Бейсенбі, 26 желтоқсан, 11:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды…

18.06.2024

414 0

Сурет:amiel.club

Әрине, «Жеті жезде бірігіп, әке болмас» деген қазақ сөзі осы бір ойды тайға таңба басқандай айқын етіп көрсетіп тұр. Өткен жылы маусым айының үшінші жексенбісіне Әкелер күні деп айдар тақтық. Бұл өз кезегінде елдегі отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға және әкелер институтын дамытуға ерекше әсер етеді дейді білетіндер. Атаулы күн мен атаулы орталықтар расымен, әке мәртебесін арттырып, беделін көтере ме?!
«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі бар. Осы ұйымның облыстағы филиалын Ержан Искендер басқарады. «Әкеңнен сұран», «Әкең бастасын», «Әкеңе бер» деген тәрбиенің қалып бара жатқаны шығар, бұл тақырып мінберден түспей тұр.
– Байқап қарасаңыз, біздің қоғамдағы, білім ошақтарындағы бала тәрбиесі негізінен аналардың, әйел мұғалімдердің мойнында. Он жыл бұрын да осылай болған, дәл солай жалғасып келеді. «Әкелер одағы» – әкелер қауымын мектепке тарту керегін, бала тәрбиесінде әкенің рөлі басым екенін ойлана келе құрылған кеңес.
Ұйымға әдейілеп тіркеліп жатқан ешкім жоқ. Дегенмен қоғамдық бірлестіктің айналасында жүрген 5 мыңдай адам бар. Әртүрлі іс-шаралар кезінде қатарымыз толығып отырады. Оның ішінде жерлестеріміз кездесулер кезінде белсенділік танытып, ой-пікір білдіруден аянып қалған емес. 2012 жылдан бері одақ тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Ол кездері ата-аналардың өмірлік ұстанымын өзгертуге күш салсақ, кейінгі жылдары бірқатар заңнаманың талабын күшейтуге, оны өзгертуге, толықтыруға ықпал етіп келеді. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдау, жасөспірімдердің вейп шегуіне, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салу мәселелеріне атсалысты, – дейді «Әкелер одағының» облыстық филиал төрағасы.
Өткен жолы белгілі дінтанушы Бақтияр Оспановпен пікірлескен едік. Қоғамға әке витамині жетіспейтінін айтып жүрген ол қазақы тәрбиенің қай кезде де орны бөлек екенін жеткізді. Әлбетте, әке мәртебесін көтерудегі негізгі мақсат та, мұрат та бір.
– Әкенің рөлін арттыру үшін алдымен бар жақсыны әкеге беру керек. Әке – отбасын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ететін тұлға. Ол бар жақсы нәрсе өзіне ұсынылғанмен, оны барлығына бөліп береді. Ортаға ас қойғанда да бар қойылған жілікті ол балаларына үлестіреді. Міне, отбасындағы осы дағдыны көріп өскен ер бала өскенде әкесі тәрізді үлгілі, жан-жақты, айналасының қамын ойлайтын болады. Ал оған бәрін тікелей ұсына берсе, өзімшіл болып өседі. Біз осылай байырғы дәстүрмен, қазақы түсінікпен ғана әкенің қоғамдағы мәртебесін көтере аламыз, – дейді Бақтияр Есенгелдіұлы.
Әкелердің қоғамдағы беделін көтеруде расымен осындай орталықтар керек пе деген сауал көптің көкейінде жүрген шығар… «Бір үйге бір еркек керек» деп, Қожабергеннің анасына қырындайтын мотоциклдегі қара мұрттың да сөзінің жаны бар. Бүгінгі басты мәселенің бір ұшы осыдан шығады. Білім ошақтарындағы ер мұғалімдердің аздығы да жығылғанға жұдырық болғалы қашан?!
– Кезінде қазіргіге қарағанда ер мұғалімдердің саны басым еді. Сол кісілердің «тәк-тәгімен» өскеніміз жасырын емес. Оқушы ұлдар оларға қарап бой түзеп, қоғамда өзін қалай ұстау керегін үйренеді. Байқасаңыз, осы күні ажырасу оңай сияқты болып кетті. «Күйеусіз де күнімді көріп, баланы бағып-қағып өсіре аламын» дейтін әйелдер көбейді. Шын мәнінде ол дұрыс емес. Әсіресе ұл баланы дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларға байланысты. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Отбасында тәрбие мәселесін бірыңғай аналарға ысырып салмай, өзіміз де араласуымыз қажет. Жас әкелердің кешкі уақытта жұмыстан кейін денешынықтыру залдарында шынығып жүргенін, спорттық алаңдарда футбол ойнап жүргенін, жүгіріп жүргенін көреміз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ соның арасынан уақыт тауып, балаға бір сәт көңіл бөлсе екен, – дейді Ержан Искендер.
«Мәселенің бәрі әйелдің жолдасын, баланың әкесін сыйламауынан басталды» деген Бақтияр Есенгелдіұлын осы жерде де бір қайталай кеткен жөн сияқты. Ал кассетаны кейін айналдырғанмен, қателік жойылып кетпейді. Тек оны түзетуге мүмкіндік болады. Мәселенің төркіні осында тәрізді. Бірақ барлық нәрсе үшін кінәні біреуден іздер болсақ, онда тақырыптың тініне жол да таппаспыз.
«Хан Тәңірі – биік шың ғой жердегі,
Мен де соған жетемін деп талпынғам.
Әке деген ең биікті мендегі,
Алып кетті ажал деген антұрған»…
Алтыншыда оқып жүріп, әкеден айырылған менің жазған жалғыз шумақ өлеңім – осы. Әрине, әке туралы тақырыптан. Бірақ көңіліңде сайрап тұрған қанша ой, қанша әдемі сөз қағазға түскенде өміріңдегі биік тұлғаның болмысын ашуға қауқарсыз көрінеді. Сондықтан болса керек, одан кейін ол тақырыпта қалам тербемеппін. Жазған-сызғанымның бәрі көңілімнен шықпайды. Ер баланың өміріндегі үлкен мектеп деген ұғым да осы әкенің бойында ғой…
Тақырыпқа тұздық болса деген ой.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: