Қызылордалық шахматшы Ернұр Ержанұлы 12 жасында шахмат ойынының классика және блиц түрі бойынша Қазақстан чемпионы атанып үлгерген. Азия біріншілігінің жүлдегері, әлем кубогы кезеңдерінің тұрақты қатысушысы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған Ернұрмен сұхбаттасу сәті түсті.
– Ернұр, ең алдымен өзіңді оқырмандарға таныстырып өтсең…
– Мен Қызылорда қаласындағы №125 Ыбырай атындағы ұлттық мектеп-лицейінің 6 сыныбында үздік оқимын. Әлемдік және республикалық жарыстарға барарда үнемі қолдау көрсетіп жүрген мектеп директоры Мағжан Қанатбекұлына, барша ұстаздарыма алғыс айтамын.
– Шахматқа қызығушылығың қалай басталды?
– Балабақшада жүрген кезімде дойбы ойынынан жарыстарға қатысып, жеңімпаз болдым. Қабілетімді байқаған анам шахмат үйірмесіне апарды. 1-сыныптан бастап мектеп қабырғасында түрлі шахмат жарыстарына қатыса бастадым. Әкем – Ержан, Қызылорда қаласындағы музыкалық жоғары колледжде домбыра пәнінің оқытушысы, бірнеше республикалық және облыстық байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеп жүрген күйші. Анам – Мәрзия Мусаева, қаламыздағы №198 Ж.Нұрманов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Ол үнемі ізденіс үстінде, үйде бізді ғана емес, мектебіндегі оқушыларын да чемпион етуге ықпал етіп, түрлі жобалар ұйымдастырады. Біз – көпбалалы отбасымыз. Ағам Нұрсәт 9-сыныпты үздік аяқтады. Ол да шахматтан облыс және республика деңгейінде бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Алты жасар қарындасым Хадия биыл 1-сыныпқа барады, «Champion» шахмат орталығында жаттығады. Екі жасар інім Ханнұр балабақша тәрбиеленушісі, шахматты жақсы көреді, достарымен бірге шахмат ойнайды. Жұрт бізді «Шахматшылар отбасы» деп атайды. Достарым да көп, олардың барлығы шахматшылар.

– Бүгінге дейінгі басты жетістіктерің қандай?
– Қала, облыс, республика, Азия және әлем чемпионаттарына қатыстым. 2024 жылы классика мен блицтен Қазақстан чемпионы атанып, ел намысын қорғау үшін Италияға бардым. Оған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде құраманың сапында алтын медаль алдым. Грузияның Батуми қаласында, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионаттарында және Қырғызстандағы Ыстықкөл турнирлерінде жоғары нәтиже көрсеттім. Жуырда Қазақстан чемпионатында қола жүлде иеленіп, Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен Азия біріншілігіне қатысып келдім. Жақында ғана Ақтөбеде 20 мемлекет қатысқан халықаралық турнирден оралдым. Қырғызстан мемлекетiнде Ыстықкөлде өткен жарыстарда елiмiздiң атынан бақ сынап, жоғары деңгейде ойын көрсете алдым. Өскемен қаласында өтетін халықаралық турнир мен тамыз айында Абу-Даби қаласында өтетін турнирге дайындалып жатырмын.
– Есіңде ерекше сақталған, ең қиын ойын туралы айтып берші…
– Грузиядағы Әлем кубогында рейтингім әлдеқайда жоғары америкалық Guo Ethan-ды жеңген кезім естен кетпейді. Шахмат тақтасында әр жүрістің астарына үңіліп, соңғы секундтарға дейін күрестім.
– Қай шахмат шеберін үлгі тұтасың?
– Әлемнің 16-шы чемпионы Магнус Карлсенді үлгі тұтамын. Оның ойынды жоспарлау логикасы мен сезімталдығы ерекше әсер етеді.
– Шахматта сені ең қызықтыратыны не?
– Әр партия – жаңа зерттеу. Бәсекелеспен ойша күресу, бірнеше жүрісті алдын-ала болжау, күтпеген комбинация табу маған шабыт береді.
– Күніне қанша уақыт дайындаласың?
– Орта есеппен 3-4 сағатымды шахматқа арнаймын. Шахматшы үшін ұзақ уақыт бойы ойын ойнау және сабырлы болуға бірінші кезекте арнайы ереже, күн тәртібі және күн сайын спортпен айналысу көмектеседі. Менiң де шахматқа дайындығым таңғы сағат 6-да жүгiруден, жаттығу жасау, велосипед тебу, уақытылы ас iшу, күнделікті 2 сағат онлайн, 4 сағат өзім жеке дайындық және бассейн, тенниске бару секілді күн тәртiбiн қолданамын.
– Қазақстан шахмат федерациясы дайындықта қандай қолдау көрсетуде?
– Қазақстан чемпионы ретінде федерацияның арнайы «Таланттарды қолдау бағдарламасы» аясында үздік «Алтын пакет» және ай сайынғы арнайы стипендия иегерімiн. Турнирлерге үздіксіз қатысып бақ сынауыма қолдау көрсетіп отырған Қазақстан шахмат федерациясы президенті Турлов Тимур Русланұлы мырзаға, Қазақстан шахмат федерациясы директоры Дәулетова Гулмира Бекзатқызына алғысым шексіз.
– Оқу мен шахматты қалай қатар алып жүресің?
– Сабақты мектептен кейін бірден орындап, дайындық кестесін нақты жоспарлаймын. Ұстаздарым жарыс кезінде қатыса алмаған сабақтарды онлайн түсіндіріп, қолдау білдіреді.
– Жаттықтырушың бар ма?
– Қазақстан чемпионы болуға дайындаған тренерiм, облысқа белгілі шахматшы, қаламыздағы «Champion» шахмат орталығы басшысы Ерсерiк Әдiлет ағайым. Қазiргi таңда Астана қаласының бас жаттықтырушысы Нугуманов Бахтияр Қазбекұлынан және Армениядан Геворг Арутюнян мырзадан сабақ аламын.
– Шахматтан бөлек немен әуестенесің?
– 5 жасымнан «Қайсар» футбол клубында қатысып, 2 жыл қатарынан балалар арасында «Үздік қақпашы» номинациясы иегері болдым. Бассейнге жүзудi ұнатамын. Теннистi сүйіп ойнаймын. Бильярд пен боулингке де барамын, велосипед тебемiн.
– Чемпион болған сәттегі сезімің қандай?
– Соңғы турлар алдында ықтимал нәтижелерді талдап аламын. Марапат сәтінде алдымен маған сенген ата-анам мен бапкерлерімнің қуанышын ойлаймын, мұнан соң алға қойған мақсатымды ойлаймын.
– Жас шахматшыларға қандай кеңес берер едің?
– Ерінбеу керек, ұйқыдан ерте тұру, уақытылы ұйықтауды әдетке айналдырған дұрыс, уақыттың жауы – телефонмен көп дос болмауға кеңес беремiн. Әр баланың өз күн тәртібі болу керек, сонда жеңімпаз боласың!
– Сұхбатыңа рахмет!
Сұхбаттасқан
София ТЕМІРБОЛАТ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!