Көктем-жаз айлары Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпид ахуалы күрделенетін кезең. Осы орайда, қауіпті дерттен тұрғындарды сақтандырып, алдын алу үшін ақпараттандыру жұмыстарын күшейтудің маңызы зор екендігін атап айтқым келеді.
Көктемде кенеден абай болуды ескертеміз. Кенеден келетін қауіп сәуір айынан қазан айына дейін созылады.
Кенеден сақтанудың қарапайым шараларына ерекше назар аударуға шақырамыз: табиғат аясына барғанда жеңі ұзын, ашық түсті көйлек киіп, жағасын, жеңін түймелеп, етегін шалбарға салып, шалбардың балағын шұлыққа немесе аяқ киімнің ішіне салып, басқа орамал байлау керек.
Үйге келген соң, әкелінген барлық заттарды, барлығын да мұқият қарау керек. Қадалған кенені пинцеттің көмегімен немесе арнайы «тик-твистер» құралымен еппен қысып ұстап алған жөн. Алынған кенені ыдысқа салып сараптама орталығына апарып тексертіп алған дұрыс немесе жанып жатқан отқа өртеген дұрыс. Кенені қолмен, аяқпен мыжуға немесе қай жағдайда да (жабысып тұрғанда, жорғалап жүргенде) қайшымен қиып жіберуге болмайды. Кене шаққан жерді йод тұнбасымен не болмаса құрамында спирті бар ерітінділермен өңдеп, зарарсыздандырған дұрыс. Кенені алғаннан кейін қолды сабындап жуу қажет. Кене шаққан уақыттан бастап кешіктірмей жергілікті емдеу алдын алу мекемелеріне қаралып, медициналық көмекке жүгіну қажет.
Осы қарапайым ережелерді жадыңызда сақтап, кенеден туындайтын кеселдерден өзіңіз де, жақындарыңызда сақ болыңыздар!
Қырмызы Серікбаева,
№4 қалалық емхананың
19 ЖТД мейірбикесі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!