Жуырда облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өңірдегі білім беру ұйымдарының жай-күйі талқыланған кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжілісте өңірдегі білім сапасы жөнінен үздік жеті мектеп аталды. Соның ішінде Тәкей Есетов атындағы №264 мектеплицейі де бар. 1248 балаға арналған білім ордасы өткен жылға дейін үш ауысымдық мектептер қатарында болды. Аймақ басшысының қолдауымен былтыр мектеп жанынан 550 орындық қосалқы ғимарат салынып, өткен жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Былтырдың өзінде мектептің 25 түлегі алтын белгі иесі атанған. Сапалы білім беруде үздік мектеп атанған білім ордасының директоры Бек Сұлтанбекұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Сіз басқаратын мектеп өткен оқу жылының қорытындысымен үздік атанды. Үздік болудың сыры неде?
– Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – басты ұстаным. Біз үшін білім сапасы ғана емес, жас ұрпақтың тәрбиесі де – басты назарда. Себебі тәрбие мен білім егіз. Мектеп оқушылары 3 жыл қатарынан республика бойынша ғылыми жобалар мен олимпиададан жеңімпаз атанды. Облыс әкімдігі мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Үздік білім беру» конкурсында білім ордасы жеңімпаз атанып, 34 млн теңге сыйақы алдық. Бұл конкурста мұғалім мен оқушының халықаралық деңгейдегі білім көрсеткішін салыстырғандағы жетістігі сарапталады.
– Қаржыны қалай игердіңіздер?
– Абсерватория аштық. Қазақстан бойынша мұндай абсерватория ешқандай мектепте жоқ. Облыста алғаш мектеп абсерваториясы мен киностудиясын ашып, жаңашылдық еңгіздік. Абсерваторияда кәсіби ғалымдар түсіретін телескоп және үш орташа деңгейдегі телескоп бар. Бұл құрылғы арқылы жерге жақын орналасқан жұлдыздарды көре аламыз. Бүгінде оқушылар аспан әлемін тереңдете зерттеуге мүмкіндік алды. Оқушыларымыз телескоптың арқасында физика-астрономия саласы бойынша олимпиада, ғылыми жобаларда бақ сынап жүр. 2023 жылы мектеп оқушысы Салтанат Асқарова физика пәні бойынша халықаралық деңгейде өткен олимпиадада 2-ші орын алып, мамандығы бойынша білім грантын иеленді. «Зерде», «Дарын» ғылыми жобаларынан шәкірттеріміз жүлделі орын иеленуде. Бұл – абсерваторияның алғашқы жемісі деп білеміз.
Әрине, абсерваторияға барлық оқушыны қамту мүмкін емес. Сондықтан 5-11 сынып арасында қызығушылығы бар, болашақта ғылыми жобамен айналысқысы келетін 175 оқушыны абсерваторияда дайындап жатырмыз. 5-6 сыныпта физика пәні оқытылмаса да дүниетану, жаратылыстану пәндері де аспан әлемін зерттейді. Осыны негізге ала отырып, оқушыларды ерте жастан дайындауды жөн көрдік.
Өткен жылы «Аспан әлемін зерттейміз» атты оқыту курсы ұйымдастырылып, біздің мектептен 6 оқушы мен 1 жетекші қатысты.
– Мектепте киностудия бар екенін айттыңыз. Бұл жаңашылдықтың нәтижесі қандай?
– Киностудия кәсіби камера, компьютер және жарықпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар оқушылардың жұмысын көрсету мақсатында «264 мектеп» деген арнайы youtube каналымыз бар. Жастардың қызығушылығын ояту үшін қысқа метражды фильм түсіріледі. Оқушылар арасында мектепте кастинг өткізіп, «Анаға апарар жол», «Томирис» фильмдерін түсірді. Жас ұрпаққа өнеге болатын дүниені насихаттаймыз. «Біздің мектептің Қожасы» атты байқау ұйымдастырдық. Жеңімпаз оқушы Грузия мемлекетінде түрік сериалының басты рөлін сомдап келді және түрік тілінде мәнерлеп өлең оқудан бас жүлде иеленді. «Аспан денелерінің адам ағзасына әсері» атты қысқа метражды фильм форматында ғылыми жоба әзірленді. Нәтижесінде қалалық, облыстық олимпиададан І орын алып, республикалық олимпиадаға қатысты.
– Балаларды табиғатқа жақындату мақсатында қандай жұмыс атқарылды?
– Иә, «Biomaster» кабинетін аштық. Үйірмеде оқушылармен бірігіп, тәжірибиелі биологтар жұмыс істейді. Өңірде өсетін гүл, шөптерді атауымен бірге макетін қатырады. Сонымен қатар қырғауылды, қабанды қатырып, макетін қойдық. Тіпті мұғалімдердің ойлап тапқан инкубаторы бар. Нәтижелі жұмыстарды арнайы сұйықтыққа салып, қатырып қоямыз.
Сонымен қатар «Bioflowers» үйірмесі бар. Яғни инклюзивті ресурстық орталықта оқушыларды еңбекке баулу үшін гүлдер зертханасын аштық. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға гүл егуді, бақша көшеттерін о т ы р ғ ы з у д ы үйретеміз және сол арқылы бұлшықеттерін дамыту мақсатында ілгіштер тоқытамыз. Мұндағы мақсат – балаларды еңбекке баулу.
– Ерекше балаларға ерекше күтім қажет екені белгілі. Бұл орайда инклюзивті орталық жұмысына тоқтала кетсеңіз…
– Білім ордасына басшы болып келген жылы небәрі 36 ерекше күтімді қажет ететін бала болды. Түрлі диагнозы бар балалардың психологиясына бұл орта кері әсер беретін. Таңертең мектепке кіргісі келмей, аулада жылап, көнбей жатқан баланың дауысын жиі еститін едік. Осы мәселені шешу мақсатында ерекше балалардың қызығушылығын зерттей бастадық. Үйірмелерге тарту арқылы баурап алдық. Мәселен, ерекше күтімді қажет ететін оқушы бар. Ол робот құрастырып, қалалық деңгейдегі ғылыми жобадан 1-ші орын иеленді. Былтыр да ерекше оқушылардың бірі қияр өсіру тақырыбында ғылыми жоба қорғап, республикалық олимпиададан 3-ші орын алды. Инклюзивті орталыққа ауданауылдан балалар келіп, бүгінде оқушылар саны 100-ге жетті. Облыстық білім беру орталығының мақұлдауымен «Облыстық ресурстық орталық» деп аталды. Логопед, дефектолог мамандар оқушылармен нәтижелі жұмыс істеуде.
– Өңірдегі өзге мектептерден тағы қандай ерекшеліктерді атап айтар едіңіз?
– Басты ерекшелігі мектепте бассейннің болуы. Ұзындығы 25 метр, ені 12,5 метрлік бассейінде балалар аптасына 1 сағат суға түседі. Балалар тасымалы да қамтылған. «Жапон елінің шөп тамыры» атты әлеуметтік көмек беру байқауына қатысып, 28 млн теңге сыйақы ұтып алдық. 2023 жылы тағы да сол байқаудан жеңімпаз атанып, 50 млн теңгеге балалар тасымалдайтын автобус алдық. Демеуші тарта отырып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға денешынықтыру және емдік кабинет, сенсорлық жүйе кабинетін аштық. Бұл кабинеттің мақсаты балалардың мінез-құлқында жайсыздық туындағанда жарықпен, әуенмен қалыпты жағдайға түсіру. – Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Марина САҒИДАТБЕК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!