Жексенбі, 04 мамыр, 00:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32,2145
03.05.2025
PDF мұрағаты

Ғасыр сырын сақтаған ғимарат

03.05.2025

64 0

Сыртына қарап 100 жылға жуық уақыт тұрған ғимарат деп ойламайсыз. Заманға сай құрылыс жүріп, сырты қапталған бұл мекеме туралы білесіз бе? Ғимарат алдынан өткен қала тұрғындарынан сұрағанда көпшілігі білмейтінін айтты. Тек Лариса есімді қала тұрғыны бұрын бұл ғимаратта ағасының жұмыс істегенін жеткізді. Тарихи ғимарат туралы аз-кем әңгіме қозғайық.

1925 жылдың 19 маусымда Қызылорда қаласының құрылысына басшылық жасау үшін Халық комиссарлар кеңесі жанынан Құрылыс комитеті құрылады. Комитет төрағасы Абылай Серғазиев тағайындалып, оның техникалық жағынан орынбасары қызметіне инженер Мұхамеджан Тынышбаев бекітілді. Осы тұста қалада жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілген еді. Архивтік деректерге сүйенсек, бұл жылы 98 ғимаратқа жөндеу жұмыстары басталып, сонымен бірге 1 500 тұрғын үйге де күрделі жөндеу жасалған. 1925 жылға дейін қаладағы үйлер, вокзал, депо, су тартқыш мұнаралары ескі үлгіде яғни «кірпіш стилі» нұсқасында салынған.

Тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманның айтуынша сол кездегі жаңа қалаға қарапайым тұрғындармен бірге мәскеулік, петербургтік жобалаушылар атақты архи­текторлар В.Н. Львов, А.В. Будассилер тартылды.

– Мұхамеджан Тынышпаевтың басшы­лығымен қалада бұрынғы балшықтан са­лынған үйлердің орнына кірпіштен тұр­ғызылған тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар бой көтерді. Қала құрылысы бойынша олардың салтанатты көрінуі үшін үкіметтік жекежайларды, әкімшілік ғимараттарды безендірген кезде пішінделген бағаналар, мандайшалар, кессондалған ағаш төбелер сияқты классикалық әдіс қолданылды. Өкінішке қарай, олардан қалған 1927 жылы салынған, қазіргі Желтоқсан көшесіндегі 18 үй ғимараты ғана қалды, – деді тарихшы.

Осыдан 1 ғасырдай уақыт бұрын Қызыл­орда атауы қабылданып, ұлтымыздың қазақ атауы қайтарылғанын білеміз. Сол заманда Қызылорда ел астанасы болған кез еді. Қала орталығындағы қазіргі заманның архитектура стиліне ұқсамайтын мекеме бұрын қандай ғимарат болған?

1927 жылы ғимаратта қалалық атқару комитеті 60 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, 1990  жылға дейін тұрған. Кеңес дәуірінің басқару жүйесіндегі жергілікті атқарушы орган болған. Бұл КСРО кезінде әрбір қалада жұмыс істеп, қалалық кеңестің шешімдерін іске асырумен айналысқан. Жарық, су, тұрғын үй, білім беру тағы да басқа әлеуметтік-экономикалық даму жо­лында қызмет атқарған. Яғни қазіргі қала­лық әкімшіліктің құзіретіне кіретін барлық жұмыстар іспеттес. Ғимарат алдында Ыдырыс Қалиұлының ескерткіші қойылған. Ол 1925 жылы Қазалы ауданында туған. 1943-1950 жылы кеңес армиясының қатарында қызмет еткен, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Кейін, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін жасады. Ол төраға боп тұрған уақытта облыстың экономикасы мен мәдениетін көтеруге айырықша үлес қосқан. Екі қабаттан тұратын ғимараттың биіктігі 6,5 метр. Құрылысы ХХ ғасырдың басында салынып, 1991 жылдан бастап «ҚазАвтоЖол» Қызылорда филиалы мекемесінің теңгерімінде. 2017 жылы жөндеу жүргізілген бұл көне ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: