Сейсенбі, 01 сәуiр, 14:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23,2136
01.04.2025
PDF мұрағаты

Депуттаттар ауыл медицинасына алаңдайды

29.03.2025

621 0

Қала аумағындағы емханалар мен ауылдық елді мекендердегі емдеу ұйымдарының халыққа сапалы медициналық қызметтер көрсетуде интернет жылдамдығын жақсарту, емдеу орындарының тарлық етуі, медициналық құрылғылардың жетіспеушілігі, тегін дәрідәрмектермен қамтамасыз етуін жақсарту мақсатында пәрменді шаралар қабылдауды қажет етеді. Бұл мәселелер  VIII шақырылған қалалық мәслихат депутаттарының кезекті отыз алтыншы сессиясында кеңінен талқыланды. Сессияға қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, сала басшылары, ауылкент әкімдері қатысты. Сессия отырысына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Қалалық емханалар мен ауылдық елді мекендердегі емдеу ұйымдарының халық­қа сапалы медициналық қызметтер көр­сетуі және тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселелері туралы» бойынша  облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова хабарлама жасап, осы салада атқарылған жұмыстар мен кезегін күтіп тұрған тиісті мәселелер жөнінде кеңінен айтып өтті.

 – Қаламызда мемлекеттік денсаулық сақтау құрылымдары мен барлық стацио­нарлар тұрғындарға тиісті кепілдендірілген қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, Қызылорда қаласы бойынша бір тәулік ішінде орта есеппен 6258 ересек, 4360 бала дәрігер көмегіне жүгінеді. Ал жедел жәрдем қызметінен 700-ге жуық шақырту­лар орындалады. Орташа есеппен 1 тәулікте стационарлық емге шұғыл және жоспарлы түрде 139 ересек және 74 бала қабылданса, 20-30 нәресте дүниеге келеді. Қаламызда жыл сайын денсаулық сақтау нысандарының саны артуда. Өткен жылы өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 дана санитарлық автокөліктер алынып, оның 72 данасы қалада орналасқан медициналық ұйымдарға берілген. Осылайша, елді мекендерде санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тапқан.  2025 жылы денсаулық сақтау ұйымдарына материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 7,8 млрд теңге бөлі­ніп, оның 5,4 млрд теңгесіне қалада орналасқан медициналық ұйымдарға медициналық техника сатып алу жоспарлануда, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова.

Мемлекет халық үшін медициналық қыз­мет сапасын жақсарту, сондай-ақ меди­цина қызметкерінің өзі үшін қолайлы жағдай жасау бойынша іргелі іс атқаруда. Дегенмен бұл тұрғыда қиындықтар да кездесіп жатады. Мәселен, тегін дәрі-дәрмектер алу үшін тіркелген науқасқа тікелей берілуі туралы шешімге сәйкес, тегін дәрі-дәрмек алуға дәрігер жазып беретін электронды рецепті үшін науқастарда смартфон болу керек. Бұл жасы 60-тан асқан смартфон қолдана алмайтын зейнеткерлерге қиындық келтіруде. Қарапайым қалта телефоны бар зейнеткерлер дәрілерін уақытылы ала алмауда. Ал екінші мәселе жүзін әжім басқан қарияларды face ID жүйесі танымай қалып, науқастар уақыт жоғалтуда. Осы сынды мәселелер ауылдағы ағайынның тегін дәріні уақытында алуына кедергі келтіріп отыр.

Сессия отырысында мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарға бір­неше маңызды ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ,  медицина мәселесі бойынша қалалық мәслихат депутаты Мейрамбек Есжанов өз ұсынысын жеткізді.

– Қалаға қарасты Ақжарма, Қызыл­өзек, Талсуат ауылдық округтердегі амбу­ла­тория­лық емханалардың учаскелік дәрігерлерін ауылға үш рет барғанда да кездестіре алмадық. Ал Қызылөзек ауылдық округінің емханасының іші салқын, ол жерде отырып жұмыс істеу мүмкін емес. Талсуат ауылдық округіндегі амбулатория 2009 жылы берілген. Сол кезден бастап ешқандай жөндеу көрмеген. Осындай ауылдағы мәселелер қашан шешімін табады? Медицина саласына көптеген қаржы бөлініп жатыр. Ауылдағы ағайынның денсаулық мәселесіне көңіл бөлетін уақыт келген сияқты, – деді қалалық мәслихат депутаты Мейрамбек Есжанов.

Ал қалалық мәслихат депутаты Раушан Ысқақова қаладағы медицина саласының жетістіктері мен өзекті мәселелерін жан-жақты зерделей келе қалалық мәслихат тарапынан ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, КБИ тұрғын үй ауданындағы Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй аумағынан емхана филиалын ашу, №6 емханаға қарасты «Бәйтерек» мөлтек ауданы тұрғындарының сұранысы бойынша сол аумақта емхана филиалы құрылысын жүргізу, №1 емхана ғимаратының тарлық етуін ескере отырып, алдағы уақытта емхана жанынан қосымша құрылыс салу және автотұрақ салуды қарас­тыру, №4 және №5 емханаларға жаңа ғимарат салу мүмкіндіктерін қарастыру сынды мәселелер өз кезегін күтіп тұр.

Сонымен қатар сессия отырысында «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы, «Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы», «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» мәселелері талқыланды.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: