Қорытындыны қандай ғалымдар жасады?
«Елім-ай» – өткен тарихтан хабар беретін қазақ үшін өте құнды туынды. Сол себепті де бұл шығарманы зерделеп, сараптауға екінің біріне жол берілмейтіні белгілі. Бірақ сонда да авторына қатысты екіұшты пікірдің ақиқатына жету үшін мамандар зерттегенді жөн санапты. Мамандар болғанда да атағынан ат үркитін кәнігі мықты ғалымдар. Олардың қатарында ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры К.І.Матыжанов, ҚРҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А.Қасқабасов, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзібаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Ысқақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Мәдібаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Керім, филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Медеубек, филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Сейілбек, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Алпысбаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент П.Әуесбаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Қыдыр, өнертану кандидаты, доцент А.Қазтуғанова, магистрант Н.Елесбай сынды елге белгілі ғалымдар бар.
Нақтырақ айтсақ, ҚР МСМ Мәдениет комитеті мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына «Елім-ай» туындысына байланысты сұрау жолдаған. Институт басшылығы ғалымдардан арнайы комиссия құрып, «Елім-ай» дастанының қолжазбаларына кодикология-мәтінтанулық талдау жасап, сараптау қорытындысын дайындаған.
Қолжазбаны кімдер өткізген?
Мәліметтерге сүйенсек, ғалымдар әдебиет және өнер институтына 1981 жылы Мәди Болатов өткізген (№853/ 1 бума, 10-дәптер) және 1983 жылы Қаратай Биғожин тапсырған (№883-бумадағы (5-дәптер) қолжазбаларды зерделеген.
Ғалымдар алдымен М.Болатовтың қолжазбасын саралаған. Олардың айтуынша, №853/1 бумада (10-дәптер) сақталган қолжазбаны 1981 жылы Мәди Болатов институттың қолжазба қорына тапсырған. Мәтін шақпақ жолды оқушы дәптеріне көк сиялы қаламмен араб-төте әрпінде жазылған. Жинаушы мәтінді Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Сунақ ата совхозы Екпінді бөлімшесінде тұратын руы балталы Төлеген Бекенұлы дейтін қарияның аузынан 1971 жылы жазып алғаны туралы мәлімет келтіреді. Жырдың көлемі – 46 бет, 177 шумақтан тұрады. Қолжазба соңында «13/Х- 1980» деп жазылған.
Қолжазбаны өткізген Мәди Болатов Жаңақорған ауданының тұрғыны Төлеген Бекенұлының есімін көрсеткендіктен мұндай кісінің өмірде болған-болмағанын анықтау мақсатында сол өңірде тұратын өлкетанушы-шежіреші Оразхан Садықұлына хабарласқан едік. Ол кісі шынтуайтына келгенде Төлеген Бекенұлы емес Бекен Төлегенұлы деген жыршының болғанын, тіпті үш күн, үш түн тоқтамай жыр айтқанын қариялардан естігенін мәлім етті. Өлең айтқанда тоқтай алмай жорғалап отыратынын айтып, содан Бекен-жорға атанғанын жеткізді. Оразхан Садықұлының айтуынша, аты Бекен де, әкесінің аты Төлеген екен. Сонда аты мен тегі ауыстырылып жазылып тұр ғой.
Біз Бекен ақсақалдың ұрпақтарын іздеп көрдік. Сайлаухан Жартыбайұлы есімді немересін тауып, телефон арқылы тілдестік. Ол Бекен атасының өте мықты жыршы болғанын, ескі жырларды көп білгенін, тіпті «Қыз Жібек», «Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Мұңлық-Зарлық» сынды дастандарды жатқа айтқанын жеткізді.
– Ол кісінің есімі – Бекен. Төлеген – әкесінің аты. Мен немересімін. Бекен атамыз ескі жырларды көп білетін адам еді. Үлкендердің сөзінше, жыр айтқанда тоқтай алмай жорғалап отыратын көрінеді. Содан оны Бекен-жорға атап кеткен. Шежірені де жақсы білетін. Көз көргендер Бекен-шежіре деп те атады. Бір жағынан ақындығы да бар еді, термені де әдемі орындайтын, – деді Сайлаухан Жартыбайұлы.
Ғалымдар негізге алған екінші №883-бумадағы (5-дәптер) қолжазбаны 1983 жылы Қаратай Биғожин тапсырған. «Мәтін кеңсе қағазына көк сиялы қаламмен кирилл әрпінде жазылған. Көлемі 45 бет, 405 шумақ, 1664 жол. Мәтінмен бірге шығарма жөнінде 13 бет түсінік жазылған. Онда «Елім-ай» жырын мектепте оқып жүргенінде Ұлы Отан соғысының мүгедегі, 1923 жылы туған Ғосман есімді кісіден 425 шумағын жазып алып үйренгенін, кейіннен ұмытып 253 шумағын ғана есінде сақтап қалғанын жазса, тағы бip мәліметінде 215 шумағын 1949 жылы Теңдік атты кітапханашы қыздан жаттағанын ескертеді. Сондай-ақ Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырының 405 шумағын Қожахмет Дәрібайұлының жалғыз немересі Махмет жатқа айтты деген, енді бірде Қожахмет балуан Дәрібайұлы марқұмнан науқастанып жатқанында жазып алғаны туралы дерек береді. Сондай-ақ ертеде өткен біраз ақындардың бұл жырды жатқа білгені, қолжазбалары болғаны жөнінде мәліметтер келтіреді», – делінген сараптауда.
Ғалымдар осы екі бумада (№853/1; №883) сақталған «Елім-ай» дастаны деп көрсетілген шығармаға қолжазбаның қағазы, каллиграфиялық ерекшелігі, көшірілген уақыты, көшірушісі, көркемдік ерекшелігі, жазылу мәнері секілді кодикологиялық және мәтінтанулық зерттеулер жүргізіп, соның негізінде қорытынды жасаған. «Жырдың мәнері XVIII-XIX ғасырлардағы шығармаларға ұқсамайды. Сол дәуірдегі дастандар түркі әдеби (кітаби) тілінде жазылған, бұл шығармада осы кезеңге тән тілдік ерекшеліктер сақталмаған. Кейбір сөз қолданыстары бүгінгі заманның жазу стиліне келеді», – делінген ғалымдар қорытындысында.
Осындай пайым жасаған ғалымдар Мәди Болатов пен Қаратай Биғожин өткізген қолжазбаларды талдайды. Алдымен Мәди Болатов жазып алған нұсқаның (853/1, 10-дәптер) бірнеше жерінен мысал келтіреді. Біз де ауытқымай дәл сол шумақтарды назарға ұсынғанды жөн көрдік.
«Намазды уақытша тоқтатыңдар азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Қожа-молда, ишандар артын қыссын,
Қоржынға салып қойсын шариғатын» (11-бет, 27-шумақ).
«Мұсылман көмектеспей мұсылманға,
Бермеді қару-жарақ қысылғанда.
Түрікпен, естек, қырғыз, ұйғыр, дүнген,
Шет болды осы күні дін исламға» (13-бет, 32 шумақ).
«Әлсіреп тозды біздің отанымыз,
Болды ғой құлдырайтын қоғамымыз.
Кетірген көп қазақтың берекесін,
Билер мен ханға болсын обалымыз» (13-бет, 35-шумақ).
Комиссия мүшелері: «Бұл шумақтардан кеңестік идеологияның ьқпалы байқалады, яғни қожа, молда, ишан, би мен ханның жағымсыз образы суреттелген. Ал «азамат», «Отан», «қоғам» деген сөздер де XVIII-XIX ғасырларға тиесілі емес», – деген пайым жасайды.
Енді Қаратай Биғожин тапсырған нұсқаға, анығырақ жазсақ, 883-бума, 5-дәптерге ден қояйық.
«Көрші елге батыр болып атым жеткен,
Терістік Сарыарқаны мекен еткен.
Керейде Толыбай сыншы кіші ұлы едім,
Жырларым үш жүз ұлын елжіреткен» (2-бет).
«Келем деп мейман болып қyaң Сырға,
Қайта алмай көп қиналдым мен де қырға.
Елімнің мүшкіл халін көзбен көріп,
Қобыз ап қосып тұрмын асқақ жырға.
Алатау, Алакөлден көш келеді,
Көшкен сайын ат пен нар бoc келеді.
Туысқаннан айырылған жаман екен,
Мөлдіреп екі көзден жас келеді» (5-бет).
«Дүнгеннің анасы – қытай, атасы – араб,
Жатпады олар тағы текке қapaп…
Тиісіп найман, коңырат, жалайырға,
Мазасын кетірді елдің шабуылдап.
Соқтықпақ ұйғыр, қырғыз тағы бізге,
Қоқан, Бұқар сатпады мылтық, қару.
Қазаққа күнгей беттен түре тиіп,
Жолдарын қарастырып олжа табу.
Coл мылтық қазақтарға сатылмады» (6-бет).
«Айырылды бай, мырзалар саудасынан,
Бектердің ұшты бақыт cay басынан.
Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан» (7-бет).
Қолжазбаның осы тұстарына комиссия да тоқталған. Олар: «Институттың қолжазба қорында сақтаулы тұрған «Елім-ай» аталатын өлең мәтіндерінде XVIII-XIX ғасыр ақын-жырауларының тіліне үйлеспейтін сөз қолданыстары өте көп. Шумақтарда қазіргі қолданыстағы сөз орамдарының орын алуы халық жырларында бірен-саран кездесіп отыратын анахронизмнен мүлде бөлек. Жоғарыдағы келтірілген мысалдардан мәтіннің көркемдігі сын көтермейтіні, авторының ақындық деңгейі төмен екені аңғарылады. Өлең өлшемі мүлде сақталмаған, шумақтардың басым көпшілігі жеңіл ұйқасқа құрылған. М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының көшірмелері есебінде сақталған екі қолжазба XVIII-XIX ғасырлардағы қадімше жазу үлгісінде емес, кеңес кезеңінде хатқа түскені анық. Авторлық ауыз әдебиеті мұраларының мәтіндік-нұсқалық ерекшеліктерін ескере отырып, текстологиялық capaптамa жасау барысында бұл мәтіндердің ақиқаттығы дәлелденбеді. Авторына қатысты деректер де күмәнді», – дейді.
Қазір Мұхтар Мағауинді көп айтамыз ғой. Оның жыраулар поэзиясын зерттегенін жақсы білеміз. Мұхтар ағамыздың 13 томдық шығармалар жинағы бар. 2002 жылы Алматыдан басылып шыққан осы еңбекте: «Керей Қожаберген деген жырау болған. Алтынсарин «Хрестоматиясында» аты аталады, бip үзік толғауы жүр. Бірақ белгілі Бұқарды қайталайды. Мүмкін, ортақ сарын. Мүмкін, әуелде Қожабергенге тиесілі тіркестер. Алайда Бұқарға біржола кіріккен. Ал Қожаберген атына қатысты басқа бip нұсқaлap кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп, Қожабергенмен қоштастым», – деп жазады.
Бұл жолдар тарихта Қожаберген деген жыраудың болғанын растайды. Бірақ бұл ол кісінің «Елім-айға» қатысы барын білдірмейді. Қолда бар деректерге көз жүгіртсек, А.В.Затаевич «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңіне қатысты «Елім-ай» әнінің үш нұсқасын нотаға түсіріп, 1925 жылы Орынборда шыққан «Қазақтың 1000 әні» жинағына халық мұрасы ретінде енгізген. Бірақ «Елім-ай» әнінің, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырау екені айтылмайды. Тіпті А.Байтұрсыновтың, Х.Досмұхамедовтің, М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Х.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтың, М.Мағауиннің, Ж.Тілеповтың қазақ әдебиетінің тарихына қатысты, он сегізінші ғасырдағы қазақ жырауларының шығармашылығына арналған зерттеу еңбектерінде мұндай дастан жөнінде еш дерек айтылмайды. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1960-1967) алты томдық еңбекте, «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989) жинағында, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2003-2008) он томдығында аталған жыр туралы мәлімет кездеспейді.
Осының бәрін негізге алған ғалымдардан құралған арнайы комиссия: «Текстологиялық сараптамалардың нәтижесінде М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында №853/1; №883 бумаларда сақталған мәтіндерді «Елім-ай» атты дастан деп тануға, оларды Қожаберген жыраудың төл шығармасы ретінде айқындауға ғылыми негіз жоқ», – деген қорытынды жасайды.
P.S.: Біз бірнәрсені естен шығарып алған сияқтымыз. Қандай жыр не дастан болса да, аңыз-әпсана болса да орындаушылар мен жеткізушілер өз жанынан аз-кем қосып отыратыны жасырын емес. Біздегі жыр-дастандардың бірнеше нұсқасының болуы осы сөзімізге дәлел. Мүмкін, бір кездері Қожаберген жырау «Елім-айдың» бәріміз білетін «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын негізгі нұсқасын шығарған да шығар, кім білсін?! Бірақ кейінгі жеткізушілер жаңа заман лебімен толықтырған болса ше?.. Алғашқыда дастан болмай, кейінгі орындаушылар өз жанынан қосып, дастанға айналдырған болуы да мүмкін ғой. Бұған да көңіл бөлейік дегім келеді. Түптеп келгенде, Қожаберген жырау да, қолжазбаны өткізген Мәди Болатов та, Қаратай Биғожин де, тіпті дастанды жырлаған Бекен Төлегенұлы да өмірде болған кісілер. Мұны қайда қоямыз? Қаратай Биғожин өз руының адамы болғандықтан Қожаберген жырауды дәріптеді дегендер де табылып жатыр. Ал Мәди Болатов ше? Ол керей емес қой. Ақын-термеші Бекен Төлегенұлының да руы бөлек. Оларға «Елім-ай» Қожабергеннің туындысы деп айту не үшін керек? Рушылдыққа салатын болса өз ата-бабалары да жетіп-артылады. Демек, бұл жерде тарқатылмаған тағы бір түйін бар. Мұнымен ғалымдар «Елім-айды» қайта сараласа деген ой айтқымыз келеді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!