Халық арасында ломбард қызметін пайдалану жиілеп келеді. Әсіресе қысқа мерзімде қаржы қажет болған жағдайда, азаматтар бағалы заттарын кепілге қойып, шағын несие алуды жөн көреді. Алайда көпшілікті толғандыратын басты сұрақ – ломбардтағы қарыз болашақта банктік несие немесе ипотеканы рәсімдеуге кедергі келтіре ме?
Ломбардтан алынған қарыз тікелей кредит алуға тыйым салмайды. Дегенмен ломбардтағы қарыз қаржы ұйымдарының шешіміне әсер етеді. Себебі кез келген банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының төлем қабілеттілігін жан-жақты бағалайды. Бұл ретте несие тарихы мен борыш жүктемесі қарыз беру үшін тәуекелге баруға негізгі фактор.
Егер азаматтың ломбард алдында мерзімі өткен берешегі болса, оның қарыз ақша алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді. Мұндай қарыздар басқа несиелермен тең дәрежеде есепке алынып, жалпы борыш жүктемесіне қосылады. Сонымен қатар ломбардтар да өз клиенттері туралы мәліметті кредиттік бюроларға ұсынады.
– Қарыз алушы микрокредитті уақытында өтемеген жағдайда, ломбард кепілдегі мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы уақыт ішінде азамат берешегін жауып, өз затын қайтарып ала алады. Ал бұл мерзім өткен соң, ломбард кепілді сатуға немесе өз меншігіне рәсімдеуге құқылы. Қарыздың жабылғанын растау үшін арнайы құжаттар – кепілді сату актісі немесе мүлікті ломбард меншігіне беру туралы шешім, сондай-ақ қарыздың өтелгені жөніндегі анықтама қажет. Бұл құжаттар кейін қаржы ұйымдары алдында өз міндеттемелеріңіздің орындалғанын дәлелдеуге көмектеседі, – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарламасында.
Айта кету керек, кредит беру туралы шешімді әр банк немесе микроқаржы ұйымы өз ішкі саясатына сәйкес дербес қабылдап, табысын, шығындарын және тәуекел деңгейін ескереді. Тіпті несие тарихы жақсы азаматтардың өзіне де кей жағдайда несие беруге бас тартуы мүмкін.
Ломбард тұтынушылары артты
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің мәліметінше, микроқаржы ұйымдарының табысы 2025 жылғы IV тоқсанда 3,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштің артуына ломбардтар беретін тұтынушылық шағын несиелердің көбеюі әсер еткен. Керісінше бизнес нысандарына берілген несие 1,8 трлн теңгеге дейін азайған.
Ломбардтар беретін тұтынушылық қарыздың көбеюі адамдар жиі әрі тез ақша алу үшін ломбардтарға жүгінгені есебінен пайда болған. Банктердің пайызы өскен сайын қарыз алу қиындап, салдарынан халық ломбард пен микроқаржы ұйымдарына көбірек баратынын көріп отырмыз. Халықтың қаржылық жағдайы да табыстың жеткіліксіздігі қысқа мерзімді ақшаға сұранысты арттырады.
Несие тарихыңыз жақсы болса…
Несие тарихының ажырамас бөлігі саналатын дербес кредиттік рейтинг қарыз алушының қаржылық тәртібін анықтайды. Рейтинг төлемдердің уақытылы жасалуы, қарыздардың саны, мерзімі өткен берешектер және коллекторлық істер сияқты факторларға байланысты қалыптасады.
Жоғары рейтинг – несие алу мүмкіндігін арттырады. Ал төмен көрсеткіш керісінше, қаржы ұйымдарының бас тартуына себеп болуы мүмкін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие жағдайын жақсарту үшін бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді. Біріншіден, барлық төлемдерді уақытында, тіпті белгіленген күннен 5-7 күн бұрын жасаған жөн. Екіншіден, мүмкіндігінше қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу керек. Үшіншіден, қиындық туындаған жағдайда кредиторлардан жасырынбай, келіссөз жасауға болады.
Ломбардтағы қарыз несие алуға толықтай кедергі емес. Бірақ ол сіздің қаржылық мүмкіндігіңізге тікелей әсер етеді. Сондықтан кез келген қарыз міндеттемесіне жауапкершілікпен қарап, төлем тәртібін сақтау – болашақтағы қаржылық мүмкіндіктердің кепілі. Несие рейтингін жоғары деңгейде ұстау арқылы болашақта баспана, автокөлік немесе тұтынушылық кредитті тиімді шартпен алу мүмкіндігіңіз артады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!