Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 00:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы сарапшысы:Халыққа ақшаны тиімді жұмсауды үйретті

24.12.2024

144 0

Қазіргі кезде қоғамдағы әлеуметтік мәселені шешу үшін «қаржылық мәдениет» қалыптастыру қажет. Осы мақсатта «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынғаны белгілі.  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі  және «AMANAТ» партиясы бірлесіп жасаған жоба жыл аяқталар сәтте биылғы жұмысын қорытындылады. Жоба аясында биыл 780 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттырған. Ал Сыр өңірінен бұл жобаға 8 мың адам қамтылады деп жоспарланса, жыл ішінде қаржылай сауатты болуға ынталылар көбейе түсіпті. Соның нәтижесінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өңірде 11,2 мың адам қаржылық білімін жетілдірген. Жыл бойы жүзеге асқан жоба биылғы жұмысын қортындылаған сәтте «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша  қаржы сарапшысы Балдырған Мәменмен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақ­сатына тоқталып өтсеңіз…  

– Елімізде «Қарызсыз қоғам» кең ауқымды әлеуметтік жобасы жүзеге асуда. Жоба­ның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылы­ғын арттыруға және несиелік жүктемені азайтуға бағытталған. Біз осы мақсатта ауқымды жұмыс атқардық. Жобаға қатысқан азаматтарға қаржылық сауаттылықты үйретудің бірнеше бағыты бар. Соның ішінде бюджетті қалай жүргізу керек, жоспарды қалай құру керек? Жалпы халық табысының деңгейі қандай? Егер отбасына тапқан табыс жетпейтін болса, себебі неде? Оның экономикаға тікелей қандай байланысы бар? Осы бағыттарды зерттеп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта несие алу кезінде алаяқтық өршіп тұр. Алаяқтарға алданып қалмау жолдарын көрсетеміз. Сонымен қатар банкроттыққа қалай өтініш беруге болатынын жіті түсіндіреміз. Одан бөлек, қаржылық капиталды қалай инвестиция­ға айналдыруға бола­тынын, кәсіпкерлікпен айналысу үшін демеу болар бағдарламалар туралы ақпарат береміз. Жоба аясында мемлекеттік бағдаламаларды да түсіндіреміз. Құжат жинауға көмектесеміз.

– Қаржылай сауатты болу үшін не істеу керек? 

– Қаржылай сауатты болу үшін ең бірінші қадам – кірісің мен шығысыңды тұрақты есептеу. Кіріс пен шығысты тұрақты жазып отырып, шығысыңның кіріс шығыс көлемі асып кетпеуін қадағалау. Шығысын жазбаған адам қалай десек те қаржылық сауаттың келесі кезеңіне өтуі қиындау. Себебі әрбір адам отбасылық бюджет көлемін білмейінше, өзінің табыс көлемін анықтай алмайды. Қаржыны тиімді басқару, негізгі мақсаттарға бөліп, жұмсай білу қаржылай сауатты болудың алғашқы баспалдағы.

– Халықты қаржылық сауаттандыруды мақ­сат еткен жоба жұмысы да аяқталды. Нәтижесі бар ма?

– Жобаның алғашқы күні сынай қарайтындар болады. Ал бесінші күні бізбен қимай қоштасады. Жобаға қатысқандарға сертификат бір-ақ рет бері­леді. «Сертификат қажет емес» деп бірнеше рет қатысқан азаматтар да бар. Олар – қаржылық сауатын одан әрі жетілдіруге ұмтылғандар. Бұл жобаның халыққа пайдасы тиіп жатыр деп айта аламын. Халық қазір алаяқтықтың түрлі тәсілдері көбейіп кеткенін түсінді. Қаржы пирамидаларына арналған құралды қолданып жатқандар бар. Біздің сабақтың нәтиже­сінде қаржылық мақсат құрып, әр түрлі көздер арқылы ақша жинап жатқан қарапайым адамдар бар. Осы жобаға қатысқан адамдарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алу жолдарын айтып, құжат жинауға да көмектестік. Биыл екі азамат мемлекеттік бағдарлама аясында үйлі болды. Бірі – көпбалалы ана. Екіншісі – мүм­кіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы. Олар бірнеше жыл бұрын кезекке тұрған. Байқауға қатысуға жол сілтеп, олардың баспаналы болуына септігіміз тиді. Осындай нәтижелерді көрген кезде шынымен-ақ жобаның пайдасы бар екенін сезінеміз. Жалпы, Қызылорда облысында бес сарапшы маман жұмыс істеуде. Оларда да жақсы нәтиже бар.

– Қаржылық сауаттылық дегенді шын мәнінде қарапайым адамдар түсіне ме?

– Қаржыны дұрыс басқара алмағаннан мәселе туындайды. Жалпы, несиені алып оны жабу үшін де сауатты болу керек. Қаржылық сауаттылық – қоғам талабы. Әрбір адам қаржылық тұрғыдан сауатты болып, өзіне зиян тигізетін және шығын келтіретін жайттардан сақтану қажет. Сондықтан да «Қарызсыз қоғам» жобасы таптырмас мүмкіндік. Әр адам қазіргі уақытта қаржылай сауатты болуы тиіс.

– Жоба халықтың өмір сүру сапасын жақ­сартуға көмектесе ала ма?

– Дәл осы жобадан кейін халықтың өмір сүру сапасы жақсарып кетеді деп айту артықтау болар. Халықтың өмір сүру сапасы жақсару үшін жан-жақтан қолдау тетіктері керек. Білім, біліктілік және соған сәйкес жұмыс деген секілді. Бірақ бұл жоба табысыңыздың қайда кететінін және оны қалай үнемдеу керегіне жол көрсетеді.  Қаржыны дұрыс басқару деген байып кету деген сөз емес. Ең бастысы, ақшаны дұрыс жұмсай білуге үйрену. Яғни алдағы уақытта жобаның өміршең екендігін түсінеміз. 

– Жас ұрпақтың қаржылық сауатын қалай арттыруға болады?

– Биылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында қаржылай сауатты тек он сегіз жастан асқан азаматтар емес, мектеп жасынан бастап, одан бөлек студенттерге үйрету туралы шешім қабыл­данды. Аймақтағы кейбір мектептерде арнайы факуль­тативтік пән ретінде енгізілді. Қазіргі уақытта сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігін жетілдіріп, кезек-кезеңімен оқытуда.

– Бір жыл ішінде қандай ой түйдіңіз. Ауыл адамдарының өмір сүруі қандай деңгейде?

– Бір жыл көлемінде Қазалы, Қармақшы, Сырда­рия аудандарында болдым. Халықтың өмір сүру деңгейіне қатысты көңіл-күйді түсіретін жағдайлар да кездесті. Тұрғындардың табыс деңгейінің аз екенін көріп жүрміз. Ауыл адамдарында жұмыс көзінің, әр түрлі мүмкіндіктердің жоқтығы байқалды. Сондықтан әрбір адам қаржылық сауатты болу қажет. Қолдан келетін кез келген істі дамытудың түрлі жолдарын қарастыру керек. Яғни, өмір сүру деңгейін өзгертуге әрбір азаматтың өзі ұмтылған жөн болар еді. Негізі еңбек етемін дегенге мемлекеттік бағдарламалар, қолдау тетіктері бар. Алайда сол туралы нақты ақпарат ауыл халқына дұрыс жетпейді деп ойлаймын. Егер барлық мүмкіндікті қолдана білсе, өмір сүру сапасын жақсартуға болады. Қаржылық сауаттылықты артыру ауыл тұрғындары үшін аса маңызды.

Балдырған Мәмен, «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы сарапшысы:Халыққа ақшаны тиімді жұмсауды үйретті

– Көбінесе аудан, ауылдарды аралап жүрге­ніңізді білеміз. Ауыл халқы бұл жобаның негізгі мақсатын түсіне алды деп ойлайсыз ба? Көп адам сертификат алу үшін қатысқан жоқ па?

– Биыл 2300 азаматты оқытып, сертификат бердім. Қатысқан азаматтардың ішкі миссиясына, қабылдаған шешімдеріне қатысты айта алмаймын. Сертификатты қандай мақсатта қолданғысы келеді, ол адамның  өз еркінде. Тек сертификат үшін қатысты деп те сөге алмаймыз. Қазіргі алған сертификаты өмір сүру сапасын арттыруға көмектесе алса, онда жоба расымен де көздеген мақсатына жетті. Бірақ жобаға қатысқаннан кейін азаматтардың басым бөлігінде өзгеріс болып жатқанын көзбен көріп отырмыз. Қарапайым адамдар қаржылық жоспар құрып, өз мақсатына ақша жинауды бастап кеткенін айтып жатады. Одан бөлек, қарыз алмауға тырысуда. Мұның барлығы жобаның арқасында жеткен нәтиже деп айта аламын. 

– Сарапшы маман ретінде оқырмандарға қаржыны басқару, қарыз алмау жөнінде кеңес айтып өтсеңіз…

– Жалпы азаматтарға айтатыным, қаржылық сауат­тылық – қай кезеңде болсын үнемі бізге керек білім.  Дәл қазіргі кезеңде қаржылық сауаттылық өте маңызды. Оқырмандарға айтар ең бірінші кеңесім: Ең болмаса  шығындарды  есептеп бастаңыз. Қайда, қалай жұмсағаныңызды жазып жүріңіз. Шығынды есептеу арқылы қаржылық сауаттылықтың алғашқы баспалдығынан өтесіз. Бір-екі рет жазып үйренсеңіз, қалыптасып, әрі қарай қызығушылық пайда болады. Сол арқылы қаржыны қалай басқару қажеттігін үйренесіз. Қаржылай сауатты болу үшін оқып, үйреніп және әдетке айналдыру керек. Бұл да білім алудың бір түрі. Ал әртүрлі бағытта білім алу ешқашан кеш емес. Яғни, сіз қаржылық тұрғыдан сауатты боласыз. Осы орайда, «AMANAТ» партиясына және жобаны қолдаған қаржы институттарына алғыс айтқым келеді. Бұл жоба халыққа қажет. 

 – Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан 

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: