Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы– аса қауіпті вирустық инфекция, алғаш рет 1944 жылы Қырымда тіркелген. Кейіннен аурудың қоздырғышы Конго аймағынан табылғандықтан, инфекция «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» атауын иеленді. Аурудың қоздырғышы – «Nairovirus» тұқымдасына жататын вирус, адамдарға негізінен кене шағуы арқылы, кейде вирус жұқтырған жануарлардан жұғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ресми деректеріне сүйенсек, ауру ошақтары Африкада, Балқан түбегінде, Таяу Шығыста, Азияда және Шығыс Еуропаның кейбір елдерінде жиі кездеседі. ДДҰ мәліметіне сай, соңғы онжылдықта аурудың таралу аумағы кеңейіп, көп кездеспеген елде тіркелуде.
Әлемдік статистика: ауру қаншалықты қауіпті?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында жарияланған ақпараттарға сүйенсек, вирус жұқтырған адамдардың өлім-жітім көрсеткіші шамамен 10-40% аралығында. 2022 жылдың өзінде әлемде шамамен 500-ден астам жағдай тіркеліп, олардың шамамен 20%-ы өліммен аяқталған. Әсіресе Африка құрлығында орналасқан Уганда, Конго Демократиялық Республикасы және Азияның кейбір елдерінде (Иран, Пәкістан, Түркия) эпидемиологиялық ахуал жиі өршіп тұрады.
Калифорния университетінің (Беркли) Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің зерттеушілері бұл вирустың өлім қаупі жоғары екенін атап өтті.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – өлімге әкелетін кене арқылы жұғатын ауру, вирус жұқтырған адамдардың 40%-на дейінгісі қайтыс болады, – дейді университет мамандары.
Аурудың таралу аймағы кең, Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік пен Шығыс Еуропаның кейбір бөліктерін қамтиды. Аурулардың алдын алу және бақылау еуропалық орталығының (ECDC) деректеріне сүйенсек, ауруханаға жатқызылған науқастар арасында өлім-жітім көрсеткіші шамамен 30%-ды құрайды. Мұндай жоғары өлім-жітім көрсеткіштері бұл вирустың жаһандық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселе екенін, алдын алу шараларының қажеттілігін айқындайды.
Ел мен аймақтағы жағдай: қауіп деңгейі қандай?
Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайы жіті бақылауда. Соңғы жылдардағы деректерге сүйенсек, 2021 жылы ел бойынша 19 жағдай тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсіп, 34 науқас анықталған. 2023 жылы жағдай одан да күрделеніп, 40 адам ауырған, оның 7-еуі қайтыс болды. Ал 2024 жылы індеттің таралуы бәсеңдеп, 24 жағдай тіркелді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары жаз маусымы аяқталғанға дейін кенелерге қарсы күрес жұмысы мен мониторинг жалғасатынын мәлімдеді. Сонымен бірге тұрғындардан жеке қауіпсіздік шараларын сақтап, табиғат аясында серуендеу кезінде барынша мұқият болуын ескертеді.
Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев өңірдегі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмысы басталғанын айтады.
– 2025 жылдың эпидемиологиялық маусымына дайындық барысында кенелерден қауіп төнетін 111 елді мекен анықталды. Бұл аймақтар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз деп танылды. 111 елді мекенде жалпы көлемі 3124 474 шаршы метрді құрайтын 35 255 қора, суат, шаңлақ және 622 016 бас малды залалсыздандыру жұмыстарына арнайы «Креолин-Х 5%» препараты қолданылатын болады. Бұл шараны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері толықтай аяқталды, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының нақты кестесі бекітілгенін және барлық аудан-қалаларда жүзеге асатынын айтты.
Мамандар не дейді?
Әлемдік денсаулық сақтау саласының мамандарының пікірінше, вирустың таралуын тоқтатудың ең тиімді жолы – алдын алу шараларын мұқият орындау. ДДҰ сарапшыларының айтуынша, кене шағуынан қорғанудың ең тиімді жолы – далада, орман-тоғайда жүргенде міндетті түрде жабық киім кию, үй жануарларына ветеринариялық бақылауды күшейту маңызды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының клиникалық көріністері мен алдын алу шараларын айтты.
– Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы – жедел таралатын, қауіпті вирустық аурулар қатарына жатады. Аурудың клиникалық ерекшелігі – дене қызуының кенет көтерілуі, жалпы әлсіздік және тромбогеморрагиялық синдроммен сипатталады. Бұл – маусымдық ауру, көбіне мамырдан тамызға дейінгі аралықта тіркеледі, – дейді Гүлмира Сыздықова.
Маманның айтуынша, науқастардың 80 пайызы – 20 мен 60 жас аралығындағы азаматтар. Аурудың негізгі тасымалдаушылары – түрлі кеміргіштер, үй және жабайы жануарлар, яғни ірі қара мал, жылқы, ит, мысық, ал негізгі жұқтырушы – кене. Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарда аурудың жиі кездесуі осыған байланысты. Вирус адам ағзасына кене шаққанда немесе теріде жаралар арқылы енгенде жұғады.
Маман аурудың клиникалық жағдайына тоқталып, атап өтті.
– Инкубациялық кезең 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Кейбір науқастарда (шамамен 7-9%) геморрагиялық белгілер мүлде байқалмайды, сол себепті ауру жасырын түрде өтуі де ықтимал. Ауру жеңіл, орташа және ауыр түрде өтуі мүмкін. Ал геморрагиялық белгілер де осы деңгейлерге сай әртүрлі көрініс табады, – дейді ол.
Ауру белгілері
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қаупі бар аймақтарда тұрғындардың сақтық шараларын орындауы – індеттің таралуын алдын алудағы басты кепілдік. Адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, сала мамандарының ұсыныстарын орындауы ауруды дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік береді.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиеваның айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті, ауыр өтетін вирустық аурулардың бірі. Бұл індеттің ерекшелігі – жедел басталып, ағзаны әлсіретіп, қан кетумен қатар жүретін тромбогеморрагиялық синдромға әкелуі мүмкін.
– Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда науқастың дене қызуы 1-2 тәулікке төмендеп, кейін қайта көтеріледі. Аурудың қаншалықты ауыр өтетіні вирустың мөлшеріне, таралуына және ағзаға ену жолына байланысты, – дейді маман.
Оның айтуынша, геморрагиялық белгілер пайда болғаннан кейін адамның жалпы жағдайы күрт нашарлайды. Бет, ерін, мұрын, саусақтар көгеріп, теріден және ішкі ағзалардан қан кету байқалады. Бұл кезде науқастың өміріне қауіп төнеді, – деп ескертеді дәрігер.
Сондай-ақ вирус адамның ағзасына кене шағуынан бөлек, терідегі жаралар арқылы да енуі мүмкін. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының клиникалық белгілері екі кезеңнен тұрады: алғашқысы – қызба, әлсіздік, бас, бұлшықет және бел ауыруы, екіншісі – қан кету, терідегі бөртпелер мен гематомалар.
– Ауру асқынып кеткен жағдайда инфекциялық-уытты шок, өкпенің қабынуы, тіпті өлім жағдайы да тіркелуі мүмкін. Аурудың алдын алу үшін әр адам жеке бас гигиенасына, киіміне және демалыс кезінде сақтыққа мән беруі тиіс, – дейді Шарипа Әлиева.
Маманның айтуынша, кене шағуынан қорғану үшін ең алдымен табиғат аясына шыққанда алдын ала өңделген, кенелер тіршілік етпейтін аумақтарды таңдаған дұрыс. Шөпке отыруға немесе жатуға болмайды, себебі бұл кенемен жанасу қаупін арттырады. Далаға шыққанда ашық түсті, денені толық жабатын киім киген жөн, ал шалбардың балағы етік ішіне салынуы тиіс. Сонымен қатар кенелерді үркітетін репеллент құралдарын пайдалану маңызды. Серуеннен кейін міндетті түрде денені толық тексеруі қажет. Егер кене табылса, оны қолмен жаншымай, дереу медициналық көмекке жүгінген абзал.
Дәрігер жұртшылықты кенеге қарсы залалсыздандыру шараларына бейжай қарамауға және әр адамды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек пен дұрыс профилактика – бұл дерттің таралуына жол бермеудің басты кепілі.
С.Темірболат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!