісі жақсы танымал. Бүгінде жиі пайдаланатын платформалар арасында «TikTok» көш ба­сында. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген «Қазақстандағы балаларға арнал­ған контентті зерттеу» тақырыбындағы талда­малық баяндаманың мәліметтері бойынша балалардың оқуға, музыка тыңдауға, теле­дидар мен онлайн бейнелерді көруге, ойын ойнауға, сондай-ақ аудиокітаптар, подкасттар, виртуалды шынайылық, ақылды динамиктер және смарт сағаттар сияқты жаңа медиаға қызығушылығы жоғары. «Балаларға арналған мультимедиалық өнімдерге контент-талдау» тақырыбындағы баяндамаға сүйенсек, балалар көбінесе елде тіркелген аккаунттардың кон­тентіне қызығушылық танытады. Одан кейінгі орында Оңтүстік Корея келеді, мұнда балаларды осы елдің әртістері мен актерлері қызықтырады. Бұл корейлік «Халлю» толқы­нының танымал болуына байланысты. Үшінші орында Ресейде тіркелген парақшалар тұр. Зерттеу көрсеткендей, жас қазақстандық­тар ресейлік жас блогерлер мен әншілердің аккаунт­тарына жиі жазылады. Қазақстанда жүр­гізілген зерттеу нәтижелері бойынша балалар негізінен ойын-сауық контентіне басымдық беретіні анықталған. Бұл бала­лардың «YouTube»-ті ойын-сауық үшін бел­сенді түрде пайдаланатынын көрсетеді. Де­генмен сұраныстағы контенттің едәуір бөлігі білім беру сипатында. «YouTube» контентін талдау нәтижелері көрсеткендей, балаларға арналған отандық контент негізінен ойын-сауық сипатында болғанымен, білім беру тақырыбындағы бейнероликтер де бар. Білім беру мазмұны бар арналар мектеп оқушы­ларына бағытталған. Осы арналарда сабақтар, ҰБТ-ға немесе мамандандырылған мектептерге дайындалуға арналған үлгілік тесттер, сондай-ақ үй тапсырмалары, БЖБ және ТЖБ талдаулары бар арналар кіреді. Мұндай контент елімізде негізінен 12-17 жас аралығындағы оқушыларға арналған. Кон­тенттің жүйелілігі арнаның танымалдығына тікелей әсер етеді. Бұл тренд, түрлі-түсті роликтер, ойын-сауық және музыкалық жанр­лар арқасында балалар арасында қолдау тауып отыр. Балалар контентті рефлексивті түрде таңдайды, яғни бейненің өзгеру жиілігі мен өлеңіне, ырғағына мән береді және жиі айтылған мәтіннің мәнін түсінбей қарайды. Контентті таңдау балалардың цифрлық ортаға жоғары қызығушылығын және ойын-сауықпен қатар білім мен дамуға ықпал ететін сапалы және қауіпсіз контентті ұсыну қажеттілігін көрсетеді. Ата-аналардың айтуынша, балалар ересектерге арналған контентті жиі көріп, кейіннен тұйықталып немесе агрессивті болып кетеді. Кейбір жағдайларда көру уақытына шектеу қою да көмектеспейді, өйткені балалар ата-ананың бұл баптауларын айналып өтуді үйренген. Сондықтан балаларға сапалы, әрі білім беретін контент ұсыну өте маңызды. Баланың болашағы үшін саналы түрде таңдалған, әрі олардың дамуына ықпал ететін мазмұнды контентті қамтамасыз ету үшін ата-аналар мен платформалар бірігіп жұмыс істеуі қажет. Білім беру контентінің көбеюі балаларға тек ойын-сауық емес, сонымен қатар оларды жаңа біліммен байыта алатын мүмкіндіктерді де ұсынады.

Елімізде балалар контентінің дамуына үлес қосып жүрген  алғашқы отандық теле­арна – «Balapan» арнасы. 3–12 жас аралығын­дағы балаларға арналған бұл телеарна мульт­фильмдер, танымдық бағдарламалар және фильмдер көрсетіп келеді. Арнаның басты мақсаты – балалардың таным көкжиегін арттыру. «Balapan» қазақ тіліндегі контентті ұсыну арқылы балалардың тілді меңгеру деңгейін көтеруге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосуда. Телеарна төл мәдениет пен салт-дәстүрді заманауи әдіс­термен балаларға түсіндіру жолында отандық контент жасап келеді. Телеарна түрлі отандық мультфильмдерді көрсетіп, балаларға ұлттық құндылықтарды сіңіруде. Мультфильмдердің ішінде «Ертемір», «Айдар», «Аралар от­басы» «Тоқты мен Серке», «Жібек» сияқты балалардың жүрегін жаулаған туындылар ерекше орын алады. Сонымен қатар «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаялар да қазақ балаларының батырлық пен қайсарлықты бейнелеген кейіпкерлерін қызығып көреді. Балалардың көңілінен шыға­тын кейіпкерлер мен оқиғаларды қамти­тын «Balapan» контенті балалардың жан-жақты дамуына үлес қосып келетіні рас. Мысалы, «Ер Төстік», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» сияқты мультфильмдер қазақ­тың батырлық эпостарын жаңа форматта ұсы­нып келеді. Телеарна ұсынатын контент бала­лардың ана тілін үйренуіне, тарихи және мәдени танымын кеңейтуге және ұлттық құнды­лықтарды бойларына сіңіруге үлкен үлес қосуда.

Тағы бір мысал, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен «Qalan.kz» жобасының қаражаты есебінен шығарылатын «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналы. Журнал мектеп оқушылары арасында математика мен ғылымды зерттеуге бағытталған. Журналдың бас редакторы танымал математик Асқар Жұмаділдаев.

– «Балалық шағымызда біз «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Ғылым және еңбек» сияқты бірнеше журналға жазылдық. Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 мыңнан астам газет-журнал шығады, бірақ олар­дың арасында балаларға арналған ғылым туралы журнал немесе газет жоқ. Осындай басылымдардың арқасында менде ғылымға деген қызығушылық оянды, сон­дықтан менің арманым осындай журнал шығару болды, – дейді Асқар Жұмаділдаев журнал тұсаукесерінде.

Қазақ тілінде шыққан ғылыми-танымдық журналда «Ұлы тұлғалар», «Ғылым қазығы», «Тісбасар», «Маман бол», «Қатені тап» және басқа қызықты айдарлар арқылы қалың оқырман назарын аударуда.

Жауапкершілік жүгі бар

Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов балаларға арналған мемлекеттік тілдегі контентті көбейту мақса­тында бюджеттен 350 миллион теңгеден астам қаражат қазақша мультфильмдер жасауға бөлінетінін мәлімдеген еді.

– Қазақ тілінде мультфильмдер өте аз, ал «YouTube» сияқты платформаларда жоқтың қасы. Бұл бүгінгі күннің үлкен проблемасы, себебі балалар теледидардан гөрі интернет пен «YouTube»-ті жақсы көреді. Балалар «Көгілдір трактор», «Маша мен аю» сияқты мультфильмдерді көрумен шектелмей, қазақ тіліндегі сапалы әрі қызықты мультфильмдерді көру керек. Осы мақсатта келесі жылдың бюджет жобасын қарау барысында қазақ тілінде мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және оларды тек теледидарға ғана емес, міндетті түрде жүктеп салуды қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Интернетте, соның ішінде «YouTube» қазақ тіліндегі қызықты контентке қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – дейді Асхат Аймағамбетов Телеграм арнасында.

Балаларға арналған сапалы контент жасау қазіргі ақпараттық қоғамда өте маңызды. Балалардың интернетте өткізетін уақыты күн санап артып келеді, сондықтан оларға сапалы және пайдалы отандық контент қажет. Осындай контенттің басты мақсаты – балалардың білімін арттыру, ой-өрісін дамыту және жалпы мәдениетті қалыптастыру. Балаларға арналған контенттің сапасы олардың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан контент жасаушылар балалардың жас ерекшеліктерін ескере оты­рып, бала үшін қызықты әрі пайдалы мате­риалдар дайындауы қажет.

Балаңыз интернеттен не қарайды? Ата-ана ретінде ойланып көрсеңіз. Әлеуметтік желіде балалар көретін контенттің сапасы қаншалықты, қазақ тілді контент балалар көңілінен шыға ма? Байқасаңыз, шетелдік контентке қызыққан бала мән-мағынасыз бейнероликтерді қайта-қайта көріп жатады. Мәселен, 2-5 жастағы балалар сүйіп көретін «Baby Shark» видеосы «YouTube» платформасында 15 миллиард қаралымнан асты. Екінші қаралымы жоғары видеолар қатарында «Маша мен Аю» мультхикаясы. Балаларға арналған мультхикая әлемнің барлық тіліне аударылып, платформадағы миллиард қаралымынан асатын «YouTube» арналардың көш басында. Ресейлік мульти­пликаторлар жасаған мультхикая желісі қазақстандық балалардың сүйікті контенті. Сонда отандық контентті дамытуға не кедер­гі бар деген сұрақ туындайды. «Narxoz» университетінің аға лекторы, «Креативті индустрия» бойынша білім беру бағдарлама­сының басшысы, 3D анимация мен мульти­пликация маманы, «Dansai Academy» негізін қалаушысы Бағлан Төлебай айтуынша, сапалы мультипликациялық контент жасау үшін үлкен қаражат пен білікті мамандар қажеттілігі бар екенін айтады.

– Елімізде балалар контентін дамыту үшін көптеген мүмкіндік бар. Елімізде мульти­пликация немесе балалар контентіне тап­сырыс беретіндер бұл оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат министрліктері, ұлт­тық кино орталығы, «Балапан» телеарнасы және басқа да коммерциялық емес ұйымдар. Мультипликация қаржы талап етеді. Себебі мультфильм жасау үлкен процесс. Мысалы, «Маша мен Аю» сияқты мультфильмдер түсіру барысы күрделі. Жалпы мультфильмді түсірген кезде екі негізгі мәселе бар. Бі­ріншісі – мазмұны, екіншісі – техникалық жабдықтау. Балаларға арналған контент білім беру функциясын орындауы тиіс. Білім беру контенті балаларға жаңа мәліметтерді оңай әрі қызықты түрде үйренуге көмектесу керек. Өкінішке қарай, қазақстандық контент кейде сапа жағынан жетпей қалады. Мультхикаяның беретін мағынасы көбінесе жеткіліксіз. Мы­салы, шетелдік «Рик және Морти» мульт­фильмі сапа жағынан жоғары болмаса да, сценарийі өте қызықты, сол үшін балалар оны қызыға көреді. Осындай мультфильмдер түсіру үшін бірінші кезекте өзіміздің болмысымызды анықтауымыз керек. Біреуді көшіріп, біреуден бір нәрсені алу қажет емес, өзіміздің жеке ұлттық стилімізді анықтауымыз керек. Соның негізінде ғана қызықты мультфильмдер жасай аламыз. Тағы бір мәселе – баланың психо­логиясын түсіну керек. Мысалы, шетелдік «Nickelodeon» және «Cartoon Network» сияқ­ты арналарда балалардың психо­логиясын зерт­тейтін психологтар отырады. Олар тек мульти­пликаторлар мен режиссерлер ғана емес, балалардың психологиясын түсі­нетін консультанттар да бар. Яғни баланың қалауын ескере отырып, қызықты контент қалып­тастырады, – дейді Бағлан Төлебай.

Расымен, балаларға арналған контент жасау – маңызды және жауапты іс. Балаларға сапалы білім беру, ой-өрісті дамыту және мәдениетті қалыптастыру арқылы біз бола­шақ ұрпақтың білімі мен мәдениетінің негі­зін қалауымыз қажет. Сондықтан контент жасаушылар балалардың қызығушылығы мен қажеттіліктерін ескеріп, сапалы материал­дар дайындауға барынша назар аударуы тиіс. Балаларға арналған контенттің басты талаптарының бірі – оның қауіпсіздігі. Кон­тент жасаушылар балаларға арналған мате­риалдардың мазмұнын қатаң бақылауға алып, оларды зиян және қауіпті ақпараттардан қорғауы тиіс. Сонымен қатар контент бала­лардың жас ерекшеліктеріне сай болуы керек, яғни әртүрлі жас топтарына арналған арнайы материалдар дайындау маңызды.

Қауіпсіздік – бірінші орында

«Касперский зертханасының» мәліметі бойын­ша, Қазақстандағы ата-аналардың 21%-ы 4 жасқа толған балаларына жеке гаджет сатып алады. Алайда үлкендер жағы балаларға киберқауіп­сіз­діктің негізгі ережелерін түсін­дірмейді. Бұл өте маңызды, себебі осы саладағы білімнің жеткі­ліксіздігі балалар мен олардың ата-аналарының қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

– Зерттеуге сүйенсек, Қазақстандағы ата-аналардың 9%-ы баласының интернетті дұрыс пайдаланбау салдарынан ақшасынан айырылған, – дейді «Касперский зертхана­сының» мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі менеджері Қайыржан Абдрахманов.

Түрлі контентті қарау баланың дамуына ай­тар­лық­тай әсер етеді. 2023 жылы жүргізілген зерттеу­ге сәйкес, 5-тен 12 жасқа дейінгі балалардың 70%-ы үнемі әлеуметтік желіде отырады. Сарап­шы­лар айтуынша, жасына лайық емес бейнероликтер­ді қарау бала пси­хикасы мен мінез-құлқына теріс әсер етуі мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, теледидарды немесе интернетті көп көретін балалар когини­тивті дамуда және оқуда қиындықтарға тап болуы мүм­кін. Мы­салы, күніне 2 сағат­тан ар­тық теледидар көре­тін балалар мек­теп­те оқуда қиын­дықтарға тап болу ықтимал­ды­ғы 30%-ға жоға­ры. Сарапшылар медиакон­­тент бала­лардың эмо­­ционал­ды жағдайына әсер етуі мүм­­кін екенін атап өтті. Мысалы, зор­лық-зом­былық пен қатыгездік көріністе­рін кө­ретін балалар алаң­даушылық пен қорқыныш­ты жиі сезінуі мүмкін. Алайда барлық медиа-контент теріс емес. Кейбір зерттеулер дұрыс таңдалған контент балалардың сыни ойлауын және шы­ғармашылығын дамытуға ықпал ететінін көр­сетеді. Сондықтан бала­лардың қандай контент көретінін қадағалап, медиа-кон­тентті қарау уақытын шектеу маңызды.

– Күн сайын балалар интернетке кіріп, достарымен сөйлеседі, видео мен фильмдер көреді, онлайн ойындар ойнайды және білім алу үшін интернетті пайдаланады. Интернет балаларға жаңа мүмкіндіктер ұсынады: оқып-үйрену, қарым-қатынас жасау және бөлісу. Алайда егер балаға интернеттегі мінез-құлық ережелерін түсіндірмесе, ол қауіптермен бетпе-бет келуі мүмкін – мысалы, фишингтік сіл­темеге өту немесе зорлық-зомбылық пен қуда­лаудың құрбаны болу. Сондықтан ата-аналар мен мұғалімдер балаларға интернетті қауіпсіз пайдалану негіздерін үйретудің маңызы зор, – дей­ді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің міндетін атқарушы Летисия Баззии-Вейл «bluescreen.kz» агенттігіне берген сұхбатында.

Пайдасы мен зияны

Мультимедиалық контент балалардың өмі­рінің ажырамас бөлігіне айналғаны рас. Бұл балалардың білім алуы мен жаңа ақпаратты игеруіне, дамуына әсері үлкен. С.Лапин атын­дағы №261 орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Ақбота Қожабайдың айтуынша, мультимедиалық контент балалардың білімін арттыруға мол ықпал етіп, видеолар мен ойын­дар балалардың жаңа ақпараттарды қызықты және тиімді түрде үйренуіне мүмкіндік береді.

– Әртүрлі медиа құралдар мысалы, инте­рактивті бағдарламалар, геймификация эле­менттері баланың оқуға деген қызығу­шылығын арттырып, оқушылар­дың сабаққа белсенді қа­тысуын қамтама­сыз етеді. Бұл әсі­ресе бала­лар­дың сабаққа ынтасын ояту­ға көмектеседі. Мы­са­лы, гра­фика­лық дизайн, видеомон­таж, мульти­медия­лық жо­баларды жасау – мұның барлығы сабақ ба­рысында практикалық қолданбалы білім­дер мен дағ­ды­лар­ды дамы­­туға ықпал ете­ді. Цифрлық тех­ноло­гия­лар арқылы оқу­­шылардың білім дең­гейін тексеру жеңілдейді. Сондай-ақ медиа кон­тент қа­шықтан оқыту мен онлайн сабақтарды қы­зықты ұйым­дастыруға мүмкін­дік береді. Бұл әсі­ресе пандемия ке­зінде немесе түрлі жағ­дайларға байланысты қа­­шықтан оқыту кезінде маңызды болды, бірақ бұл жүйені білім беру сапасын арттыру үшін де қолдануға болады. Цифрлық технологиялар мен медиа контенттің сабақта қол­данылуы оқу­шылардың бі­лім алу процесін едәуір жақсартады. Олар ақ­паратты жылдам әрі түсінікті түр­де жеткізуге, оқу­шы­­лардың қызы­­ғу­­шылығын арт­­­ты­ру­ға, прак­­­тикалық дағ­­дылар­ды дамы­ту­ға көмек­теседі. Де­генмен бұл құрал­дар­ды дұрыс әрі тиімді пайдалан­лып, негізгі білім беру әдістерінің орнын алмас­тыруы тиіс, – дейді Ақбота Қожабай.

Американдық ғалымдардың айтуынша, мультимедиалық кон­тент балалардың тілдік қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Аудио және видео материалдар арқылы балалар жаңа сөздер мен сөйлемдерді оңай меңгеріп, сөйлеу және жазу дағдыларын жақсартады. Сонымен қатар мультимедиалық контент балалардың шы­ғармашылық қабілеттерін дамытуға септі­гін тигізеді. Анимациялар, интерактивті ойын­дар және басқа визуалды құралдар балалар­дың қиялын дамытып, шығармашылық ойлау қабі­летін арттырады.

Мультимедиалық контент әлеуметтік және эмоционалдық дамуға ықпал етеді. Бала­­лар­ға арналған мультфильмдер мен бейне­роликтер оларды әртүрлі әлеуметтік жағ­дай­ларда дұрыс әрекет етуге үйретеді және эмоция­ларын түсінуге көмектеседі. Сонымен қатар мультимедиалық контент балалардың когнитив­тік қабілеттерін да­мытуға ықпал етеді. Логикалық ойындар мен тапсырмалар бала­лар­дың ойлау қабілеттерін, зейіндерін және есте сақтау қабілеттерін жақсартады.

Алайда мультимедиалық контенттің жа­ғымсыз әсерлері де бар. Мысалы, бала­лардың экран алдында көп уақыт өткізуі олардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Көздің шаршауы, ұйқының бұзылуы және физикалық белсенділіктің төмендеуі сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Сонымен қатар кейбір мультимедиалық контенттерде агрессия, зорлық-зомбылық және теріс мінез-құлықтарды насихаттайтын элементтер болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мен тәр­­биешілер балалардың қандай контентті тұты­натынын қадағалап отыруы тиіс.

Қорыта келе, балаларға арналған контентті таңдау кезінде ата-аналар мен тәрбиешілерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Балалардың дамуын қолдау үшін оларға тек сапалы білім беретін және қауіпсіз контентті ұсыну керек. Сонымен қатар балалардың экран алдында өткізетін уақытын реттеп, оларға физикалық және әлеуметтік белсенділікке уақыт бөлуге мүмкіндік беру маңызды.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: