Сенбі, 17 мамыр, 09:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36,2149
17.05.2025
PDF мұрағаты

Лаура Альментаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Жасанды интеллект институтының Корей тілі және мәдениет орталығының маманы: Тіл үйренудің қиындығы жоқ

17.05.2025

77 0

Кейінгі жылдары корей тілі мен мәдениеті­не деген қызығушылық жастар арасында айтарлықтай артты. «K-pop», корей дорамалары, заманауи технологиялар мен дәстүрлердің үйлесімі – мұның бәрі Оңтүстік Кореяны жаһандық мәдени феноменге айналдырды. Бұл құбылыс Қазақстан жастарына да әсер етті: студенттер корей тілін үйреніп, Кореямен академиялық және кәсіби байланыс орнатуға ұмтылуда.

Сондай жастардың бірі – Лаура Альментаева. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Жасанды Интеллект институтының Корей тілі және мәдениет орталығының маманы. Корей тілін үйренуге деген қарапайым қызығушылығы оны осындай кәсіби деңгейге жеткізді. Лаура Қонысбекқызымен корей тілін меңгерудегі тәжірибесі, мансаптық жетістіктері мен болашақ жоспарлары жайлы сұхбаттастық.

– Корей тіліне қызығуға не себеп болды?

– Корей тіліне мектеп кезден қызықтым. Алдымен бұл – жай ғана ән тыңдап, дорамалар көрдім, бірақ олардың атмосферасы мені бірден баурап алды. Уақыт өте келе мен корей мәдениеті мен дәстүрлеріне қызығып, осы тілді тек аударма арқылы емес, өзім түсінгім келді. Сол сәттен бастап корей тілі мен үшін тек хобби емес, өмірімнің ажырамас бір бөлігіне айналды.

– Тіл үйренуде алғашқы қадам қалай болды, қайдан үйрене бастадыңыз?

– Көпшілік секілді мен де алдымен корей музыкасын тыңдап, дорамалар көре бастадым. Бұл маған басқа әлемге еніп, көңілімді бөлу әдісі болды. Мектеп бітіргеннен кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне «Шет тілі: екі шетел тілі» мамандығына түстім. Бастапқыда мен араб тілі тобында болдым, кейін корей тілі тобы бар екенін біліп, сол топқа ауыстым. Пандемия кезінде Каннам университетінің онлайн курстарына қатысып, әліпбиін тереңірек меңгеріп, корей мәдениетіне жақындауға мүмкіндік алдым.

– Корей тілін үйрену барысында қандай қиындықтар болды?

– Шынымды айтсам, аса бір қиындық болмады. Қазақ және корей тілдерінің грамматикалық ұқсастық­тары, – әсіресе, сөйлем құрылымы мен кейбір дыбыстар тіл үйренуде көмегі болды. Әрине, кейде сөздерді ұмытып қалу секілді кішігірім қиындықтар болады, бірақ бұл – табиғи нәрсе.

– Ағылшын және корей тілдерін меңгерудің қандай артықшылықтарын байқадыңыз?

– Бұл мен үшін нағыз жаңалық болды. Әлемге басқа көзқараспен қарай бастадым. Жаңа мәдениетпен танысып, түрлі халықтардың дүниетанымын түсіне бастадым. Сонымен қатар тілдік білім кәсіби дамуыма да жол ашты. Бұл – тек мәдениет пен қарым-қатынас емес, сонымен бірге мүмкіндік көзі.

– Корей тілін меңгеру сіздің жеке өміріңізге немесе мансабыңызға қалай әсер етті?

– Бастапқыда бұл мен үшін хобби еді. Бірақ ол бірте-бірте өмірімнің маңызды бөлшегіне айналды. Корей тілі жаңа мүмкіндікке жол ашып, кәсіби байланыс орнады. Кейде мұны тағдыр жолы деп есептеймін.

– Бүгінде жастар Кореяның мәдениетіне қызығады. Себебі неде?

– Кейінгі жылдары Корей мәдениеті, әсіресе K-pop және дорамалар, әлем бойынша танымалдылыққа ие болды. Олар өзінің эмоциясымен, эстетикасымен және ерекшелігімен жастарды баурайды. Маған ерекше ұнайтыны – Кореяның дәстүр мен уақыт талабын шебер ұштастыра білуі.

– «K-pop», «K-drama» сияқты корей толқыны – «Халлю» феномені туралы не ойлайсыз? Ол сіздің тіл үйренуге деген ынтаңызды арттырды ма?

– Әрине. Мен корей толқынына 2013 жылы қосылдым. Ол кезде INFINITE, EXO және BTS топтары танымал бола бастады. Сол кезең менің қызығушылығымды арттырды. Бұл топтың әлемдік деңгейде мойындалғанын көру үлкен шабыт көзі болды.

– Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің филиалы – Жасанды интеллект институтында оқу үшін корей тілін білу міндетті ме?

– Корей тілі міндетті емес, бірақ ағылшын тілі қажет, өйткені көп дәрістер ағылшын тілінде өтеді. Ал егер студент корей тілін білсе, бұл оған артықшылық береді. Біз Сеултех университетімен бірлесіп, екі дипломдық бағдарлама ұсынамыз: студенттер Қазақстанда екі жыл, Кореяда екі жыл оқып, халықаралық диплом алады. Бұл – тіл меңгеру мен кәсіби даму үшін үлкен мүмкіндік.

– Жасанды интеллект институтында оқу жастарға қандай мүмкіндіктер береді деп ойлайсыз?

– Мұнда оқу тек білім алумен шектелмейді. Жастар заманауи технологиялармен танысып, халықаралық жобаларға қатыса алады. Сонымен қатар бизнес инкубатор орталығы арқылы стартап ашуға, кеңес алуға және инвесторлармен байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

– Корей тілін үйренгісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, өзіңізге қызықты нәрседен бастаңыз: дорама көріңіз, музыка тыңдаңыз, комикс оқыңыз. Осылайша тілге деген қызығушылық өздігінен артады. Содан кейін хангыль мен грамматиканы жүйелі түрде меңгеруге көшіңіз. Ең бастысы, қателіктен қорықпау керек.

– Алдағы жоспарыңыз?

– Мақсатым – корей тілін терең меңгеріп, заманауи әдістермен сабақ беру. Халықаралық жобаларға қатысып, білім алмасу бағдарламалары арқылы тәжірибе жинақтағым келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: