Дүйсенбі, 25 қараша, 02:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Ептілік пен дәлдік ойыны

30.08.2024

477 0

Елімізде алғаш рет өткізілетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жарыс бағдарламасына асық ату енгізілді. Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ату –
қазақ халқының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі, көнеден келе жатқан қазақтың бірегей ұлттық ойыны. Асық ату – ептілікті, дәлдікті, стратегиялық ойлауды қажет ететін ойын. Қозғалысты үйлестіруді, зейінді және есте сақтауды дамытады, сонымен қатар топпен жұмыс істеуге және ережелерді сақтауға үйретеді.
Асық ату 2011 жылдан бастап спорт түрі болып санала бастады. 2017 жылы қазақтың ұлттық дәстүрлі асық ойыны ЮНЕСКО қорғауындағы материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізсе, 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті Асық ату федерациясын аккредитациядан өткізді. Қазақстан асық ату құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржановтың айтуынша, бүгінде елімізде асық атумен кәсіби деңгейде айналысатындар саны 89 мыңнан асқан.
Аймағымызда осы ұлттық ойын түрін ардагер спортшы, Ұлттық асық ату федерациясының облыстық филиалының атқарушы директоры Райхан Наукеев он жеті жылдан бері жастарға үйретіп келеді. Отыз алты жылдан аса жұмыс өтілі бар ұстаз К. Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясында дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Тәжірибелі ұстаз заман талабына сай оқытудыӊ жаӊа технологияларын тиімді пайдаланып, облыс көлемінде жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Райхан Тәуекелұлының шәкірттері республикалық, халықаралық сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Ұлттық ойын түрін дәріптеп жүрген ардақты ұстазбен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Көшпелілер мәдениетінің байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін асық ату ойынының тарихы тамыры тереңде. Бүгінде осы ойын түріне оқушылардың қызығушылығы қандай?
– 2007 жылдан бері К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясында ашылған «Асық ату» үйірмесіне жетекшілік етудемін. Шәкірттерім асық ату ойынында тамаша нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда. 2010 жылы Астанада өткен жарыста шеберлігін көрсетіп, жүлделі оралды. 2014 жылы Астанада қала күніне орай өткен мерекелік іс-шарада шәкірттерім үшінші орынды жеңіп алып, өздерінің жоғары дәрежелерін тағы да растады. 2019 жылы Қостанай қаласында асық атудан «Кейкі мерген» атындағы Х халықаралық турнирде үшінші орынды иелендік. Қазіргі таңда айтарлықтай жетістіктерге жеткен көптеген дарынды шәкірттерге сабақ беріп жүрмін. Мысалы, Рахат Досов – ол Лига чемпионы атанып қана қоймай, қалада да, елімізде де көптеген марапаттарға ие болды. Биыл Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы біріншілікте шәкірттерім тамаша ойын көрсетіп, қалалық, облыстық деңгейдегі іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, чемпионатта үшінші орын иеленді. Айта кетсем, облыстық, республикалық спартакиада мен чемпионаттарда орын алған жүлдегерлерге спорт шеберлігіне үміткер, спорт шебері атақтары беріледі.
– Аймақта қандай шаралар өтуде?
– Қазіргі таңда Сыр өңірінде асық атудан түрлі деңгейдегі шаралар өткізіліп келеді. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған халықаралық турнирлер, облыстық біріншіліктер, спартакиадалар мен ел чемпионаттары өтуде. Жақында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: іске асыру тетіктері мен перспективасы» тақырыбында облыстық форум өтті. Форумда «Асық ату және бес асық ойындарын жетілдіру және шыңдау» тақырыбында ашық сабақ өткіздім. Сонымен қатар аудандық және қалалық мектептерден келген дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арнайы семинар өткізіп жүрмін.
– Мектептегі үйірмеге қанша оқушы қатысуда?
– «Асық ату» ойыны – ұлдар арасында кең тараған қазақтың дәстүрлі спорт түрі болса, қыздар «бес асық» ойынын ойнайды. Бірнеше жыл бұрын қатысушылар аз болғанымен, бүгінде үйірмеге 2-11 сынып оқушылары қатысады. «Ұлттық мектеп лигасы» бар, онда үнемі чемпионаттар, сондай-ақ біліктілікті арттыру бойынша әртүрлі сабақтар мен семинарлар өткіземін. «Бес асық» үйірмесін оқушылар арасында спорттың осы түрін дамытуға зор үлес қосып жүрген Гүлнар Асайбулдаева жетекшілік етеді. Мектеп директоры Роза Жадиеваның қолдауы арқасында мектепте ұлттық кабинет ашылды, онда балалар ұлттық ойын түрлерін үйренеді. Бүгінде К. Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясы директоры ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мен төл ойындарымыздың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Облыстық асық ату федерациясының төрағасы Жандос Базартай көптеген шараға демеушілік жасауда. Сондай-ақ мектеп түлектері, шәкірттерім асық атуға байланысты түрлі іс-шараларды өткізуге көмектесіп, қолдау көрсетіп келеді. Бұл мәдени мұраны сақтауға көмектесіп қана қоймай, қоғамды жақындастырып, өскелең ұрпақты салт-дәстүрді үйренуге және құрметтеуге шабыттандырады. Асық атуды үйренгісі келетін жастарды қызықтыратын орталыққа айналғанын мақтан тұтамыз және оны одан әрі дамытуға тырысамыз. Мектебіміз ұлттық спорт түрлерін қолдау мен дамытудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, өзге оқу орындарына үлгі болды. Мектеп чемпионаттары, семинарлар сияқты іс-шаралар оқушылардың физикалық ғана емес, сонымен қатар зияткерлік қабілеттерін дамыта отырып, оқу-тәрбие үдерісіне зор үлес қосып келеміз. Бұл да оқушылардың өзін-өзі тануына және өз қабілеттеріне сенімді болуына тамаша мүмкіндік.
– Асық ату жастардың бойындағы қандай дағдыларды дамытады?
– Жалпы асық ойыны тұнып тұрған тәрбие. «Асық ату» үйірмесінде балалардың физикалық және психикалық дамуына оң әсер ететін дағдылар қалыптасады. Ең алдымен, бұл қозғалыс пен ептілікті үйлестіру, өйткені ойын дәлдік пен реакция жылдамдығын талап етеді. Қол моторикасы да жақсарады, бұл дәл қозғалыстарды орындау үшін маңызды. Ойын математикалық дағдыларды дамытуға ықпал етеді: ұпайларды санау және жеңімпазды анықтау, ақпаратты жылдам санау және талдау қабілетін талап етеді. Үйірмеге қатысу сонымен қатар топтық жұмыс, қарым-қатынас және әлеуметтік дағдыларды нығайтады. Асық ойыны арқылы балаларда қайсарлық пен табандылық қалыптасады, мақсат қоюға және оған жетуге үйренеді, бұл болашақта кез келген салада табысқа жетудің маңызды дағдысы. «Асық ату» ойыны ұлттық мұраның бір бөлігі болғандықтан мәдени болмыстың дамуына ықпал етеді. Балалар өз халқының тарихын, салт-дәстүрін меңгереді.
– Асықтың қандай түрлері бар?
– Асықтың түрлері көп. Атап айтқанда, сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Асықтардың негізгі түрлері: кеней, сақа, ешкімек, қойлық, құлжа, топай және шүкейт және одан басқа түрлері көп. Олардың әрқайсысының ойында өзіндік формасы мен мағынасы бар. Мысалы, сақа көлемі 4,5 сантиметрден кем болмауы тиіс, ал салмағы 30 грамм, ойында тігілетін асық салмағы 17 грамм болуы шарт. Бүгінде менде 2000-нан аса асық бар, оқушыларым үзіліс кезінде де асық ойнайды.
– Ойынның жалпы бекітілген ережесі қандай?
– «Асық ату» ойыны тарихы бай, еліміздің мәдени мұрасының маңызды бөлігі. Ұлттық ойындардың астарында үлкен мән бар. Ойын ережелері аймаққа байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ негізгі ережесі өзгеріссіз қалады. Ойынның мақсаты – асықтарды белгілі бір аймақтан шығару немесе ойынның нақты нұсқасына байланысты басқа мақсаттарға жету. Ойыншылар жеңіске жету үшін ептілік, дәлдік және стратегиялық ойлай білуі керек. Асық ату арнайы жабынмен жабылған тегіс алаңда өтеді. Шеңбердің ортасында асықтар тізіліп, оларды шеңберден шығару үшін ойын алаңының екі жағында белгіленген белгіден сақа лақтырылады.
– Асық ату үйірмесінің алдағы жоспары қандай?
– Атадан балаға мирас болып, бүгінге күнге жеткен мәдени құндылығымыздың бір бөлшегі, ұлттық ойынымыз асық ату ойынын өскелең ұрпаққа жеткізу біздің басты – парызымыз. Қазақ елі спорт саласында үлкен жетістіктерге жетуде, әлемдік аренада өзіндік орны бар. Оқушыларым әлемге танылып, үлкен додада биіктен көрінсе деген тілегім бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!


Сұхбаттасқан
София Хайрулллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: