Сәрсенбі, 09 шiлде, 13:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№50,2163
09.07.2025
PDF мұрағаты

Мұнарбек Әбілқайыр, қоғамдық даму басқармасының  өңірлік коммуникациялар қызметі маманы, дрон-видеограф: Әлемді басқа қырынан көрсеткім келді

09.07.2025

60 0

Соңғы жылдары  дрон арқылы түсірілген фотовидео әлеуметтік желілерді жаулап алды. Шаhардан түсірілген сәтті кадрлар, өзен жағасындағы панорамалар, көрерменді еріксіз баурайды. Бұл өнер, технология және шығармашылықтың тоғысуы десек қателеспейміз. Көпшілік үшін дрон  жай ғана гаджет болса, кейбір жандар үшін олөз ойын, дүниетанымын, сезімін жеткізетін құрал. Дрон арқылы әдемі сәттерді «сөйлетіп» жүрген дронвидеограф, өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы Мұнарбек Әбілқайырмен сұхбаттасудың сәті түсті.

Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Бұл салаға қызығушылығым табиғатқа, әдемі көріністерге деген сүйіспеншіліктен басталды. 2022 жылы қолыма дрон тиген сәттен-ақ әлем­ді басқа қырынан көрсеткім келіп, түсірілім мен монтажға құ­марта түстім. Табиғаттың сұлу­лығын сол қалпында жеткізудің жолын іздедім. Дрон арқылы кеңіс­тікті, биіктікті басқа қырынан көруге мүмкіндік туды. Бұл маған тек видео түсіру ғана емес, оны сезініп, көрерменге жеткізу жауап­кершілігін жүктеді.

Дронмен түсіру мен бейне­монтажды өз бетіңізше үйрен­діңіз бе, әлде арнайы курс оқыдыңыз ба?

– Өз бетімше үйрендім. YouTube-тегі видеолар мен фо­румдар тәжірибе жинақ­тауыма негізгі көмек болды. Алғашын­да блогерлердің кеңес­терін қарап, тіпті қарапайым «trial and error» әдісімен де көп нәрсені меңгердім. Кейін кәсіби деңгейімді арттыру үшін интер­неттегі бейнесабақтарды да қарай бастадым. Уақыт өте келе бұл  менің сүйікті ісіме айналды. Қазір де жаңалықты қалт жібермеуге тырысамын, себебі технология күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.

Алғаш түсірген видеоңыз есіңізде ме?

– Алғашқы видеоны Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде түсірдім. Көрініс қарапайым болғанымен, мен үшін өте ерекше еді. Сол видеоны монтаждап, алғаш рет жариялаған сәт мені шабыттандырды. Сол бір сәттегі қобалжу мен қуаныш сезімі әлі есімде. Видео жарияланған соң таныстарымнан жылы пікір ести бастадым. Тіпті алғашқы видеолардың кемшілігі көп болса да, бұл жұмыс мені шабыттандыра түсті.

Кәсіби деңгейге жету үшін қандай қиындықтарды еңсердіңіз?

– Бастапқыда құрал-жабдық пен техникалық білім жетіспеді. Қарапайым ноутбук, орта деңгейлі дронмен бастаған кезде мүмкіндік шектеулі болды. Уақыт өте келе табандылықтың арқасында тәжірибе жинап, сенімді бола түстім. Қиындықсыз өсу болмайтынын түсіндім. Қателіктерден сабақ алып, әр видеодан кейін кемшіліктерді талдап отыру кәсіби маман болуға жол ашты.

Түсірілім кезінде жиі қолданатын техникаңыз немесе өзіңізге тән стиліңіз бар ма?

– Иә, менің стилім – кинематографиялық қозғалыс пен табиғи жарыққа сүйену. Сондай-ақ симметрия мен түстердің үйлесіміне басты назар аударамын. Камераны баяу қозғалтқан кезде кадрлар тыныштық пен үйлесімділік сыйлайды. Бұл көрерменнің көңілін бөлмей, бейнемен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Табиғи жарықтың рөлі ерекше: күннің бату сәті, бұлт арасынан түскен сәуле – бәрі де эмоция сыйлайды.

Видеоны көрерменге қызықты ету үшін қандай шығармашылық әдістерді қолданасыз?

– Музыкамен жұмыс істеу, кадрларды әуен­мен  ауыстыру, көркем визуал және қысқа, шағын оқиға желісін қосу арқылы видеоны әсерлі етуге тырысамын. Көрермен тек әдемі пейзаж көріп қана қоймай, мағынасын, эмоцияны да сезінуі керек. Әр бейнеде кішкентай болсын, бір мағына болса, ұмытылмас әсер қалдырады. Мысалы, бір ауылдың таңғы тіршілігі, адам мен табиғаттың байланысы, осындай элементтер видеоны жандыра түседі.

–  Көрермен жүрегін жаулап алар видео түсі­рудің құпия­сын айт­саңыз?

– Менің ойымша, екеуі де маңызды, бірақ эмоция туғызатын монтаж шешуші рөл атқарады. Сапалы түсірілген видео нашар монтаждалса, мәні жоғалады. Ал жақсы монтаж тіпті қарапайым кадрды әсерлі ете алады. Кейде монтаж кезінде белгілі бір дыбысты дәл уақытында қосу, кадрды сәл ұзартып немесе қысқартып қою – көрерменге ерекше әсер береді. Музыка мен бейненің үйлесуі үлкен еңбекті қажет етеді.

Алға қойған мақсатыңыз?

– Болашақта еліміздің табиғаты мен таңғажайыптарын көрсететін деректі фильмдер жасағым келеді. Елімізде көз тоймайтын табиғи сұлулық өте көп, бірақ оны кәсіби деңгейде көрсете алатындар аз. Сонымен қатар өз студиямды ашып, жас контентмейкерлерге мүмкіндік бергім келеді. Меніңше, талантты жастарға бағыт, мүмкіндік пен қолдау керек. Олар да еліміздің брендіне айнала алатын видео жасай алады.

Жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – қорықпау. Шығармашылық жұмыс бірден мінсіз болып шықпайды. Күн сайын өз-өзіңді дамыту маңызды. Ең бастысы, өз стиліңді таба білу. Өзгелерге ұқсауға тырыспай, ішкі көзқарасты, өзіңіздің өмірге деген сезіміңізді жеткізу ең шынайы жол. Қайта-қайта жасап көру, қателесу, үйрену жетістікке жеткізеді.

Қазіргі қазақстандық контент жасаушылардың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Соңғы жылдары отандық контенттің сапасы едәуір артты, шығармашылық деңгейі де жоғарылай түсті. Instagram және басқа да әлеуметтік желілерде дронмен түсіретін жас авторлардың видеоларын көрген сайын тамсанамын. Дегенмен үнемі дамып отыру керек. Шетелдік трендтерді бақылау, өзіміздің ерекшелігімізді сақтау арқылы біз әлемдік деңгейге көтеріле аламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: