Жексенбі, 23 маусым, 05:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
49-2059
22.06.2024
PDF мұрағаты

Жеке мектептің көбеюі білім бәсекесін арттыра ма?

25.05.2024

291 0

Қазақстанда туу көрсеткішінің үздіксіз өсуі орта білім беру саласында айқын байқалады. Елімізде жаңа мектептерге деген қажеттілік күн сайын артуда. Қазақстанда барлығы 7842 мектеп бар, алайда демографиялық өсім әсерінен орын тапшылығы сезілуде. Ұлттық статистикалық бюросының ақпараты бойынша 2010 жылдан бастап 2023 жылдың соңына дейін 14 жасқа дейінгі балалар саны 3,9 миллионнан 5,8 миллион адамға немесе 48,7%-ға дейін өскен. Сол себепті елде жекеменшік мектепке сұраныс артқан. Бұған мектеп жасындағы балалар санының көбеюі, ата-аналардың балаларына сапалы білім беруге деген ұмтылысы сияқты бірқатар факторлар әсер етеді. 2022 жылы елімізде 408 жекеменшік мектеп болса, қазір 735-ке дейін жеткен.
Бүгінде жеке мектептер балаларға қосымша пәндер мен үйірмелер таңдауға, жалпы алғанда, оқу процесін ұйымдастыру бойынша түрлі инновациялық тәсілдерді ұсынады. Кейбір мектептер үйірмелерде жан-жақты даму, спортта жетістікке жету, бірнеше тілді игеруге мүмкіндік бар екенін айтса, енді бірі оқуды бітіргеннен кейін түлектер халықаралық университеттерге қосымша дайындықсыз түсе алады деп уәде береді.
Қазіргі уақытта қаламызда жеке мектептер саны 21-ге жетті. Бұл ретте аймағымыздағы жеке мектептердің бірінің оқыту әдістемесін зерделеу мақсатында «Зерде» интеллектуалды мектебіне бардық.
– «Зерде» интеллектуалды мектебі 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Мектеп ақылы және ақысыз негізде. Біздегі ерекшелік – оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік бар. Мәселен, заманауи жабдықталған ІТ, IЕLTS, робототехника, арт-дизайн кабинеттері, спорттық ойындардың түрлеріне арналған алаңдар қарастырылған. Сонымен қатар ақылы сынып оқушылары үшін ағылшын тілі және математика пәндері түстен кейін қосымша оқытылады. Тағы бір ерекшелік, 1 сыныптан бастап ағылшын тілі үйірмесі бар. Мектеп оқушылары «Зерделі» ақыл-ойды дамыту орталығының арнайы оқулықтарымен білімдерін шыңдайды, – дейді мектеп директоры Ләйлә Барахатқызы.
Мектепте оқу процесі жалпыға білім беру стандартына сәйкес жүргізіледі. Ақылы сыныптар үшін түстен кейінгі уақытта қосымша сабақтар мен үйірмелер жұмыс істейтінін білдік.
– Мектебімізге қабылданған әрбір оқушыдан кіріс бақылауы алынып, нәтижесі ата-анаға таныстырылып, білім алушыны жеке дамыту мақсатында жоспарға сай жүргізіледі. Тоқсан сайын бастауыш сыныптар үшін – оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықты дамыту мақсатында математика, қазақ тілі, әдебиеттік оқытудан, 5-9 сыныптар үшін – математика, қазақ тілі, тарих, жаратылыстану пәндері, ағылшын тілі, қазақ тілі пәндерінен түрлі формада сынамалар алынып, мектепішілік бақылау жүргізіледі. Соның нәтижесі педагогикалық кеңесте талқыланып, пән мұғалімдеріне білім сапасын көтеру мақсатында тапсырма беріледі. Сондай-ақ мектепішілік бақылау барысында алынған көрсеткіш пен оқушылардың күнделікті бағасын салыстырып көреміз. Оқушылармен арнайы қосымша сабақтар өткізіліп, білім деңгейін көтеруге білікті мамандарымыз жұмыс істейді, – дейді педагог-зерттеуші Ләйлә Барахатқызы.
Әлемде жекеменшік мектептер білім беру жүйесінде маңызды рөлге ие. «Spear’s 500 School Index» – әлемдегі ең мықты жекеменшік мектептерді көрсететін рейтинг. Олар деректерді, онлайн формаларды және сұхбаттарды пайдалана отырып, мектептерді академиялық жетістіктері мен әлеуметтік аспектілері бойынша бағалайды. Биылғы тізімде Харроу және Вестминстер сияқты Лондон мектептері ғана емес, сонымен қатар Еуропаның көптеген мектебі де тізімге енді. Жалпы кез келген ата-ана мектепті таңдағанда, әдетте, бірнеше негізгі факторларға назар аударады, солардың бірі мектеп рейтингі. Біріншіден, олар мектептің беделін ескереді, оны басқа ата-аналардың пікірлері мен бітірушілердің жетістігімен бағалауға болады. Екіншіден, маңызды критерий – білім беру бағдарламасының сапасы мен педагогикалық кадрлардың біліктілігі. Ата-аналар оқу жағдайына да назар аударады: сынып көлемі, заманауи құрал-жабдықтардың болуы, спорттық және шығармашылық секциялар. Төртінші фактор – мектептің орналасқан аймағы және оған баратын жолдың ыңғайлылығы. Егер ол жеке мектеп болса, оқу ақысы маңызды рөл атқарады, өйткені жеке мектептер көбіне ақылы екені белгілі. Осы факторлардың барлығы ата-аналарға белгілі бір мектептің пайдасына саналы таңдау жасауға көмектеседі. Аталған критерийлерге жеке мектептер қаншалықты сәйкес келеді? Бұл сұрақты жеке мектеп директорына қойдық.
– Жеке мектепте мұғалімдер үздіксіз білімін жетілдіріп, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп отырады. Педагогикалық құрамның озық инновациялық әдістерді меңгерген мамандармен тәжірибе алмасуы әрдайым назарда. Мәселен, біздің мектеп Білім-инновация лицейімен ынтымақтастық туралы меморандум жасаған. Сонымен қатар арнайы мамандар шақырып, коучинг, шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Мектептің бастауыш сынып мұғалімдері үшін «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің атқарушы директоры Әрін Қайсаұлы «Алтын сақа», «Алтын тұғыр» олимпиадаларының ерекшеліктері мен есептерді шешу жолдары бойынша коучинг ұйымдастырса, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының тренері Басанова Ақманат Серікқызы «Авторлық бағдарлама жазудың талаптары мен әдістемесі» тақырыбында шеберлік сағаты өтіп, әдістемелік бағыт-бағдар берді, – дейді директор.
Жекеменшік оқу орындары оқу-ағарту министрлігіне есеп береді және мемлекеттік стандарттар бойынша жұмыс істейді, бірақ оқытудың авторлық әдістері мен тәсілдерін енгізе алады. STEM, шет тілдері, олимпиадаға дайындық немесе робототехника болсын, белгілі бір пәндерге басымдық беріп оқытуды ұсынады. Мектепке байланысты ата-аналар мектеп саясатына әсер ететін маңызды шешімдерге де қатысуы мүмкін.
– Қазіргі таңда бала тәрбиесінде үштік одақ: мектеп – бала – ата-ананың тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі маңызды. Оқу-тәрбие процесінде ата-ананың мектеппен қарым-қатынасы маңызды рөл атқарады. Мектептегі іс-шараларға белсенді қатысқан ата-аналар балаларының оқу үлгерімі мен ынтасын айтарлықтай жақсарта алады. Ата-аналар балаларымен бірге мектептегі жетістіктері мен жоспарларын талқылай алады. Осы іс-шаралардың барлығы ата-аналар мен мектеп арасында тығыз байланыс орнатуға көмектеседі, бұл табысты білім алу үшін маңызды. Отбасы, мектеп және тәрбие жұмысындағы ынтымақтастықты орнату мақсатында мектеп «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Меморандум аясында бірлескен жұмыстар жүргізіліп, «Отбасы мен қоғам – тәрбие жұмысындағы ынтымақ одақтасы» тақырыбында кездесу өтті. Сондай-ақ «Әке жолы – ізгі жол» атты әкелер арасында волейбол жарысы, «Өнегелі отбасы», «Әже – көңілдің ажары, немере – өмірдің базары», «Әкем, анам және мен» атты отбасылық сайыстар, «Менің әкем – менің батырым, менің досым» атты іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып келеді, – дейді Ләйлә Барахатқызы.
Мектепті таңдауда оқушылардың жеткен жетістіктері мен еңбегі маңызды рөл атқарады. Ата-аналар мектептегі оқушылардың жетістігіне жиі назар аударады, өйткені бұл білім сапасының көрсеткіші. Жетістіктер әртүрлі болуы мүмкін: емтихандағы жоғары ұпайлар, олимпиадалар мен жарыстардағы жеңістер, спорттағы немесе өнердегі жетістіктер. Ата-аналар олар туралы ашық ақпарат көздерінен, мысалы, мектеп веб-сайтынан немесе жаңалықтардан біле алады. Ата-аналар қанша түлектің беделді оқу орнына түскеніне немесе қайда жұмыс істеп жүргеніне назар аудара алады. Бұл да мектептегі дайындықтың жоғары деңгейін көрсетсе керек.
– Оқушылардың еңбегі – мектеп ұсынатын білім сапасының көрінісі және ата-аналар балаларына мектеп таңдау кезінде ескеретін негізгі факторлардың бірі. Ата-аналар оқушылардың емтихандағы жоғары бағалар мен жарыстардағы жеңістері сияқты оқудағы жетістіктеріне жиі назар аударады. Олар сондай-ақ өнердегі, спорттағы және басқа да сыныптан тыс жұмыстардағы жетістіктерді бағалайды. Мысалы, оқушылардың жетістігі біздегі ұсынатын білім сапасының жоғары екенін көрсетеді, – дейді «Зерде» интеллектуалды мектебінің директоры.
Қаламыздағы Ж. Нұрманов атындағы №198 орта мектеп директорының орынбасары Айдана Жауғашарова еліміздегі білім беру жүйесі туралы өз ойымен бөлісті. Ол жеке және мемлекеттік мектептер бірдей сапалы білім береді деп санайды.
– Білім беру сапасын бақылау мақсатында кез келген білім беру ұйымы 5 жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Мемлекеттік білім беру ұйымы аттестаттаудан өткен кезде білімнің сапасына қатысты барлық құжаттар ұсынады. Жеке білім беру ұйымын аттестаттау барысында комиссия білімнің сапасына қатысты құжаттарды тексере отырып, білім беру ұйымының қаншалықты сай екенін бағалап, аттестаттаудан өткізеді. Жалпы, кез келген білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өткенде, тест негізгі пәндер қазақ тілі, математиканы және таңдау пәнін қоса отырып, 4 пен 9 сынып оқушыларын арнайы сынама тест тапсырады. Жекеменшік мектептерде оқушылар таңдаған пәндеріне ғана көңіл бөледі. Сонымен бірге ҰБТ-ға қосымша күнделікті дайындық сабақтары да болуы мүмкін. Жеке мектеп немесе мемлекеттік мектеп болсын, екеуінің де басты мақсаты сапалы білім беру. Қандай мектепте де оқушыларды дамытуға және оларға болашақта көмектесетін қажетті білім мен дағдыларды беруге ұмтылады. Жеке және мемлекеттік мектептер әртүрлі тәсілдер мен әдістерді қолдануы мүмкін, бірақ олардың ортақ мақсаты – оқушыға сапалы білім беру. Олар оқушының білім алуына, дағдыларының дамуына және жалпы әл-ауқатына ықпал ететін оқу ортасын құруға тырысады. Білім сапасы тек мектеп түрімен ғана анықталмайтынын есте ұстаған жөн. Бұл сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігіне, оқу бағдарламасына, ресурстарға және ең бастысы, оқушының күш-жігері мен оқу ынтасына байланысты, – дейді Айдана Жауғашарова.
Айдана Байтаққызы елімізде мектептің екі түрін де дамытуға толық мүмкіндік бар екеніне сенімді. Ол мектеп таңдау әр оқушының жеке қажеттіліктері мен мақсаттарына байланысты екенін еске салды.
Әлемдік статистикадан жекеменшік мектептің білім беру жүйесінде маңызды рөл атқаратынын байқаймыз. Қорытындылай келе, жекеменшік мектептер Қазақстанның және әлемнің білім беру жүйесінде маңызды орынға ие және олардағы білім сапасын арттыру қажет деп айтуға болады. Қай мектепке болсын, баға беру қиын. Көп нәрсе балаға, оның отбасының қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне байланысты. Кейбіреулер үшін мемлекеттік мектептердің білім беру тәсілі тиімді болса, ал кейбірі жеке мектептегі білім артық деп санайды. Шешім қабылдау мен қорытынды жасау әркімнің өз еркінде.

София
Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: