Жексенбі, 24 қараша, 07:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Баспана. Бағдарлама. Баға.

18.05.2024

393 0

Статистикаға сүйенсек, қазіргі кезде елімізде 600 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Кезекке тұрмай, үйсіз жүргендер да аз емес екені белгілі. Жыл өткен сайын баспанаға деген сұраныс арта түсуде. Елімізде сұранысқа сай тұрғын үй салу, қарапайым халық үшін тиімді бағдарламалар саны артуда. Бұған дейін жүзеге асып жатқан «7-20-25», «Нұрлы жер», «Өз үйім», «Әскери баспана», «Бақытты отбасы» секілді бағдарламаларды айтпағанда, биылдың өзінде екі бірдей тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. «Отау», Наурыз» деп аталатын қос бағдарламаның тиімділігі туралы да сәл кейінірек тоқталамыз. Әуелі елдегі баспанамен қамту жайын айтайық…
Құрылыста қарқын бар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Нәтижесінде 695 мың отбасы баспаналы болған. Биыл да елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтің айтуынша, 2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көзі есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жоспарлануда. Бұл 1 млн-нан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылдың өзінде халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысының көлемі 15,5-тен 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылған. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы 110 млрд теңге сомасына 10 мың несиелік пәтер салу жоспары бар.
– Президент қол қойған кәсіпкерлік мәселелері туралы заң жобасы аясында әкімдіктерге нарықта несиелік тұрғын үй салуға ғана емес, сонымен қатар сатып алуға да құқық берілді, бұл қаражат айналымы арқасында тұрғын үй көлемін жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді министр.
Бұл орайда жылдық 2-5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека бойынша 7 мыңға жуық несие беруге 81 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 9 пайыздық мөлшерлемемен «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 150 млрд теңгеге 8 мың несие беру көзделген. Ал «Наурыз» бағдарламасы аясында 300 млрд теңгеге 12 мың несие беру жоспарланған. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңға жуық несие берілмек. Нәтижесінде биыл тұрғын үй құрылысын жақсартуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп, 64 мың азамат баспаналы болады деген жоспар бар.
Өңірде де тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Бүгінде тұрғын үй құрылысын салуға 16 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жобалар қолға алынды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қаржыландырудың барлық көздерінен 701,6 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілмек.
– Биыл тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бюджеттен бөлінген бұл қаржыға 754 пәтерді құрайтын 11 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ 5 қабатты 10 тұрғын үйдің тиісті жобасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұдан бөлек, қосымша 7 қабатты 10 тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 296 пәтерді сатып алуға тиісті қаржы қарастырылды. Осы жылдың қаңтар айында қаржыландырудың барлық көздерінен 63,5 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Мәди Әліп.
«Отау» кімдерге
мүмкіндік береді?

Биылғы наурыз айының бастап іске қосылған «Отау» бағдарламасы баспанасы жоқ жастар мен отбасыларға арналған.Талап бойынша баспаналы болғысы келетін азаматтар 30 сәуірге дейін «otbasybank.kz» порталы арқылы өтініш беруге тиіс екені хабарланды. Бұл бағдарламаға жасқа да, кәріге де ортақ, яғни 18-бен 63 жастағы азаматтардың қатысуына болады. «Отаудың» өзге бағдарламалардан ерекшелігіне тоқтала кетейік.
– Бағдарлама ережесіне сәйкес, қатысушының жинақ шотының ашылғанына 18 ай толғаны ескеріледі және олардың отбасының атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Өтінім беру кезінде депозиттегі жинақ көлемі 1 млн теңгеден кем болмауы қажет. Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күн ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. «Отау» бағдарламасының шарттары: алғашқы жарна – 20 пайыздан бастап, несие мөлшерлемесінің жылдық көлемі 9 пайыз, ал несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін, – деді «Отбасы» банктің Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Әділжан Рахымжанұлы.
– Тағы бір ескере кететін жайт, бағдарлама талабына сай «Отау» арқылы тек жаңа үйлерден ғана пәтер алуға болады. Бұл – Астана, Алматы және облыс орталықтары тұрғындары үшін қойылар талап. Ал елді мекендер үшін қайтала нарықтан үй таңдауға мүмкіндік бар. Ал ипотеканың шекті сомасына келсек, Астана мен Алматы қалалары үшін 30 млн теңге болса, өзге өңірлерде 18 млн теңге шамасында.
Айта кетелік, ел бойынша бүгінгі күнге дейін бағдарлама аясында 25 адамның өтінімі қабылданып, 8 мың адам үй таңдауға кірісіп кеттті деуге де болады.

«Наурыздың» шапағаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен ұлттық құрылтайда «Наурыз» атты жаңа бағдарлама қабылданатынын айтқан еді. Ел Президентінің тапсырмасына сай жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарламаның да өз талаптары бар. Атап айтқанда, алғашқы жарна 20 пайыздан басталады, азаматтардың барлық санаттары үшін несие пайызының жылдық мөлшері 9 пайыз болса, әлеуметтік осал топтағылар үшін 7 пайыз. Несие мерзімі – 19 жыл. Бағдарламаға барлық санаттағы азаматтар қатыса алады. Бағдарлама аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан, сондай-ақ шағын қалалар мен елді мекендерде қайталама нарықтан сатып алуға болады. Заемның ең жоғары мөлшері Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңге болса, өзге өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін. Бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы» банкінде депозит ашу керек. Алайда салым мерзімі ескерілмейді. Жинақ шотында кемінде 1 млн теңге қаржысы болу шарт. Сондай-ақ соңғы 5 жыл ішінде азаматтардың және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің болмауы тексеріледі. Бағдарлама мерзімі – 8 жыл. Осы уақыт ішінде елімізде 68 мыңға жуық азамат баспаналы болады деп жоспарланған. Сәуірдің аяғында іске қосылған бұл бағдарлама бір ай ішінде ел бойынша 17 мыңнан астам өтінім түсіп, оның 9 мыңдайы қабылданыпты. «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәліметіне сүйенсек, өтінім тапсырғандардың ішінде 4 мыңдайы әлеуметтік осал топ санатынан. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, жетім балалар және апатты үй тұрғындары. Бағдарламаға қатысуға талаптанғандардың 62 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Тағы бір атап айтарлығы, үй алғысы келетіндер «Баспана маркет» порталы арқылы өтінім беріп ғана қоймай, пәтер таңдауға да мүмкіндік бар. Бұл қызмет – жаңа бағдарламаны негізге алып бағаның өсуіне тосқауыл қою. Яғни жаңа бағдарлама нарықта тұрғын үй бағасының өсуіне әсер етпеуі тиіс.

Баға қалай құбылды?

Әдетте, бағдарлама іске қосылса, бағаның құбылатыны аян. Жыл сайынғы инфляция, құрылыс заттарының қымбаттауын айтпағанда, сарапшылар жаңа бағдарламалардың тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер ететінін айтып жүр.
Өткен айда «Курсив» ақпараттық порталы мемлекеттік бағдарламалардың тұрғын үй бағасына қалай әсер ететіні туралы зерттеу жариялады. Ондағы сарапшылар пікіріне сүйенсек, мемлекеттің тұрғын үй нарығына қаржы құюы халықты баспанамен қамту мәселесін шешсе, екінші жағынан бағаның қымбаттауына әсер етеді дейді. Мәселен, 2021-2022 жылдары жаңа тұрғын үйлердің бағасы 20-25 пайызға өссе, екінші нарықтағы баспана бағасы 35 пайызға қымбаттаған. Тұрғын үй бағаның қымбаттауына пайызы төмен мемлекеттік бағдарламалар мен зейнетақы қоры қаржысы есебінен жеңілдік жасау қатты әсер етіп, бағаны аспандатып жіберген. Сондай-ақ сарапшылар мемлекеттік бағдарламалар екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие беруде бәсекеге қабілеттігін де әлсіреткенін айтады.
Ал биыл баға қандай? Бұл орайда Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың сәуірі мен биылғы сәуір айында тұрғын үй бағасында айырмашылық бар. Яғни жаңа тұрғын үй бағасы 1,6 пайызға, екінші нарықтағы үй бағасы 0,1 пайызға өскен. Жаңа үйлер Ақтөбе қаласында 9,5 пайызға, Қызылорда қаласында 7,1 пайызға қымбаттаған. Ал екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының қымбаттауы бойынша Атырау (12,2 пайыз), Жезқазған қалалары (7,1) көш бастап тұр. Сондай-ақ ел бойынша бір айдың ішінде пәтерлерді қайта сату 1 пайызға өскен. 2024 жылғы сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31248 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 7830 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 23418 мәміле жасалды. 2024 жылдың наурызымен салыстырғанда (26389) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 18,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғысынша, Астана (5583 – 17,9%) және Алматы (4949 – 15,8%) қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы (2668 – 8,5%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 333 бірлік (1,1%).
Қалай айтсақ та, мемлекеттік бағдарламалар халықтың баспаналы болу мәселесін шешуде тиімді тетік болып тұр. Ал нарықтағы баға жайы басқа мәселе.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: