Биыл Қызылорда қаласы үшін тарихи жыл. Себебі қазақ елінің астанасы болғанына және ұлт атауы қасиетті өңірде қайтарылғанына, Ақмешіттің Қызылорда атанғанына ғасыр толып отыр. Мұнан бөлек, келер жылы Ұлттық құрылтайдың V отырысы Сыр өңірінің бас шаһарында өтетіні белгілі. Бүгінде Қызылорда қаласы құрылысы қарқын алған, қалалар дамуының көш басынан көрінген, тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз, жайлы шаһар қатарынан көріне бастады. Тақтайдай тегіс жолдар, зәулім ғимараттар, айнадай тазалық – Қызылорда қаласына қатысты айтылатын теңеу. Ұлт руханиятының ордасы болған, қазақ зиялыларының табаны тиген қаланың мәдени-рухани деңгейі турасында қала әкімінің орынбасары Бақытжан Омаровпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бақытжан Бауыржанұлы, туған жерге еңбек етуге келгеніңіз бірінші рет емес. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарғаныңызды білеміз. Бұл жолы жауапкершілік жүгі ауыр қызмет тізгінін қолға алдыңыз. Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының идеологиясын жүргізу оңай шаруа емес екені белгілі. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл менің туған топырағыма қызмет ету жолындағы кезекті қадамым. Бұған дейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы ретінде белгілі бір тәжірибе жинақтадым. Енді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде қала деңгейіндегі идеологиялық жұмыстарды үйлестіру – үлкен жауапкершілік. Қаланың мәдениеті мен рухани әлеуеті өте терең, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Жұмысты, ең алдымен, жағдаймен толық танысудан бастадым. Қаланың әлеуметтік саласын құрайтын мәдениет, білім, қоғамдық даму, спорт, жұмыспен қамту және жастар ісі бағытындағы мекемелердің жұмысымен егжей-тегжейлі танысып шықтым. Әріптестермен және қоғам белсенділерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадым. Себебі идеология – тек жоғарыдан түсетін тапсырмамен ғана емес, елдің, халықтың көңіл-күйімен, санасымен, талап-тілегімен тығыз байланысты сала.
Сондай-ақ қала тұрғындарына рухани серпін беретін, патриоттық сезімді күшейтетін жаңа жобаларды пысықтаудамыз. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар легін жоспарлаудамыз. Басты мақсат – қаланың дамуымен қатар, қоғамдық келісімді, рухани тұтастықты, азаматтық белсенділікті күшейту.
– Басшылық қызметке келген әрбір азаматтан қоғам жаңа бастама, жаңа леп күтетіні анық. Жаңаруға ұмтылған Қызылорданың бас шаһары жаңа идеологты қат–қабат шаруамен күтіп алды десек артық айтқандық емес. Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл, келер жылы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Сыр өңірінде өтетіні белгілі. Бұл орайда қандай жаңа бастама, жаңа жобалар жүзеге асады?
– Иә, келе сала өзіңіз айтқандай қат-қабат шаруаға араласып кеттік. Оның үстіне әр азаматтың кіндік қаны тамған жеріне маңдайының тері де сіңу керек деген қағидамен іс бастаған жайымыз бар. Расында, Қызылорда қаласына артылған сенім де, жүктелген міндет те үлкен. Биыл – тарихи тұрғыдан аса маңызды жыл. Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толып отыр. Бұл – еліміздің тарихындағы елеулі кезең. Сондықтан мерейтойды мазмұнды атап өту – біздің азаматтық әрі қызметтік парызымыз.
Аталған мерекелік датаға байланысты қала көлемінде бірнеше бағытта жүйелі жұмыс басталды. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуын ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрамы жасақталып, Қызылорда қаласының астана болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толуын мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жұмыс тобының құрамында белгілі тарихшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Қазірдің өзінде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен тарихи сана мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілуде. Оның ішінде көрмелер, ғылыми конференциялар, деректі фильмдер, танымдық экспедициялар, архивтік құжаттар негізінде дайындалған көрмелер мен басылымдар бар.
Ғасыр жүгін көтерген мерейтойды атап өту Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіндегі «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» театрландырылған қойылымымен бастау алды. Ізінше сәуір айында дәстүрлі «Көктем нұры» респуликалық оқушылар айтысы, жастардың қатысуымен қаладағы көне тарихи ғимараттарға танымдық экскурсиясы, «Қызылорданың астаналық кезеңі» тақырыбында дөңгелек үстел, мамыр айында Алаштың ақтаңгер ақындарының басын қосқан «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» республикалық айтысы, архив қоры құжаттарынан «Ғасырлық тарихтың куәсі – қазыналы мекен», «Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда» тақырыптарында жылжымалы көрмесі, сондай-ақ «Ғасыр сөйлейді…» тарихи-танымдық шарасы, маусым айында «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы секілді мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қала тарихы туралы ақпараттар кеңінен насихатталуда.
Мерейтой аясында шаһар тарихынан сыр шертетін материалдар «Қазақ атауы қайтарылған күн», «Тарихы терең Қызылорда» тақырыптарында жергілікті телеарналардан көрсетіліп, газеттер мен ақпараттық сайттарда, әлеуметтік желілерде мақалалар легі жариялануда.
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі V отырысын Сыр бойында, бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынғаны белгілі.
Ұлттық құрылтайдың Сыр өңірінде өтуі – біз үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Бұл – елдік мәселелер талқыланатын, ұлттық бағыттар айқындалатын маңызды алаң. Осы орайда, Қызылорда қаласы ұлт руханияты мен тарихын, салт-дәстүрін көрсете алатын орталыққа айналуы тиіс. Біз қазіргі таңда құрылтай қарсаңында ұлттық мәдениеттің мәйегін танытатын бірқатар жобалар әзірлеудеміз.
Жалпы, жаңа жобалардағы басты назар – мазмұн мен маңызда. Мақсатымыз – Сыр елінің бай тарихын, рухани болмысын бүгінгі ұрпаққа дұрыс жеткізу, ал жастарға өз тамырын тануға мүмкіндік беру.
Аймақта ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Ұлттық құрылтай: Алдағы мақсаттар мен міндеттер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын 2026 жылы Сыр өңірінде өткізудің маңыздылығын атап өтіп, «алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатқанын, бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз», – деді.
Қазірдің өзінде құрылтайға дайындық жұмыстары басталып кетті. Негізгі жұмыстар орталық атқарушы органдармен бірге ұйымдастырылатын болады. Әзірге жергілікті әкімдік тарапынан қаланың инфрақұрылымын жақсарту, сәулеттік келбетін жаңғырту, туристік индустрияны дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ Қызылорда қаласының келбетін жаңғырту бағытында урбанистік жобалар қолға алынуда. Қалаға келген қонақтар мен тұрғындар тарихты сезіне алатындай символдық нысандар мен шағын сәулет мүсіндері бой көтереді. Жақында өткен «Қазақстан ұлттық урбан 2025 – Қызылорда» форумы қаланы дамытуға жаңа серпін беретінін айтуға болады.
– Қала әкімінің орынбасары ретінде өзіңіз басшылық ететін саланың жай–жапсарымен танысып–білісіп, мәселесі болса көзбен көрген боларсыз. Не түйдіңіз?
– Иә, қызметке келген күннен бастап өзіме қарасты саланың жұмысымен таныстым. Әрсаланың өзіндік ерекшелігі, жетістігі мен шешімін күтетін мәселелері бар.
Ең алдымен байқағаным, бұл бағыттарда бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі кадрлар бар, оларға қолдау көрсетіп, жүйелі үйлестіру мен жаңа форматтағы жұмыс тәсілдерін енгізу қажет. Мысалы, мәдениет саласында шығармашылық ұжымдардың әлеуеті жоғары, бірақ оларды заманауи тәсілдермен халыққа жақындату, цифрландыру, сапалы контент қалыптастыру қажет.
Мәдениет ошақтары, кітапхана мен музейді аралап танысу барысында жақсы жетістіктерін, шешуді қажет ететін мәселелерін зерделеп шықтық. Қазір сол мәселелердің түйінін тарқату жолдарын қарастырып жатырмыз.
Қоғамдық даму саласында ақпараттық қауіпсіздік, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтық қоғам институттарымен әріптестік маңызды. Бұл бағытта қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдармен диалогты күшейту керек деп есептеймін.
Жалпы түйгенім – әлеует бар, ниет бар, енді сол әлеуетті нақты нәтижеге жеткізетін жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан біз қазір әр бағыт бойынша нақты жоспар жасап, қысқа, орта және ұзақ мерзімді міндеттерді айқындаудамыз. Ең бастысы – қала халқына пайдалы, елдің сенімін ақтайтын тірлік атқару.
– Бүгінгі қаланың келбеті өзгерді. Зәулім үйлер, тақтайдай жолдар, әдемі ғимараттар. Бір сөзбен айтқанда, қалада қарқынды даму бар. Ал қаланың рухани даму жағы қалай?
– Дұрыс айтасыз, Қызылорда қаласы соңғы жылдары үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Инфрақұрылым жақсарды, жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтерді, жолдар жөнделіп, абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Бірақ дамудың өлшемі тек бетон мен құрылыс емес, ең бастысы, рухани іргетастың беріктігі.
Қаланың рухани дамуы – менің тікелей бақылауымдағы негізгі бағыттардың бірі. Қазіргі таңда бұл салада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезекте – тарихи сананы жаңғырту.
Қызылорда – қазақтың алғашқы астанасы, тұңғыш ұлттық театр ашылған, алғашқы газет шыққан, тұңғыш кәсіби білім ошақтары қалыптасқан рухани орталық. Біз осы тарихи ерекшеліктерді насихаттау бағытында жобалар легін іске асырып жатырмыз.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, «Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Қызылорда қаласының тарихы музейі» коммуналдық қазыналық мемлекеттік кәсіпорны, «Қызылорда қаласының Жастар театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, сондай-ақ қалаға қарасты кент және ауылдық округтарде 12 мәдени нысан жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Мәдениет ошақтарында – театр, филармония, мұражайлар мен кітапханаларда халыққа қолжетімді, мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда. Жас өнерпаздарға қолдау көрсету, шығармашылық клубтар ашу, ұмыт болған ұлттық өнер түрлерін жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Бұдан бөлек, «Ұлттың жаңа болмысы», «Ұлы Дала мұрасы» секілді ірі жобалар аясында бірқатар іс-шаралар өтті және алдағы уақытта да жалғасын табады. Қалаға қарасты клубтарда жыл басынан бері 600-ден астам мәдени шара өтіп, 152 425 көрерменді қамтыған.
Сондай-ақ аймақ басшысының қолдауымен өз алдына отау тіккен қалалық Жастар театрының шетелдерге гастролдік сапарын ұйымдастыру, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сырлы саз» этно-фольклорлық ансамблін Чехияда өтетін фольклорлық ансамбльдер фестиваліне қатыстыру мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді.
Тағы бір маңызды бағыт – тіл мен ділдің мәселесі. Мемлекеттік тілді дамыту, ана тілімізді отбасы мен қоғамда кеңінен қолдану мәдениетін қалыптастыру бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Жастар арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру, әдеби орталар мен пікірталас клубтарын қалыптастыру – басты мақсатымыздың бірі.
Біз қала тұрғындарының рухани дүниесін байыту арқылы мәдениетті, саналы, азаматтық жауапкершілігі жоғары жаңа ұрпақ тәрбиелеуге бет бұрдық. Себебі кез келген өркениетті қоғам ең алдымен руханиятпен өлшенеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейе түседі.
– Қабылдауыңызға келген тұрғындар сізге қандай мәселемен келеді?
– Қала әкімінің орынбасары ретінде тұрғындармен жүйелі түрде жүздесіп, жеке қабылдаулар өткіземін. Жалпы айтқанда, қала тұрғындарының көтеретін мәселелері әрқилы болғанымен, көп жағдайда әлеуметтік-тұрмыстық сипатқа ие.
Мысалы, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – тұрғын үй, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмекке қол жеткізу, балабақша мәселелері. Әсіресе, көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен ардагерлер өздерінің күнделікті өміріне қатысты нақты ұсыныс-өтініштермен келеді.
Бұл азаматтардың әрқайсысын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді тиісті сала басшыларына жолдап, орындалуын қадағалаймыз. Кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тапса, кейбірі жүйелі түрде жоспарға енгізіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Байқағаным, халық елде оң өзгерістердің болып жатқанын көріп отыр, бірақ олардың билікпен байланысы, ашық диалогқа қол жеткізуі өте маңызды. Сондықтан тұрғындармен байланыс – менің жұмысымның негізгі бағытының бірі. Халықтың сенімін ақтау үшін ашықтық пен жауапкершілік қағидаларын ұстануға тырысамыз. Қоғамда кері байланыс болса ғана, нақты жұмыс болады. Сол себепті біз тек қабылдау бөлмесінде ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да тұрғындардың ұсыныс-тілегіне назар аударып, жедел жауап беруге мән береміз.
– Кейде қала әкімдігіндегілер қала тазалығынан босамайтын сияқты көрінеді…
– Иә, шындыққа жанасатын пікір. Қала тазалығы – көзге бірден түсетін, тұрғындардың көңіл-күйіне, қала имиджіне тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Президентіміздің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, оған қоса аймақ басшысының тікелей бақылауындағы мәселе болғандықтан қала тазалығы әкімдіктің күн тәртібінен ешқашан түспейді. Қаланың қай бұрышында қандай қоқыс жиналып қалды, қай көшеде арам шөп басып кетті – бәрі назарда. Таңертеңгі рейд, кешкі аралау қалыпты жұмыс кестемізге айналған.
Бірақ бұл тек коммуналдық сала мамандарының ғана жұмысы емес. Тазалық – ол ең алдымен мәдениеттің көрсеткіші. Яғни қала әкімдігі тарапынан тазарту, көгалдандыру, қоқыс шығару жұмыстары қаншалықты жүйелі жүргізілсе де, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі болуы керек. Біз осы бағытта үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, «тазалық – ортақ іс» деген түсінікті қоғамға кеңінен жеткізуге тырысып жатырмыз.
Бұған қоса, жыл сайын қала күнін мерекелеу аясында «Үздік аула» байқауын өткізу дәстүрге айналған үрдіс. Биыл бұл байқау сегізінші мәрте өткізілуде. Байқауға көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ғана емес, жеке тұрғын үйдің сыртқы аумағын көгалдандырған қала тұрғындары қатыса алады. Ол үшін инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы #Qzo #Qyzylorda #Үздікаула2025 хэштегтерін міндетті түрде пайдалана отырып, «Сүйікті қалам – Қызылорда» тақырыбында жылы лебізін жолдап, көгалдандырудағы тәжірибесімен бөлісіп, өз парақшасында сапалы суреттер мен 16:9 форматындағы видеоны жариялау қажет. Байқауға қатысу үшін өтініштер 3 маусым мен 31 тамыз аралығында қабылданады. Байқау қорытындысы комиссия шешімен анықталып, қала күніне арналған салтанатты іс-шарада марапатталады. Бұған дейін жеңімпаз атанған аулалар байқауға қайта қатыса алмайды. І, ІІ, ІІІ орын жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар қала келбетіне тек көзге көрінетін тазалық қана емес, жарнама мәдениеті, ғимараттардың сыртқы келбеті, тіпті аялдамадағы тәртіп те әсер етеді. Қазір біз «Таза қала – таза сана» деген ұстаныммен жастарды, еріктілерді, кәсіпкерлерді тарта отырып, «Тазалық патрулі» арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру бастамаларын іске асырып келеміз.
Сондықтан кейде «тазалықтан босамайтын» көрінсек, ол шын ниетіміз бен жауапкершілігіміздің белгісі деп қабылдауға болады. Себебі бізге шағым айтатын тұрғын да, қонақ болып келетін мейман да ең алдымен қаланың тазалығына қарап баға береді.
– Жергілікті БАҚ–пен байланысыңыз қалай? Дәстүрлі медианың болашағы туралы не айтар едіңіз? Өзіңіз газет оқисыз ба?
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысым жақсы. Бұл салада өзімнің кәсіби тәжірибем бар екенін де айта кеткім келеді. Бұған дейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы ретінде өңірлік медианың тыныс-тіршілігін жақсы түсінемін. Қазір де қалалық деңгейде ақпараттық саясатты жүргізу барысында жергілікті журналистермен тығыз әріптестік байланыс орнатуға тырысамын.
Жалпы, Қызылорда өңірі – қаламы қарымды, сөзі өтімді журналистердің мектебі қалыптасқан өлке. Біз үшін ақпарат құралдары – қоғам мен биліктің арасындағы көпір ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастыратын, елмен етене жұмыс істейтін маңызды серіктес. Сондықтан мен әрдайым ашықтық пен кәсіби қарым-қатынас принципін ұстанамын.
Ал дәстүрлі медианың болашағына келсек, оның өз миссиясы бар деп есептеймін. Қазіргі цифрлық дәуірде жаңа медиа, әлеуметтік желілер алға шыққаны рас, бірақ дәстүрлі БАҚ-тың салмақты сараптамасы, жауапкершілігі мен этикасы әлі де өзекті. Әсіресе, ресми ақпараттың дұрыстығы мен тереңдігі жағынан дәстүрлі медианың орны бөлек.
Өзім газет оқимын. Әсіресе жергілікті басылымдар «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт апталығы», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт жастары» секілді газеттерді тұрақты қарап отырамын. Өйткені ондағы материалдар – өңірдің айнасы, халықтың тыныс-тіршілігінің көрінісі. Сонымен қатар республикалық сараптамалық басылымдарды да жібермеуге тырысамын. Қысқасы, ақпаратты тек тұтынушы ретінде ғана емес, жауапты тұлға ретінде де бағамдап, тиісті қорытынды жасап отыру – жұмысымның бір бөлігі.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сын ескеретін, еленетін, тіпті қажет дүние деп есептеймін. Әсіресе, қоғаммен жұмыс істейтін адам үшін сыннан қашу – шындықтан қашу сияқты. Сол себепті өз басым орынды, уәжді сынды дұрыс қабылдаймын. Себебі сын – кейде байқамай жатқан олқылықтың айнасы, кейде алға жылжуға түрткі болатын қозғаушы күш.
Жүйелі, негізді сын айтылып жатса, оны тек қабылдап қана қоймай, нақты қорытынды жасап, іс жүзінде өзгеріс енгізуге тырысамыз. Қызмет бабында жүрген адам үшін елдің пікірі – ең маңызды өлшем. Әсіресе әлеуметтік желіде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында айтылатын халық үнін елеусіз қалдыруға болмайды. Біз қазір «кері байланыс» дегенге ерекше назар аударып отырмыз. Себебі кейде бір сыннан бүтін саладағы мәселені көруге болады. Ал ол сыннан нәтиже шығарып, нақты іске көшсек, нағыз мемлекеттік қызметкерге тән әрекет сол деп білемін.
– Жастардың тәрбиесіне, санасына әсер ететін қандай жобалар бар?
– Жастар қашанда қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы саналады. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде Мағжан ақын айтқан «Мен жастарға сенемін» ұран сөзі бүгінгі таңда да өміршеңдігін жоймақ емес. Қашанда жастарға дем беруге, жаңашыл бастамаларын қолдауға дайынмын.
Өздеріңізге белгілі, Түркістанда өткен құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға, зерделі, озық, адал қазақстандықтарды тәрбиелеуге бағытталған келелі ойларын айтты.
Жастар саясаты бойынша да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен бүгінгі жастардың талғамы мен сұранысы өзгеріп келеді. Сондықтан біз жастармен байланыс орнатудың жаңа платформаларын, креативті жобаларды қолға алуымыз керек. Тек мерекелік шаралармен шектеліп қалмай, жастарды еңбекке, білімге, елжандылыққа үндейтін ұзақмерзімді бастамаларға басымдық береміз.
Қала жастарына «Qosyl» деген атпен танымал болған қалалық жастар ресурстық орталығының қызметін 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында 2988 жас пайдаланды. Жастардың сұранысына орай орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото-видео студиясы, би залы, жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде. 2025 жылы Қызылорда қаласында мемлекеттік жастар саясатын дамытуға жергілікті бюджет есебінен 19 млн 381 мың теңге қаржы қаралып, бөлінген қаржыға 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған сәйкес биыл да орталық тарапынан бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарда. Бұл жобаның аясында жастар арасында кәсіптік және техникалық мамандықтар арасында, қаржылай сыйлықтарды қарастыра отырып, байқау ұйымдастырылады. Тамыз және қыркүйек айлары аралығында байқау өткізу, «Жұмысшы мамандар» форумы аясында жабылу салтанатын ұйымдастыру жоспарлануда.
Аймақтық волонтер жастардың басын біріктіре отырып, ортақ мүдделі жастармен қайырымдылық шаралар мен акцияларды бірлесе ұйымдастыру, волонтер болудың үздік тәжірибелерін қалыптастыру, тұрақты оқулардан өткізу мақсатында «Волонтерлік және қоғамға пайдалы жастар» әлеуметтік қызметі жүзеге асырылуда.
Биылдан бастап мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша әлеуметтік жобалар қатарына «NEET санатындағы және қылмысқа бейім жастарды әлеуметтендіру» әлеуметтік қызметі қосылды.
Жұмыссыз жастар үшін «Мансап» орталығымен бірлескен 7 мәрте «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, NEET санаттағы азаматтар телефон байланысы арқылы шақыртылуда. Жоба аясында жұмыссыз жастарға арналған жұмыс орындарына экскурсиялар, оқытулар мен тренингтер мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық жұмыстар ұйымдастырылуда. Қыркүйек айында «Жастар. Тәртіп. Құндылық» тақырыбында 300-ге жуық мектеп оқушылары мен арнаулы орта оқу орындарының студенттерін қатыстырып, жиын ұйымдастыру жоспарлануда. Жиынға танымал тұлғалар тартылатын болады.
– Қазір кім–кімнің де жұмыс нәтижесінің өлшемі әлеуметтік желідегі белсенділігі сияқты болып қалды. Әлеуметтік желіде де көріне бермейсіз. Уақытыңыз жоқ сияқты…
– Иә, қазіргі заманда әлеуметтік желі тек қарым-қатынас құралы ғана емес, қоғамдық пікір алаңы, ақпарат тарату тетігі, кей тұста тіпті жұмыс нәтижесінің көрсеткіші болып отыр. Бұл заман талабы екенін жақсы түсінемін.
Дегенмен мен үшін жұмыс нәтижесінің өлшемі әлеуметтік желіге салынған пост емес, нақты атқарылған іс. Яғни, әуелі мәселені шешіп, жұмысты атқарып, сосын қажет болса, сол туралы ақпаратты бөліскен жөн деп есептеймін.
Әлеуметтік желідегі белсенділігімнің шамалы болуы – жұмыс істемей жатыр деген сөз емес, қайта сол уақытта нақты тірлікпен айналысып жатқанымның көрінісі. Бірақ халықпен ашық болу, кері байланысты үнемі сақтау қажеттігін жақсы түсінемін.
Менің ұстанымым – көрсететін жұмыс болса, оны көрсету керек. Ал көрсетіп қою үшін емес, көзбен көріп, жүрекпен сезініп атқарған іс әлдеқайда маңызды. Қоғам шынайылықты бағалайды. Сол үшін әлеуметтік желі – құрал, ал халықтың сенімі басты нәтиже деп білемін.
– Сізді елге белгілі қаламгер Бауыржан Омаровтың баласы деп таниды. Әкенің танымалдығы балаға қалай әсер етеді? Бір кездері дәл осы қызметті әкеңіз атқарғаны белгілі. Қаланың бас идеологы болған әкеңізден ақыл–кеңес сұрайсыз ба?
– Иә, бұл – рас. Мен елге белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Бауыржан Омаровтың ұлымын. Бұл – мен үшін бір жағынан үлкен мақтаныш, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік. Себебі танымал адамның баласы болу – жай ғана мәртебе емес, өзіңе үнемі талап қою, әр ісіңде әкеңнің абыройына көлеңке түсірмеу деген сөз.
Әкем осыдан ширек ғасыр бұрын Қызылорда қаласында қызмет атқарған. Бұл тағдырдың бір қызық сәйкестігі, әрі маған артылған тарихи аманат іспеттес. Бүгінде мен де дәл сол салада еңбек етіп жүргендіктен, әкемнен ақыл-кеңес сұраймын. Бірақ ол кісі ешқашан нұсқау беріп, бағыт сілтеуге тырыспайды. Керісінше, өзі байқап-білгенін, өмірлік тәжірибесінен түйгенін сабырмен, салмақпен айтып отырады. Сол себепті мен бұл қызметке тек жеке жауапкершілік емес, ұрпақтар сабақтастығы тұрғысынан да қараймын. Әке жолын жалғастыру – атақ қуумен емес, абыройды сақтаумен өлшенеді. Сол үшін әрбір шешімді байыппен қабылдап, істі жарнамалаудан бұрын сапасына мән беруге тырысамын.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлмира Ділдәбекова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!