Жұма, 27 желтоқсан, 02:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Көрінген жерді шашпаңыз, қоқыс жерді баспаңыз

14.09.2024

567 0

Көшеде үстіне арнайы киім киіп, қоқыс теріп жүрген әкеңмен немесе анаңмен жасы шамалас кісілерді көргенде қолыңдағы қоқысты еріксіз қалтаңа саласың. Сөйтесің де алдыңнан кездескен бірінші қоқыс жәшігіне саласың. Бірақ көзді ала бере көшеге тастай салатындар көп кездеседі. Ол ол ма, көлікпен келіп аударып кететіндер де көптеп кездеседі. Шет аймақтың кей бөліктерінде осындай олқылықтар орын алуда. Бұл – экологияға қасақана жасалған қастандық. Мына ғаламды ортақ үй деп түсінетіндер сирек. Сондықтан мұндай тәртіпке бас имегендерді жаза ғана жөнге қоя алатын тәрізді. «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп бекер айтылмаса керек.
Өңірде «Қызылорда тазалығы» мекемесі қаланың тазалығымен айналысып, ретсіз қалыптасқан қоқыс орындарымен күресіп келе жатқанына да он жылдан асты. Бұл істе облыс бойынша экология департаменті де білек сыбана кіріскен.
– Облыс аумағында 2023 жылы жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде 74 рұқсатсыз қалдықтар орны анықталып, жергілікті атқарушы органдармен 2 ай мерзімде жойылды. Ал 2024 жылдың маусым айында жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде Қызылорда облысының аумағында 44 рұқсатсыз қалдықтар орны анықталды. Әрине, жыл сайын жойғанымызбен, бұл орындар қайта пайда болып жатыр. Мұндай жағдаймен күрес біздің тарапымыздан тұрақты жүргізіледі, – дейді мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Алишер Шамкенов.
Тамыз айының басында да тап-тұйнақтай бола қойған жоқ. Мәселен, 5 тамызда түсірілген ғарыштық мониторинг нәтижесімен Қызылорда облысының аумағында қосымша 54 рұқсатсыз қалдық орны анықталып, жоғарыда біз айтқан сан 98-ге жетті.
– Біз барлық 54 заңсыз қалдықтар орнын анықтау жұмыстарын толығымен жүргізіп, тиісті жергілікті атқарушы органдарға қалдық орындарын жою жөнінде хат жолдадық. Бүгінде анықталған 98 заңсыз қалдықтар орындарының 81-ін жергілікті атқарушы органдары жойса, қалған 17-сін тазарту, бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар атқарылуда. Департамент тарапынан анықталған рұқсатсыз қалдықтар орнын жою бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатылған, – дейді бас маман.
Сондай-ақ, департамент қызметкерлері облыс аумағындағы заңсыз қалдық орындарын анықтау және алдын алу мақсатында тұрақты түрде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерімен рейд ұйымдастыруда. Айтпақшы, бұл бағыттағы нәтижемен Қызылорда республикада көш бастап тұр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: