Соңғы кезде әлеуметтік желі қолданушылары арасында Дубай шоколады сәнге айналды. Тәтті өнімнің бұлай кең танылуына әрине танымал блогерлердің үлесі зор. Бірінен соң бірі жарыса жариялағаннан кейін Дубай шоколады көпшіліктің қызығушылығын арттырған. Онсызда әлеуметтік желідегі әдемі көрініске жиі алданатын қауым осылайша жаңа өнімнің кеңінен таралуына мүмкіндік берді.
Бүгінде тәтті өнімге деген сұраныстың артуы Араб елінің астанасындағы шоколад фабрикаларының жұмысын жандандыруда. Ал негізгі тұтынушылар қазақстандықтар екен. Шоколад бағасының қымбат болуына қарамастан Дубайдан тапсырыс беріп алдыратын отандастардың қатары артқан. Мамандар қазақстандықтардың шоколадқа жаппай тапсырыс беру арқылы Араб елінің экономикасын дамытып жатқандығын айтады.
Әлеуметтік желіде тренд болған тек Дубай шоколады ғана емес. Бұған дейін түрлі косметика, смартфон сияқты тағы басқа дүниелер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Өнімді өткізуде қолданылатын маркетингтік әдіс-тәсілдер кез келген заттың құндылығын арттырады. Алайда оның қаншалықты құнды екенін бағамдап жатқан жан жоқ.
Елімізде Дубай шоколадына деген тәбеттің артуын мамандар тұтыну мәдениетінің төмендігімен бағалауда. Себебі қаржылық сауаты бар адам мұндай бір сәттік әрі құнсыз дүниелерге босқа ақша шашпайды дейді. «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен мұны «маркетингтік тәсілдің құрбаны болу» деп бағалады. Себебі жай ғана тәттіге қызықтыру арқылы жұртшылықтың қызығушылығын арттыру өнімді сатудағы басты тәсілдің бірі саналады.
– Негізі сатып алудың екі әдісі болады. Бірі –қажеттілік, екіншісі – қалау. Қажеттілік ол өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жұмсалатын шығындар санаты. Ал қалау – ол эмоциялық көңіл күй сыйлайтын шығын. Дубай шоколады екінші санаттағы шығын түрі. Бұл өнімді сату үшін ойлап тапқан маркетингтік әдістің нәтижесінде трендке айналды, – дейді қаржы сарапшысы.
Иә, трендтен қалмау үшін барын салатын жандар үшін Дубай шоколады жоспарсыз шығын жасаудың басы да соңы да емесі анық. Сарапшы айтқандай, әр адам жөнсіз ақша жұмсамауы үшін «жеті рет өлшеп, бір рет» кескені абзал.
– Жалпы өмірде адам баласының нақты бағыт-бағдары, өмір сүру стратегиясы болады ғой. Оның күнделікті іс-әрекеті де соған сай құрылады. Мәселен, ақша жұмсауда сатып алатын дүниең қаншалықты қажет, сенің мақсатыңа қаншалықты сай келеді соған мән беру керек. Көпшіліктің Дубай шоколадын сатып алуын қаржылық сауатсыздық деп баға беруге болмас. Бұл бір реттік қызығушылықтың көрінісі. Дегенмен мұндай жағдай қайталана берсе, адамдар өнім сатудағы маркетингтік әдістерге жиі алданатын болса, онда оның табысына кері әсер ететінін ұмытпағаны жөн, – дейді сарапшы.
Ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, хит болған тәттінің Дубайдағы негізгі бағасы бес мың теңгеге жуықтайды екен. Ал арнайы тапсырыспен келетін шоколадтың бағасы қазір 18-20 мың теңге шамасында. Соған қарамастан бір шоколадқа осынша қаржы жұмсайтындар бар. Өкініштісі, елдің бәрі қызыққан шоколадты жеп көру үшін несие алғандар да бар көрінеді. Бүгінде Дубай шоколадын еліміздің кондитерлері де шығаруда. Бірақ нағыз түпнұсқадағы тәттінің дәмін татқысы келетіндер арнайы Отанынан алдырады.
Dalainside.kz ақпараттық-сараптамалық сайты осы өнімге қатысты мақала жариялапты. Онда шоколадқа жұмсалған 20 мың теңге бір ғана тұтынушы тұрғысынан елеулі емес екендігін айтады. Алайда мұндай транзакцияның саны еселенген сайын бұл миллиондаған теңгенің шетелге кетуіне ықпал етеді. Сондай-ақ шетелдік тауарға тәуелділік ұлттық капиталдың ішкі нарықта тұрақтауына кедергі келтіреді.
– Қазақстан үшін Дубайдан жеткен шоколадтар белгілі бір әлеуметтік статустың белгісіне айналған. Оның дәмі сол 20 мыңның өзіндік құнын ақтай ма, мәселе онда емес. Мәселе, сіздің әлемжелідегі статусыңызға инфляциясыз өсім беретін шоколадтың өзінде болып тұр. Мұндай психотипке ие адамдар үшін қаржылық тұрақтылық немесе жинақ жасау маңызды емес. Олардың психологиясы көбіне қоғамның көзқарасына тәуелді. Егер әлемжеліде немесе таныстар арасында «Дубайдан шоколад әкелу» трендке айналса, олар да солардың қатарынан қалғысы келмейді. Бұл «қазақтарда ақша бар, бірақ оны қалай жұмсауды білмейді» деген пікірдің классикалық үлгісі. Шоколадтың құнына көз тастай отырып, тек бір ғана сауал қоя аламыз: «қазақтардың ақшасы қайда кетіп жатыр?» Брендке, мәртебеге, ең бастысы, сыртқа кетіп жатыр, – делінген мақалада.
Расымен, 20 мың теңге кейбіреулер үшін көп қаржы болмаса да, қарапайым халық үшін әжептәуір ақша. Ал оны тиімді жұмсай білсең, ертеңгі игілігіңе айналуы да мүмкін.
Жалпы жеңіл дүниеге қызығушылық, өмірдің мәнін тек материалдық тұрғыдан қарастырып, бүгінгі күнмен өмір сүру, ішіп-жеу, әдемі киіну қазіргі заманның стиліне айналғаны жасырын емес. Дубай шоколады сол өмірдің бір бөлшегі ғана. Бұл тұрғыда психолог маман былай дейді.
– Дубай шоколады бүгінде жаппай қызығушылық тудыруда. Сол үшін қалтасындағы соңғы тиынын беретіндер де бар. Психологиялық тұрғыдан мұндай әрекетті тәуелділік деп айтуға болмайды. Бұл тек қызығушылық. Өкінішке қарай мақтаныш сезімін сыйлайтын бір сәттік дүние әрі ысырапқа жол беру. Бұл да көптің Iphone смартфонына қызыққаны сияқты жағдай. Шоколадтың шын мәніндегі дәмі, құрамы, оның қаншалықты маңызы барына ешкім бас қатырмайды. Шындығында, бұл тек эмоциялық әсер береді. Уақыт өте келе бұл да трендтен қалады. Біз өте еліктегіш халықпыз ғой. Сондықтан Дубай шоколады сол қажеттіліктің орнын толтырушы өнім ғана, – дейді психолог маман Ақтолқын Алтынбайқызы.
«Дубай шоколадын ел-жұрт жаппай сатып алуда» деп даурығудың қажеті де жоқ шығар. Десе де әлеуметтік желідегі жалған өмірге қызығатындар көп. Ертеңін ойламастан бір шоколад үшін несие алғандарға не деуге болады. Бұл расымен, бізде тұтыну мәдениеті қалыптаспағанын білдіреді.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!