Бүгінде әлем елдері ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше маңыз береді. Олай етпегенде, сырттан қаржы алатын ұйымдар қоғамдық институттардың бағытын өзгертіп, идеологиялық күшке ықпал етудің әрқилы жолын игерген. Азаматтардың пікірін қалыптастырып, жергілікті билікке қарсы шығуға үндеуі ықтимал. Мұны Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина дағдарысы кезіндегі ақпараттық майданнан аңғару қиын емес. Сондықтан бейбіт елдер ендігі жолын таңдап, ақпарат кеңістігін қолға алуға тырысқанын көреміз. Алысқа бармай-ақ, Қазақстандағы «Масс-медиа туралы» заң жобасының жүзеге асуының бір мысалы ақпараттық қауіпсіздіктен туындап отыр.
Бұл бағыттағы құқықтық жобаны Грузия да қолға алған болатын. Алайда әзірге нәтижесіз әрі саяси қақтығыс шеңберінен шыға алмай келеді. Өткен жылы «Грузин арманы» партиясы «шетелдік агенттерге» қатысты заң жобасын әзірлеген. Онда өзге мемлекеттер қаржыландыратын ұйымдарды қадағалауға басымдық беру көзделгені бар. Яғни табысының 20 пайызынан артығын өзге елден алатын ұйымдар «өзге державалардың мүддесін қорғаушы» саналып, «шетелдік агент» санатына енеді. Мұны естіген елдегі оппозиция ереуілге шығып, билік заң жобасын аяқсыз қалдыруға мәжбүр болған еді.
Енді биыл да аталған тақырып қайта қозғалды. Заң жобасы Үкімет қарауына беріліп, екі оқылымы қолдау тауып үлгірген. Әдеттегідей оппозиция өкілдері республика көлемінде митинг өткізіп, биліктің райынан қайтуын талап етуде. Бүгінде ереуілге қосылып, қарсылық білдірушілер саны 200 мың адамнан асып жығылған.
Осы орайда апта бойы BBC арнасының тілшісі Жаклин Хоуард митингті ақпараттандыруда белсенді жұмыс істеуде. Сағат сайын арнайы шығарылым жүргізіп, оқиға хронологиясының үзілмеуіне септесіп жүр. Грузиядағы ахуалды толыққанды баяндау үшін журналистің хабарына шолу жасап көрелік.
«Еуропа алаңына 200 мыңға жуық адам жиылды. Бұл Грузияның тәуелсіздік кезеңіндегі ең ауқымды қарсылық шарасы ретінде тарихта қалары анық. Оның үстіне бірнеше күнде митингке қатысушылар саны 300 мыңға жетуі мүмкін.
Ереуілге қатысушылар сенбіде ел астанасының үш аумағына жиналды. Алғашқы топ Республика алаңына келсе, кейінгі топ Марджанишвили алаңында топтасса, соңғы лек «300 арагвилік» метро станциясына беттеген. Кейін үш топ Еуропа алаңына қарай сап түзей жүріп, қатары толыға түсті», – дейді ВВС тілшісі.
Тілші сөзінше, митинг 11 мамыр күні сағат 19:00 шамасында басталған. Дәл бұл күнге тура келуінің себебі бар. Күні бұрын Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе мемлекет «шетелдік агент» туралы заң жобасын мақұлдауы ықтимал екенін мәлімдеген болатын. Ол қандай кедергі болса да аталған заң жобасын аяғына жеткізуді мақсат еткенін де жасырмады. Сол-ақ екен, ертесіне Батуми, Кутаиси, Гори, Тбилиси қалаларында ереуіл тоқтамады.
Ереуілдің бастамашысы болған Грузия оппозицияшыларының оқиғаға қатысты өз уәжі бар. Айтуларынша, мұндай заң сөз бостандығын тежеп, БАҚ-тың еркін ақпарат таратуына тұсау болады. Тіпті бұл заң Ресейдің белсенділер мен билікке қарсы топты қудалауға қолданылатын заңымен сабақтас деген болжамда. Егер заң күшіне енсе, азаматтық сектор әлсіреп, Грузияның Еуропамен идеологиялық бірігуі қиындамақ.
Сарапшылар аталған заң жобасының «Ресей ықпалымен» әзірленгеніне сенімді. Алайда ең күрделі тұсы, заң қабылданса, елішілік ахуал ушығуы мүмкін. Әр қаладан бас көтерген ереуілшілер жалпыұлттық митинг ұйымдастыруы ықимал деген пікір тарауда. Олай болған жағдайда Грузияның ұлттық қауіпсіздігі мен билікке келуге мүдделі топтар оқиғаны өз пайдасына асырмақ.
Міне, осыған алаңдаған Грузия парламентінің VIII және IX шақырылымының депутаттары бұл заңның қабылдануына қарсылық білдіріп, доғару туралы талап қойды. Демократиялық ұстаным мен халықтың амандығын ойлаған зиялы топ сағат сайын үндеу жариялауда.
Оқиғаны АҚШ та жіті бақылап отыр. Ресейдің саяси практикасын қолданады деп күдіктенді ме, әлде Еуропамен арасы ашылады деген алаң болды ма, белгісіз, әйтеуір көп өтпей ресми хат жолдады. Грузияға «шетелдік тыңшылар» туралы заң жобасын ары қарай қарамауға үндеп, мұны құрдымға кетіретін қадам деп бағалаған.
«Грузиядағы жағдай түсінікті. Ел билігінде екі жол бар. Халық үніне құлақ асу немесе ресейлік жанрдағы авторитаризм көлеңкесінде қалу. Біздің айтарымыз, егер Грузия соңғы нұсқаны таңдаса, АҚШ ойланбастан еларалық байланыс стратегиясын түбегейлі өзгертеді. Мұндай тәжірибе бұрын да болды. Беларусь мемлекетіндегі авторитаризммен күрес үшін жасалған қадам сөзсіз дәлел бола алады», – деген АҚШ Өкілдер палатасының хатында.
Премьер-министр Ираклий Кобахидзеге жолданған хат райынан АҚШ-тың аянып қалмайтынын байқады. Әсіресе, жағдай ушықса, Тбилисиге қаржылық көмекті тоқтату, саяси санкцияны үдету, виза талабын қатаңдату орын алатынынын ашық айтқан. Мұндай келеңсіздіктің жауапкершілгі «демократия құндылығын аяқасты еткен Грузияның мойнында» деп меңзепті.
«Он мыңдаған адам Парламент үйінің алдына түнеуде. Түні бойы билеп, рухты көтеретін ұран айтумен болды. Ал күндіз отырысқа келген депутаттарды айқау-шумен қарсы алып, «құл», «орыс» деп айыптады.
Қазір Парламент үйін полицейлер толық қоршаған. Қолдарында қалқан, су зеңбірегін әлсін-әлсін шашып тұр. Осылайша, ереуілшілердің ғимаратқа кіріп кетпеуін қаматамасыз етуде. Сыртқа бәрі бейбіт көрінгенімен полицейлер мен ереуілшілер арасында қақтығыс болды. Екі АҚШ пен бір Ресей азаматы тұтқындалып, одан өзге 20-ға жуық азамат қамауға алынған. Көшеде шулаған ереуілшілер заң жобасына дауыс беруге келетін депутаттар естісін деген үмітпен барынша дауысын шығаруға тырысты», – деді Жаклин Хоуард.
Айта кетейік, 2012 жылы Ресей «шетелдік тыңшы» айдарын тағатын заңды қолданысқа енгізген болатын. Содан бері аталған заң Кремльге жақпаған саяси белсенділерді қамауға, қудалауға пайдаланылды деген пікір көп. «Шетелдік тыңшы» туралы заң жобасын әзірлеуге грузиялықтардың үрке қарауының сыры осы.
Бұған дейін ТМД елдері ішінде антиресейлік көзқарасы басым мемлекет Грузия болғаны жасырын емес. Азаматтық қоғам белсенділігі сонша, сыртқы саясатқа қатысты әрбір өзгеріс талқысыз қалмайды. Мобилизациядан қашып келген ресейліктер Грузияны паналағанда екі қоғамның түрлі әлемде өмір сүретіні, саяси ұстанымы мүлде алшақ екені әлемдік БАҚ-та жиі жарияланған болатын. Оның үстіне Ресей Украинаға басып кіргелі Грузиядағы ресейліктер саны да артты. Сондықтан ереуілшілер аталған заң ел болашағына әсер ете ме деп алаңдаулы.
Ерсін ШАМШАДИН
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!