Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Домбыраның жақсысы – ағашынан

06.07.2024

567 0

Қос ішектен күмбірлете күй төгер қазақтың қара домбырасының қоңыр үнін естігенде құйқаң шымырлап, делебең қозып, бір орнында тұра алмайсың. Қазақтығың да, азаттығың да, асқақтығың да осында жатыр. Құрманғазының «Адайын» тыңдаған қазақтың көз алдына сайын дала төсінде дүбірлеп шапқан тұлпарлар, көк аспанмен таласқан тау, көкте қалықтаған қыран бүркіт, осының бәрінің иесіндей һәм киесіндей қазақтың өзі көз алдыңа келеді. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «адам жанын тәрбиелейтін құрал» деп анықтама берген бұл аспап қазақпен бірге жасасып келеді. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөздің өзі тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті. Сыр бойында ұлттық аспаптың кез келген түрін жасайтын шебер Біржан Ділмановтің қолынан шыққан талай домбыра бүгінде үлкен сахналарда тыңдарман құлағының құрышын қандырып жүр.

Біржан Базарбекұлы домбыра жасауда ең алдымен ағашына мән берген абзал дейді. Бүгінде оның қолынан шыққан мықты домбыралар бразилиялық полисандрдан жасалуда. Республика бойынша домбыра үніне ынтық талай қазақ аспапты Сырдан алдырады. Мұның өзі өнер қонған өлке екенімізді айқындай түседі.
– Қазір бразилиялық полисандр ағашынан дайындап жатырмын. Арнайы тапсырыспен алдырған соң қымбатқа шығатыны да анық. Бірақ аспапты барлық өлшемдерін сақтап, талабын ескере отырып, дайындаған соң, ақысына сай болады. Ал домбыраны жасау үшін онымен тілдесе білу керек. Аспаптың бойындағы әрбір элементтің көлемі милиметрге өзгермегені жақсы. Домбыраның дауысы алдымен ағашына, сосын әрбір элемент өз орнында тұрғанда ғана жақсы шығады. Кейде домбыра тартып отырған адамның аспабына қарап, қай жерінде қате кеткенін, қай жері дұрыс емес екенін бірден аңғарамын, – дейді шебер.
Біржан ұста шәкірттерімен бірге 20 күнде 265 домбыра жасаған кезі болыпты. Бар ынта-ықыласы мен шеберлігін сала отырып, жасаған ол туындылары ерке Есілдің жағасындағы Елордаға жол тартқан.
– Осыдан бірер жыл бұрын Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бір мезетте мыңның үстінде домбыра тартылатын болды. Міне, сол аспаптардың 350-дейі менің қолымнан шықты. Тапсырыс уақыты тығыз болғаны соншалық, 20 күнде 265 домбыра жасадық. Ол сәт естен кетпейді, – дейді Біржан Базарбекұлы.
Бүгінде шебер жасаған домбыраларды Ақылбек Жеменей, Мейрамбек Бесбаев тәрізді қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары да тартып жүр. Талайдың бағын ашып, өнер әлемінде сенімді серігіне айналуда. Алған адам кейіннен арнайылап алғыс айтып, хабарласып та тұрады екен.
– Әрбір домбыра – ішіңді жарып шыққан баладай. Біреуге сатып жіберсек те, ары қарайғы тағдырына алаңдап, қалай жүр екен, не істеді екен деп ойлап жүреміз. Енді ойлап қараңыз, кішкентай төртбұрышты ағаш кезінен бастап, дауысы шығып, домбыраға айналған сәтіне дейін қанша процесс жүреді. Кәдімгідей бауыр басып қаласың. Тіпті қимайсың. Иә, өнер деген осындай бір ерекше тылсым. Бірақ домбыра аспабы үкі байланып, әр қазақтың төрінде тұрса екен деймін. Өйткені ол – біздің қазақтығымыздың символы, – дейді ұста.
Біржан Базарбекұлының әкесі де керемет ұста. Сыр еліндегі домбыра жасайтын шеберлердің алдыңғы қатарында жүреді. Хоббиі де, жұмысы да, кәсібі де – домбыра жасау. Міне, әкеден балаға қонған қасиет Біржанды да осылай талантты шебер етіп шығарды. Алдына мақсат қойып, кәсіпті үлкейтемін деген оның ойындағысы орындалып, бүгінде республикаға танымал домбыра жасау шеберіне айналды.
– «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 14 млн теңге несие алдым. Бүгінде «Жетіген саз аспаптары» ЖШС аштым. Ұлттық аспаптың 30-дан астам түрін жасаймыз. Аудандық ансамбльдердің көптеген аспабын жасадық. Оның ішінде қылқобыз, жетіген, прима қобыз, оркестрдегі басқа аспаптар, жетіген, бас домбыра бар. Біз санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Тұтынушы талғамына сай жасап, аспапты табыстап келеміз, – дейді Біржан Базарбекұлы.
Бойдағы бар өнерді кәсіпке айналдырып, оның нәтижесін көріп отырған шебердің жұмысына сүйсіндік. Иә, өз жұмысыңа қаншалықты сүйіспеншілікпен қарасаң, еңбегің де сені солай өрге сүйремек. Міне, өз ісін ерекше махаббатпен жасайтын Біржан шебердің кәсібіне қарап, осылай ой түйдік.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: