Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дарынымды дала академиясында шыңдаған адаммын

27.07.2024

457 0

Сыр өңірінде айтыс аламанында аты озып, алаш абыройын асқақтатқан азаматтар аз емес. Соның бірі – айтыстың ақтаңгері, педагог, ұшқыр ойлы, ұтқыр сөзді ерекше дарын иесі Серік Ыдырысов. Он бес мемлекеттің басшысына арнау айтқан тума талант, жыраулық өнерді насихаттаушы, өнер майталманымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– «Дарынымды дала академиясында шыңдаған адаммын» деген екенсіз. Сіз айтқан тәлім-тәрбие кейінгі буынға керек секілді…
– Дала – баланың да, дананың да академиясы. Сермесең құлашыңа құт қонатын, тыныстасаң, ішің кеңейетін, қадымдасаң жаның демалатын сол дала тылсым күшімен де, қоңырқай түсімен де рух береді. Сол далада тіршілік етіп жүрген адамдар сені тәрбиелейді. Сүріндіретіндер де, түңіл­діретіндер де, марқайтатындар да, шалқайтатындар да сол даладан табылады. Мен соны айтқам. Әрине, бұл кейінгі бу­ынға да керек. Себебі дала сырын ұқпай, адам сырын ұғу мүм­кін емес.
– «Адам бақыт таппайды көппен жүрмей,
Жақсы лебіз жаныңа еккен гүлдей» деген өлең жол­дарыңыздан елді сүйетініңіз, халықтың батасын алуға ұмтылатыныңыз сезіліп тұр. Сыйлы қонақ келсе қолыңызға үкілі домбыраңызды алып, Сыр елінің абы­рой-атағын паш етіп, жырдан шашу шашатыныңыз есімізде. 15 елдің Президентінің алдында қаймықпай жыр тө­гіпсіз. Сондай тарихи сәттерден естелік айтсаңыз.
– Сенесіз бе, осы күні менің ауырмайтын жерім жоқ. Уыс-уыс дәрі ішемін. Қарттық деген оңай ма? Енді сол дертімді дәрісіз ұмыттыратын бір ғана құдіретті күш бар. Ол – халық, ел­дің қошеметі. Жанымда жүргендер елдің ортасында жайраңдап жүргенімді көріп, «жаңа ғана ауырып отыр едіңіз ғой» деп таңырқай қарайды. Білмеймін, дудың ортасы, жақ­сылардың алқасына түссем дертімді де, жасымды да ұмытып кетемін. «Адам бақыт таппайды көппен жүрмей» деп жыр жазып жүргенім содан. Адамдар жалғыздықтан қорқуы керек. Жалғыздықтан асқан зұлым жоқ. Ал енді 15 мемлекет бас­шысының алдында арнау айтқан сәттер шынымен, аңызға айналды. Жас мемлекетпіз. Жаңа құрылған мемлекетті көруге пре­зиденттер ағылды. Кеңестік кезеңнің құрсауынан енді босаған ел не көрсетеді? Әрине, жерінің кіндігін, даласының мұңлығын көрсетеді. Ондағы кіндігі – Байқоңыр, мұңлығы – Арал. Президенттердің сол арнайы сапарларында әкімдерден бұ­рын ақындар сөз бастайтын заман да болған. Кешегі Манап Көкенов, Махамбетқали Тұрсанов, Замадин Ибадуллаев, бүгінгі Еленалармен бірге Ельцин, Путин, Сүлеймен Демирел, Елизавета ханшайым секілді әлемге танымал тұлғаларға жыр арнағаным бар. Бәрінің сый құрметіне бөленіп, кейбірінің ар­найы қонағы да болдым. Ол да бір дәурен екен.
– Сері Серікті өмірге әкелген ата-анаңыз жайлы, бауырларыңыз, өзіңіз жырға қосқан нағашыңыз, кіндік кескен мекен, сізді азамат қып атқа қондырған жұртыңыз туралы сөз қозғасаңыз..
– Мұныңыз әр қайсысы бөлек-бөлек айтуға тұрарлық сауал екен. Туған жерім – жырдың мекені Қармақшы. Әке-ше­шем – қара судан қаймақ алып, ел басқармай-ақ жұртына сыйлы болған, жұрттан жырып жемей-ақ қуатты-күйлі болған жандар. Ақынның ата-анасы. Бауырларым – менің тағдырыма берілген аманат. Азамат етіп, атқа қондырған жұрт – Тұран да­ланы жайлаған Сыр халқы. Жақында Мейірбек Сұлтанхан «Еларна» телеарнасында менімен сұхбаттасқан еді. Сұхбатым миллиондаған көрілім, жүздеген мың таралым, мыңдаған пікір жинапты. Сондағы жұрт құрметіне бөленген сөздер – әке-шешем айтқан, қоспа қосылмаған дана сөздер. Менің тәр­биемнің діңгегі – сол!
Нағашыларым мықты болды. Нағашымның аты – Тәжмахан. Болмысы бекзат кісі еді. Қонақжайлығы бір бөлек әңгіме. Туған жиені болсам да ұнамай жатсам сынап, бет-жү­зіңе қарамай қамшылап алатын. Бір елдің абыз ақсақалы болды. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» дегендей сол кісіге қарап ер жеттік. Нағашыларым көп ағайынды. Әрқайсысы бір-бір кітап.
– Сіз төкпе ақынсыз, табиғи дарын иесісіз. Талай ай­тысқа қатысып, топ жардыңыз. Таланттың қайнар бұлағы сіздің бойыңызға қайдан дарыды?
– Қасиетті Қармақшымнан, ондағы бар жақсымнан, жыр де­ген жұртымнан, дүр-дөнен ұлтымнан, кітаптан, әкемнің арынан, анамның сүтінен дарыды.
Кітапты көп оқыдым. Мектепте жүргеннің өзінде мыңға тар­та кітап оқыдым ау. Соның ішінде Абайдың бір сөзі ұнады. Әкесі Құнанбайдың «Қайдан келдің?Не үшін келдің?Қайда ба­расың?» деген сұрағына Абай «Алланың алдына келдім. Алланың аманатын орындаймын, Алланың алдына барам» деп жауап береді. Осы сөздер көкейімде күні бүгінге дейін сақ­талып тұр. Сосын Қадыр Мырзалиевтің кітабы тиді қолыма.
О, тіршілік!
Не берсең де арнап бер,
Алтын балық ілінетін қармақ бер!
Бақыт бер де,
Бармақтай сол бақытты
Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!– дейді ақын.
Күн шықса, нұр қашады айдан -дағы,
Жарлы артық қайыры жоқ байдан-дағы.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
«Бұл сөзді таптың деме, қайдан тағы?»
Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан-дағы.
Адамдық иісіңді жұрт аңсап тұрсын,
Не керек қарныңның құр майланғаны?! – дейді Тұрмағамбет бабамыз.
Қазір адамдық иіс табу қиын. Бәрі дүние қуып кеткен. Хазіреті Омардың әдемі тағылымы бар. «Алла дүниені қолыма бер, дінді жүрегіме бер» дейді. Қазіргі адам­дар дінді қолына ұстайды да, дүниені жүрегіне ұстайды. Мұның мәні не дегенде «қолымда дүние болса, оны халықтың игілігіне жұмсаймын, мешіт салам, бала оқытам, ағайын-жекжатқа беремін. Ал дүние жүрегіме кіріп кетсе, кімде дүние бар сонымен дос боп кетемін» деген екен. Ауылда Сәт деген молдадан естіген тәлімім бар. «Кімнің жан дүниесі таза болса, жүрегі таза болса, сол адамнан жақсы сөз шығады» деген. Кезінде мені дүние қуды. Бірақ оған алданбадым. Алла бер­ген несібемді әкемнің тапсырған аманатын орындап, бауыр­ларымды жетілдіріп, солардың қызығына жұмсадым. Олар қазір отау құрып, жақсы үй болып, білім алып, өнегелі отбасы атанып жатыр. Мен сол қамқорлықтан рахат алдым. Оған өкінбеймін. Алла қайырын беріп жатыр. Бауырларым, балаларымның алдында жүзім жарқын. Бәрі сыйлайды, құрметтейді. Адам үшін одан артық не керек? Ал қу дүниені жинасам, мұндай қанағат сезімі, жан рахаты менде болмас еді.
– Айтыс сөз сайысы ғой. Айтыста ақындар бірде жеңіп, бірде жеңіліп жатады. Қарсыласыңыздың сөзі өтіп, мүдірген кезіңіз болды ма?
– Әрине, онсыз бола ма? Айтыста жеңілдірген сөзді естігеннен кейін апталап ауыз аша алмай жүрген кездер болған. Сөздің құдіреті ғой ол. Ал қазір «бетпақ жеңді, бейбақ қалды» дейтін заман. Сөзге тоқтау деген атымен жоқ. Екі әйелдің базардағы ұрысы не, кей екі ақынның айтыстағы сөз таласы не, екеуі бірдей болып қалды. Шабалаңдап бара жатқан ақын, шаруасы тынған жігіт мінез, е, дәурен-ай. Мұның да тоқтайтын кезі болар…
– Асабалық өнер де сізге таңсық емес. Той басқару – тәрбие құралы. Той иесі көптен күткен қуанышты сәтінің барынша мәдениетті, тағылымды, қонақтарды зеріктірмейтін тартымды өткенін қалайды. Алайда кейбір асабалар күлдірем деп бүлдіріп жатады. Осы тұрғыдағы сіздің көзқарасыңыз…
– Мені жұрт асаба деп те атайды екен. Ал мен ешқашан өзімді асаба деп есептеген емеспін. Бес қазақтың басы қосылса, жиын аталы сөзбен басталып, баталы сөзбен түйінделген. Ал сөз бастайтын мәртебелі міндет кім көрінгенге жүктелмеген. Оны жүзіне нұр, кеудесіне жыр ұялаған жандарға кәдімгідей сеніп тапсырған. Мен сол ізді жалғастырушымын деп есептеймін. Мен ешқашан тойды топалаңға айналдырған емеспін. Аузымды ашсам тіліме – Тұрмағамбеттің, ойыма – Омар Шайырдың, бойыма – Базар жыраудың жыр-жақұттары кеп тұратын. Ме­нің өмір­дегі, тойдағы миссиям сол құн­дылықтарды на­сихаттаушы бол­ған шығар. Ал енді тойды тәр­бие құралы де­геніңізге ке­ліспеймін. Тәрбие той-то­пырда берілмейді. Той деген – мә­дениеттің өл­шемі шығар. Ондағы жүріс-тұрыс, іс-әрекет адам­ның, әулеттің, ру мен ұлттың тұр­мысы мен тәр­биесінің деңгейін көр­сетеді.
– Ас жүргізу мен той басқарудың айырмашылығы не­де? Ас жүргізудің тәр­тібі бар ма?
– Қазір асты той басқарып жүрген аса­балар басқарады. Әлі өмірдің қызығын, қиындығын көр­ме­ген уыздай жастар. Тойда айтқан сөзбенен аста айтқан сөздің айырмасы аспан мен жердей. Той – тірінің қазынасы. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Асты басқарғанда о дүние мен бұл дүниені айтып қор­қытудың керегі жоқ. Ас кімге арнап беріліп жатыр, тек сол кісі жайлы айтылу керек. Марқұмның бауыры, на­ғашысы, досы, құдасы, әулеті айту керек. Сөйлейтін адам ас беріліп, құран бағышталып жатқан адам туралы жан-жақты білу керек. Сонда ас қысқа, нұсқа, мәнді, мағыналы өтеді. Әйелдерді бөлек, ер кісілерді бөлек оты­рғызу керек. Абыр-дабыр тойдағыдай әңгіме болмау керек. Тағы бір ерсі тұсы белгіленге уақыттан ерте келген кісілер асты жей бастайды. Бұл дұрыс емес. Аста құран оқылмай қара су ішуге қақың жоқ. Өйткені марқұм болған кісі сізден құран дәметіп отыр. Құраннан кейін ғана ас ішілу керек. Осыны жөндесе екен. Асты бас-аяғы 1 сағатта аяқтау керек. 2 сағаттап жүргізетіндер бар. Бейнебаян етіп деректі фильм қойып жатады. Тек суреттерін қою керек. Онсыз да шығып естелік айтатындар бар емес пе? Міне, асты осындай тәртіппен өткізген дұрыс.
– Халқымыз «өлді», «қайтты» деп жатады. Соның мәнін ашсаңыз..
– Мұсылманда «қайтты», «өлді» деген сөз бар. «Өлді» деген сөз іздеушісі жоқ, артында қалған ұлағатты сөзі жоқ жанды айтады. Қазақтар «Ей, Алла, өзімді де, бауырларымды да қайт­қандар са­пына қоса көр» дейді. Мы­салы, ұлы Абай, Махамбет, Шоқан, Әбділдә сынды дүл­дүлдердің есімі өл­ген жоқ. Олардың өне­гесі, өмірі мәң­гілік жасап жа­тыр. Демек, олар тек қайтқандар қа­тарында тұр. Алла қайтқандар сапында бо­луды жазсын деймін.
– Көше атау­­лары қой­ыл­ған­мен, ол кі­сілер кім, ел­ге қандай ең­­бегі сіңген де­генде бәріміз де кібіртіктеп қа­ла­­­тынымыз рас. Бұ­ған не дейсіз?
– Дұрыс ай­­тасыз. Көше атауы берілген кі­сілерді кейінгі ұрпақ түгілі ере­сек адамдар да біле бер­мейді. Мысалы, шынын айтқанда кей­бір көше­лердегі адамдардың атын біл­генмен оның елге қандай қызмет жа­сағаны туралы мен де білмей қаламын. Осыған мән бе­рілсе, ба­лаларға терең та­нытса деймін. Мысалы, қа­ланың Гагарин аталып кеткен ша­ғын ау­данына барсаң жаның сүй­сінеді. Сүлейлер еліне бар­­ғандай күй кешесің. Базар жырау, Тұрмағамбет, Бал­қы базар, Манап Кө­кенов, айта берсең, көп жыр шайырларына кезігесің. Мұн­дай қазақылықтың иісі аң­қып тұрған үрдісті Бақберген Дос­ман­бетов ағамыз қалаға әкім болған кезде қа­лыптастырған еді. Міне, мәдениеттің озық үлгісі деп айтуға болады. Осындай өнегелі істер жалғасын тапса, нұр үстіне нұр бо­лары сөзсіз.
– Анаңыздан ерте айырылыпсыз. Пенде үшін жүректі қоз­ғайтын өкініш. Анаңызға арнап жазған жырларыңыз бар ма?
– Мен үйдің тұңғышы болдым. Әкемді «әке», шешемді «шеше» дей алмадым. Олар арамыздан ерте ұзап кеткенде ақын­дығым да, сөз ұстағандығым да адыра қалсын дегем. Ең жылы сөздерді айта алмадым ғой. Содан кейін де «әке» деп, «ана» деп жазған аза жырларымды, сағыныш жырларымды жан баласына оқытқан емеспін. Ал ұлағат жырларымды оқыр­мандарым тұшына оқып, тіпті кейбірін жыраулар мақамға са­лып орындап жүр.
– Шешемнің тәрбие мектебі деп айтып қалдыңыз. Соған тереңірек тоқталсаңыз…
– Шешемнің мектебіне таң қалам. Үш қарындасым бар. Соларға ибалылықты, қазақтың қазанының қасиетін, қо­нақты қалай күту, бауырға қалай қарауды, барған жерін қалай сый­лауды, күйеуіне қалай қарау керек, бәрін алтын көмбедей етіп, қолына ұстатқандай үйретіп кетті. Қазір барлық баласы кө­геріп, көктеп, немере-шөбере сүйіп отыр. Бұл – шешемнің тәлім-тәрбиесінің арқасы. Анам туралы ауылда «Күлекең өмір­ге күліп келді, күліп кетті» деген сөз бар. Үнемі күліп жүретін. Қабақ түйгенін көрген емеспін. Аз ғана өмірінде біреумен ұрысып, бізге жекігенін байқамаппын. Әкемнің тәрбие құралы – қамшы. Анамның тәрбие құралы шымшып алатын еді.
«Әкем – академигім» депсіз. «Әкенің берген тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Перзент үшін әкенің орны, оған құрметі қандай болу керек деп ойлайсыз?
– Әке деген әке ғой. «Е, менің қайран әкем» деймін. Тебіренбей, толғанбай әкемді еске алған емеспін. Жанымда аз уақыт қана болды. Бірақ мәңгілік сөнбейтін шырақ, үзілмес үміт қалдырып кетті. Күрсінсем күрсінімде, қуансам қуанышымда әкем тұрады. Қазіргі қоғам «мықты азаматтың артында мықты әйел тұр» деген жағымсыз сөз ойлап тапты. Мен оған келіспеймін. Мықты азаматтың артында мықты әйел емес, мықты әкенің батасы тұр. Батасыз байлығыңда береке, шаңырағыңда мереке болмайды. Ұрпақ соны ұғуы керек.
Әкем аз сөйлейтін, бірақ саз сөйлейтін. «Ай түнде керек, ақыл күнде керек, құран оқытпайтын ұрпақ кімге керек?» деген сөзді жиі айтатын. Қазір әкем соны неге айтты деп ойлаймын. Анамның кететінін сезді ме екен?
Рас, мен Құдай берген дарынымды дала академиясында ұштаған адаммын. Академияның академигі мен үшін қарапайым қойшы әкем еді. Арғы атасы Ырысалды Меккеге жаяу барған қажы, өз әкесі Ыдырыс қажы сауатын ашқан алым-молда болған әкем Сырдың соңғы ахуны киікші Кете Жүсіптің жиені болған.
Менің асау тағдырымның трагедиясы әкем өмірге келген кезден басталған. Репрессия, ұлт ұғымына қарсылық ділі мен дініне берік әулетті тонап, жұрдай қылып жоғалтпақ болған. Шыны керек, қажы тұқымының жалғыз ұрпағы болған менің әкем әрең аман қалған адам. Біздің көрер жарығымыз бар екен. Содан ба, сонша ақылды болған әкем қой бағып кеткен. Қой бағып жүріп ой бағатын. Мені еркін өсірді. Атымды Серік қойып жүргені өзі жалғыз болғанынан екен. «Үлкенім маған ұл емес, әкем мен шешеме ұл болсын, бұл менің інім» деп айдар тағыпты. Мен «Мың бір түнді» тығылып оқитын тентек болдым.
Бәрі бір-ақ сәттей екен. Сауық құрып, сайран салып жүрген мені елге шақыртты. Барсам, әкей әл үстінде екен. Жаныма жайғас деп ымдап, тілге келіп:
Шіріген бәйтерекпін, құлаймын мен,
Басыма Құдай салды, шыдаймын мен.
Серікжан, тоғыз түйме тастап барам,
Тігіп қой, ақіретте сұраймын мен, – деді де, үзіліп кете берді. Менің тағдыр деп жүргенім сол кезден басталды. Тоғыз түймесін тіршіліктің жейдесіне түптеп тұрып қададым. Халық та барынша түсінді, еркелетті. Сол жұбаныш болды маған.
Кейде осы желіден әкелерін пір еткен, аналарын ұлы еткен жазбаларды байқап қаламын, дұрыс-ақ. Солай болу керек қой. Әкем Махмуд – менің академигім. Төрт құбылам түгел болса, тағдыр дейтін бір шіркін, жон арқамнан оспаса, қазақта бүгін Серік Ыдырысов деген есім болмас еді. Рас айтамын. Әкем жазып қалдырған көк дәптер бар. Сол дәптер біздің әулеттің құтқалтасы болды. Бәріміздің таңдайымызға сөз салды. Сонда да қолдан құдірет жасағым келмейді. Әкем әке болғаны үшін ұлы!
– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: