Жаздың аптап ыстығында қайнап тұрған асфальттің үстінде жұмыс істеу оңай нәрсе емес. Мұндай еңбекте шыңдалып, тер төгу үшін бойыңда шыдам мен төзім болмаса қиын. Бүгінде жұмысқа тұрамын деп, білек сыбана келген талайлар екі күндік еңбекке шыдамай, сағы сынып жатады. «УАД» ЖШС шебері Нұрлыбек Сыздықов саладағы он жылға жуық тәжірибесінде мұндай қызметтің сан түрінен өткенін айтады.
– Еңбек жолым осы Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылында басталған. Бүгінде сол жолға қайта айналып келіп тұрмын. Бұл аралықта Самара – Шымкент, Жаңақорған, Иіркөл, Амангелді, Айдарлы, Бейбарыс сұлтан тәрізді үлкен нысандарда жұмыс істедік. Халықтың батасын арқалап жүретін жұмыс қой. Өзім осы саладан өз орнымды таптым. Қиындығы жеткілікті, әрбір бейнеттің артында мол несібе, адал нәпақа тұр, – дейді ол.
Асфальт зауыттан 180 градус ыстықта қайнап шығады. Оны жолға төсеймін дегенше де 120 градустан кем болмауы керек. Әрбірінің өз заңдылығы бар. Жол құрылысының басында арнаулы зертхана қызметкерлері барлығын қадағалап жүреді. Нұрлыбек осы мекемеде қарапайым жол жұмысшысынан бастап шеберге дейінгі аралықты жүріп өткен.
– Кейде бір айда 5 күн ғана демаласың. Көп жас соған шыдамайды. Әлсіз, тез сынады. Сағың сынбай, жалқаулықты ысырып тастап еңбектенсең, абыройлы сала. Бұрыннан келе жатқан азаматтар бар. Олардың барлығы айтпай-ақ әрбірі өз міндетін бұлжытпай орындап, ісін тап-тұйнақтай қылады. Мамандықтың қартайып бара жатқаны жасырын емес, – дейді құрылыс шебері.
Алыс ауыл-аймақтардан, шалғай елді мекендерден жұмысқа барып, даладағы жағдайға шыдамсызданып жүргендер көп екені жасырын емес. Бірақ еңбектің наны тәтті деп жүрген Нұрлыбек сияқты азаматтар саланың жауапкершілік жүгін арқалап жүр.
Аян СПАНДИЯР,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!