Халықтың қамын ойлап, бүкіл өмірін елге қызмет етуге арнаған жанның бірі менің әкем – Төлепберген Алматов. Өте сыйлы, айналасына мейірім шашып тұратын әкемнің жолдасы да, досы да көп болатын. Қызметтестерімен тез тіл табысып, оларға жанашырлық танытып, отбасылық мәселелері болса да көмектесіп, оны шешуге жанын салатын. Жұмыстан бір босай қалса, балаларына көңіл бөліп, қамқорлығын аямайтын. Әкем 1935 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Қызылордадағы совхоз техникумды және 1981 жылы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтын бітірген. Еңбек жолын Қармақшы ауданындағы механикалық-техникалық жабдықтау зауытына механик қызметінен бастаған. 1957 жылы механикалық зауыттың меңгерушісі лауазымына тағайындалды. 1960 жылы Қармақшы ауданындағы Чапаев колхозында, 1971 жылы сол аудандағы Ақжар совхозында, 1973 жылдан 1979 жылға дейін Ленин совхозында бас инженер болып қызмет атқарды. 1980 жылдан бастап Сырдария ауданының МИС поселкесінде гараж меңгерушісі, 1982 жылдан 1988 жылға дейін материалдық-техникалық шеберхана меңгерушісі, 1988 жылдан лаборотория меңгерушісі қызметін атқарды. 1995 жылдан келісім бойынша жұмысқа қабылданып, оны абыроймен атқарып, 1997 жылдан бастап зейнетке шықты. Әріптестерінің айтуынша, әкем жүзі жылы, білікті маман болған. Техниканы меңгерген инженер ретінде механизаторлар мен жұмысшылар арасында зор беделге ие болып, қай қызметті атқарса да жауапкершілік жүгін терең сезіне білген. Еңбегі еленіп, бірнеше медальмен, мақтау қағазымен марапатталған. Өз заманының озаты, жастарға ақыл кеңесін айтатын көшбасшылық қасиетімен танылған. Зейнетке шыққан соң да ауыл тынысынан бір мезгіл қол үзбеді. Ауылдағы түйіні қиын істерде ауыл басшылығы әкеммен ақылдасып, тәжірибесімен бөлісіп, шешімін табатын. Ауылдың абыз ақсақалының бірі болғанын үлкен кісілер жиі айтатын. Әкеміз жақсылық жасауға дайын тұратын елге болсын деген өте әділ, қоғамшыл адам еді. Мінезі жайдары, әзіл-қалжыңды ұнататын. Досқа адал, жолдастары арасында сыйлы, а йналасына қамқор болды. Абырой биігінде болған әкемнің еңбегі ескеріліп, есімі ұлықталып, атына көше атауы берілсе деген тілегім бар.
Маржан АЛМАТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!