Жұма, 14 маусым, 17:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Мейірімді мейіргер – Гүлмира

11.05.2024

621 0

Жүзінен жылылық сезіліп тұратын, адам жатырқауды білмейтін Гүлмираны тумысынан адам жанының шипагері десе болғандай. Ол жұмсақ сөзімен, қарапайым болмысымен кез келген жанды баурап алады. Сол себепті оның айналасына әсіресе кішкентай балалар үйір. Олар жай балалар емес, қиындыққа тап болып түрлі дертке шалдыққандар. Бала жаны нәзік болады ғой. Кім жылы шырай білдірсе, соған бүкіл болмысымен жақындайды. Ал мейіргер мамандығын жанындай жақсы көретін Гүлмира болса, «жақсыда жаттық жоқ» дегендей ешкімді жатсынбайды. Әсіресе балаларға ықыласы бөлек. Бұл мамандыққа ол бала күнінен қызығатын. Гүлмира Тоғызбайқызы 1972 жылы Қостанай облысы, Жетіғара қаласында дүниеге келді. 1994 жылы Қызылорда медициналық колледжін «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтап, сол жылы еңбек жолын облыстық медицина орталығының «Балалар хирургиясы» бөлімшесінде бастаған. Бүгінде көпбейінді балалар ауруханасында тәжірибелі, абыройлы мейіргер.
«Мен үшін елдің алғысынан артық байлық жоқ. Шақыртуларға барғанда түрлі қиын жағдайлармен бетпе-бет келдім. Жылы сөз, аялы алақан жаны жүдеп ауруға шалдыққан адамға өте керек. Әсіресе бала жаны нәзік, жараланғыш келеді. Олардың жүрегіне жол табу оңай шаруа емес. Өзің қиналып тұрсаң да оларға күлімсіреп қарап, ішкі қиындығыңды жеңе білу керек. Өз мамандығыңды құрметтесең сондай тәуекелдерге барасың. Ең бастысы, ауырған адамға үміт сыйлау – парызымыз. Оның арасында толтыратын қисапсыз көп қағаздарымыз бар. 9 мамырда жұрт демалып жатыр. Ал мен кезекшілікте отырмын. Аяқастынан жедел ота жасалатын немесе түрлі жарақатпен балалар келеді. Өте қиын, әрі жауапты жұмыс. Оның үстіне кішкентай балалар, тіпті жаңа туған нәрестелер де бар. Баланың тілін табу қиынның қиыны. Ол үшін психолог болу керек. Біздің жұмыс үнемі қарбалас. Басқа мамандықтар секілді жайбарақат жүре алмаймыз. Кей кезекшілік жүгіріспен өтсе, кейде сәл саябырсыса қуанамыз. Науқас азайғаны бізге де жақсы. Отбасында ана болған соң, балаға қарап, үй шаруасына үлгеруім керек. Бірақ қазір бар қиындықты жеңіп, өз арманыма қол жеткізгеніме өкінбеймін. Қазір кейінгі буын медбикелерге кеңес беріп, білмегендерін үйретіп отырамын. Ақ халаттының абыройын алып жүру оңай емес», – дейді Гүлмира Иманғалиева.
Ақ халатты абзал жанның еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен, бірнеше Алғыс хаттармен марапатталып, түрлі жарыстарда белсенділік көрсетіп, жүлделі орын алып, ұжымның абыройын асқақтатып жүр. Бүгінде 2 перзент тәрбиелеп отырған парасатты ана.
Бала жанына дәру беріп, шуақ сыйлаған мейірімді мейіргерге біз де сәттілік тілейміз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: