Бүгінгі жүрекжарды сұхбатымыздың қонағы өмірде – өршіл, саясатта –сарабдал, ғылымда – тұрлаулы, турашыл тұлға, мемлекет, қоғам қайраткері – Мұрат Бақтиярұлы. Белгілі саясаткер, көрнекті тұлғамен әлемдегі саяси мәселелер, төл тіліміздің тағдыры, адал еңбек жөнінде әңгіме айтылды. Тарихи шешімдер тұрғысынан ой қозғады.
– Сіздің әлеуметтік желіде оқырманға ойтамызық тастап, жазба қалдыратыныңызды білеміз. Соның бірінде «Таптырмайтын қызметкер жоқ болғанымен, қайталанбайтын тұлғалар бар екені ақиқат» деген екенсіз. Сізді де сондай тұлғаның бірі деп санаймыз. Өзіңіздің өмір жолыңыз, балалық шағыңыз жайлы айта отырсаңыз..
– Біздің балалық шағымыз өткен ғасырдың 70-ші жылдарына сәйкес келеді. 1965 жылы мектепке барып, оны 1975 жылы жақсы бітірдім. Ташкентке оқуға барып, конкурстан өте алмадым. Ол кезде жоғары оқу орнына түсу өте қиын еді. Уақыт жоғалтпай Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге кеттім. Әскерден кейін комбайн да айдадым, құрылысшы да болдым. 1980 жылы КазГУ-дың тарих факультетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, 1986 жылы қызыл дипломмен бітіріп шықтым.
Адам болып қалыптасуымда ата-анамның орны ерекше болды. Бала кезімнен еңбекке баулыды. Сыртқы шаруа әкемнің мойнында болса, ішкі шаруаны перзенттеріне жүктеді. Үй жинап, тамақ істедік. Аула тазалау, бау-бақша егуге де жәрдемдестік. Адал еңбекке үйреткен ата-анама, ұстаздарыма ризамын. Мектепте математика, физика пәні жаныма жақын еді. Дегенмен тарихтан беретін мұғаліміміз өте білімді болғанының әсерінен тарихты, әдебиетті сүйдім. Жоғарғы оқу орнында лениндік стипендиямен оқыдым. Ата-анам зейнеткер еді. Сондықтан қаржы тапшылығын болдырмайын деген ниетпен сенбі, жексенбі күндері Алматыдағы маргарин, цемент зауытында жұмыс істедім. Құрылыс отрядында 2 жыл қатарынан командир болып, ақша таптым. Себебі киім-кешек, оқулық үшін ақша керек болды. Кітапқа өте құмар едім. Тапқан-таянғаныма кітап сатып алдым. Ол заманда кітап табыла бермейтін. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Плаха» деген кітабын іздеп жүріп тауып оқыдым. Ол кітаптан бойыма қаншама құндылық, рухани азық жинадым.
– Өмір тәжірибеңіздің өлшемі болар, адамның бойындағы мінез-құлық немесе іс-әрекетке қатысты түйгеніңізді елге әлеуметтік желі арқылы үздіксіз беріп отырсыз. Мұның сыры неде?
– Әлеуметтік желі ақпаратты жылдам таратуымен ерекшеленеді. Өмірде ұсақ-түйек болса да көргеніміз, тәжірибеміз бар, оң-солды танығанымыз бар, соны сараптап, ағартушылық бағытта жазба қалдыратыным рас. Әлеуметтік желіде келелі кеңес аз да, негатив нәрсе өте көп. Оларға көп назар салмаймын. Тек танымдық мақалаларды оқимын. Қазақ тілінде тәрбиелік мәні бар жазбалар өте аз. Мысалы, Ресейдің контенттерін қарасам, ағартушылық мәселелер көп айтылады. Танымдық, экономикалық, бюджеттік, отбасылық қарым-қатынас, психологиялық тұрғыдан көптеген танымдық ақпарат өте көп шығады. Аз да болса адами, адамгершілік тұрғыда ептеп жазба қалдырамын.
– Әлемде саяси дүрбелең жиі орын алып жатқанын білеміз. Саясаткер ретінде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қандай баға бересіз? Әлемдегі оқиғаларды саралап, лайықты баға беретін деңгейіңіз бар екенін білеміз. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Ресей мен Украина туралы айтсам, екі ел арасындағы басқыншылық соғысына таңқалдым. 2022 жылы басталды. Ұмытпасам, ақпан айы болу керек. Ол кезде Парламент Сенатындамын. Сол уақытта әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты пікір қалдырдым. «Басқыншылық соғыс» деп атадым. Өйткені бізде арнайы конвенциялар бар. Совет одағы кезінде 15 республика құрамынан шықтық. Сол кезде бекітіліп берілген территориялар бар. Ол Біріккен ұлттар ұйымымен, әлемдік қауымдастықпен мойындалған. Украинаның шығыс облысын басып алу әрекеттерін мен басқыншылық соғыс деп айыптадым. Ресейдің өз мүддесі бар. Жалпы халықты жамандауға болмас. Орыс халқы әдебиет пен мәдениетке үлкен өзгерістер алып келді. Оны жоққа шығармаймыз. Дегенмен Ресейдің I Петр заманынан бастап шовинистік көзқарасы 400-ші жылға кетіп бара жатыр. Орыс шовинизмі белең алып тұр. I Петр Ресейді құрғанда империя деп, өзін императормын деп жариялады. Бұл шовинистік аурудан көптеген ұлт өтіп кеткен. Мысалы, Англия көптеген мемлекеттерді жаулап алды. Оның ішінде, Африка, Азия елдері бар. Бірақ Англия осы шовинистік көзқарастан XX ғасырда бас тартты. Франция да империялық мемлекет. Олар да бас тартты. Орыс билігі шовинизм ауруынан айыққан жоқ. Туысқан халық Украинаның жерін басып алып, іріткі салды. Алдымен Қырымды алды. Сол кезде бүкіл дүние жүзі шулады, басылды. Украинаның шығыс өлкесі орыс тілін таптады деген желеумен басып алу ақылға сыймайды. Соғыс екі мемлекетке де тиімсіз. Еуразиялық одақтың құрамындағы елдерге де зияны тимесе, пайдасы жоқ. Қазір доллардың қымбаттауына, экономиканың дамымауына ықпалын тигізуде. Санкция салынуы да әлеуметтік жағдайды әлсіретуде. Америка құрама штаты Трамп келгеннен кейін жағдайды өзгертуі мүмкін. Меніңше бұл соғыс 2025 жылдың күзіне қарай тоқтауы мүмкін. Бірақ қандай келісімге келеді Украина жерінің бір бөлігін бере ма, Украина НАТО-ға ене ма, Евроодаққа қосыла ма, бұл екі тарапты келісімге келген соң шешілуі мүмкін. Израйль мен Палестина арасындағы соғыс, Сириядағы қақтығыстар мұның бәрі әлемдегі геосаяси ойындар. Мұндай ойындар бүкіл экономикаға әсер етеді. Бұдан ірі мемлекеттер көп зиян шеге бермейді. 2025 жылы тыныштық болады деп ойламаймын. Бірақ әлем аренасындағы үлкен мәселе Ресей мен Украина арасындағы жанжал доғарылса деймін.
– Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайлы Парламент қабырғасында мәселе көтердіңіз. Заңдардың ана тілінде жазылуына не кедергі?
– Қазақ тіліне байланысты мәселе жауыр болған тақырып. Мен Парламент қабырғасына 2011 жылы барғаннан бері осы мәселені 4-5 рет көтердім. Сонда көзім жеткені мұны ұранмен, толып жатқан конференциямен, пікірталаспен, семинармен шеше алмаймыз. Менің таңқалғаным, қазақ мемлекетінде халықаралық қазақ тілі қоғамы бар. Оның қазаққа қандай қажеті бар? Басқа тілдің қоғамы құрылса түсінуге болады. Тіл мәселесін қазақ ұлты өзі шешу керек. Балаларын қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне беру керек. Бірінші кезекте тілдің статусын көтеру өзімізге байланысты. Екінші кезекте заңға байланысты. Заңда орыс тілін ұлтаралық тіл дегенді алып тастау керек. Себебі ол пісіп жетілді.
Менің білетінім, мемлекеттің атауын иеленген ұлттың тілі әруақытта да басым болу керек. Өйткені қазақ ұлтының тілі басқа мемлекет үшін керек емес, ол тек қазақ мемлекетіне ғана керек. «Бір ұлт – бір тіл» идеясы өміршең екенін көптеген мемлекеттің тәжірибесі көрсетіп отыр.
– Республика күні қайта тойланып, елдің мерейі өсіп жатыр. Қуанған жанның бірі сіз болғаныңызға шүбә жоқ. Пікіріңіз қандай?
– Республика күнінің қайта оралуы екі жақты мәселе. 25 қазан тәуелсіздік декларациясын қабылдаған күн. 1990 жылы біз совет одағының құрамында болдық. 1991 жылғы 16 желтоқсан тәуелсіздік декларациясын қабылдадық. 16 желтоқсанға байланысты екі жақты нәрсе бар. Екеуі де саяси мәселе. Біреуі тарихи тұрғыдан біз 1991 жылы тәуелсіздікті жарияладық. Өкінішке қарай, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматы қаласында жастардың қаны төгілді. Екінші, 2011 жылы Маңғыстау облысы, Жаңаөзенде тағы қантөгіс болды. Меніңше, осы оқиғаны ала отырып, 16 желтоқсанды біз мейрам ретінде және қанмен келген тәуелсіздік күні ретінде атап өтуіміз керек. Ал енді негізгі мейрамды 25 қазанға бекіткен дұрыс деп есептеймін.
– «Бос сөз бен жалынды жалған ұрандардан халық әбден шаршаған. Сөзі мен ісі үйлескен тұлғаларға зәруміз. Ұлтты мызғымастай біртұтас ететін рухани шамшырақ керек» депсіз бір жазбаңызда. Нені меңзедіңіз?
– Менің айтпағым, Парламент дискуссияның қара қазанына айналу керек. Көптеген мәселе алаңда, көшеде емес, мәжілісте шешілу керек. Парламентте көптеген жақсы бастама көтеріледі. Әсіресе бюджетке қатысты, ұрланған ақшаны қайтаруға, тілге байланысты қоғамдағы шешімін таппай жатқан мәселелер талқыланады. Көп жағдайда шешілмей жататыны өкінішті. Шешім қабылдайтын – Президент, Президент әкімшілігі, Үкімет. Ұлттық рухани тұрғыдан халыққа тиімді шешімдер қабылданса дейміз.
– «Саяси бәсекелестік жоқ жерде тоқырау, дағдарыс орын алады. Біз мұны бастан кешірдік. Саяси бәсекелестік елдің дамуы, болашағы туралы балама бағдарламалар тудырады» деген пікір білдіріпсіз. Осы мәселеге ашығырақ тоқталсаңыз..
– Саяси бәсекелестік дегенді әртүрлі түсінеміз. Оппозиция дегенді жау көреміз. Ол тек қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаға, шешімге адамның жеке көзқарасы ғана. Пікірін ашық айтқан азаматтарды сынға аламыз. Бұл жолдан өтуіміз керек.
Саяси бәсекелестік жоқ жерде тоқырау, дағдарыс орын алады. Біз мұны бастан кешірдік. Саяси бәсекелестік елдің дамуы, болашағы туралы балама бағдарлама тудырады. Жасырын, астыртын тәсілдің үлесі азаяды, белсенді, білікті жаңа тұлғалы азаматтарды анықтайды. Қазіргі ел Президентінің де ұстанымы осындай деп білемін. Еліміздің дамуына, саяси жүйенің құрылымына, сайлау жүйесіне қатысты қоғамда алуан түрлі пікір бар. Көзқарас пен пікір бәсекелестігінің болуы демократиялық, дамыған мемлекеттерді тек алға жетелейтін ақ желкені. Біздер қоғам дамуына қажет жақсы ұсыныстардың қабылдануына, Парламентке, барлық деңгейдегі билік тармағына пікірін жалтақтамай айтатын мықты азаматтардың баруына кедергі жасамауымыз керек. Осы арқылы қоғам мүшелеріне саяси мәдениетті қалыптастыруға, мемлекеттілік пен тәуелсіздігіміздің мызғымауына айрықша мүдделілік танытатын, елдегі саяси орнықтылыққа айрықша ұйытқы бола алатын әлеуметтік күштерді топтастыра аламыз. Ақиқатты іздемейтін адам жоқ. Бірақ оның анық-қанығын дәл білетін «жол сілтеуші» ешқашан бұрын да, қазір де, келешекте де болған емес, болмайды да. Бір ғана ақиқат, ол қазақ елінің иесі де, киесі де – қазақ ұлты. Сырттан ешкім келіп бізді жарылқамайды. Бізге керегі ой-пікір қайшылығына қарамастан ұлттық келісімге келу.
Қоғамда бірнеше саяси партия бар. Маған америкалық жүйе ұнайды. Бізде де болашақта мықты екі партия болса жеткілікті. Ол жеңіске жетіп, Парламентке келетін партия болу керек. Көпшілік дауыс алған партияны үкімет жасақтау керек. Қазір азаматтарымыздың көпшілігінің саяси сауаты мықты, ненің не екенін біледі. Бәсекелестік орта қалыптастыру өте маңызды. Жақсы пікірлер, ұтымды ойлар саяси бәсекелестікте ұтып шығу керек.
– Адамды адам ететін адал еңбек екенін үнемі еске салып жүресіз. Қазір қиналмай, табысты болғысы келетіндер көп…
– Адал еңбек туралы Президент те әрдайым айтып келеді. Еңбек деген үлкен ұғым. Еңбекті «ұлы мәртебелі» деп бағалаймын. Өйткені адамды адам еткен – еңбек. Таза маңдай термен келген еңбекті адал еңбек деп түсінемін. Ауылда, қалада тұрғанына қарамай, әкім немесе журналист болсын, оның еңбегі бағалану керек. Бұл туралы хадисте де айтылады. Өзге халықтың дінінде де еңбек етуге ерекше баға береді. Немістер, ағылшындар, америкалықтар «бай болсаң қарапайым бол, төмен түсе бер» деген ұғымды ұстаным еткен. Сондықтан Президент дұрыс айтады. Тек адал еңбек қана бақытқа жетелейді.
– Өзіңіз бірнеше жеке мектептің құрылтайшысыз. Жоғары білім грантына ие болып, оқу орнын бітірген соң жұмыс таппай жүргендердің қатары көбейді. Педагог мамандарды елдегі мектептердің санына, қажеттілігіне қарай даярлау керек болар?
– Мектепке байланысты да Парламентте мәселе көтердік. Мен шет мемлекеттерде іссапармен жиі болдым. Дамыған елдерде мемлекеттік мектеп те, құрылтайшының иелігіндегі жеке мектеп те бар. Мәселе мектептің кімнің иелігінде болуы емес, мұғалімдерінің мықтылығында, білім сапасына байланысты. Егер мұғалім сапалы, білімді болса, ол мектептен жаман оқушы шықпайды деп ойлаймын.
Бізде 127-дей жоғары оқу орны бар. Мемлекеттік грантпен оқыған кадрлар оқу орнын бітірген бойда жұмысқа орналасатындай жүйе болу керек. Мен құрылтайшы ретінде мұғалім кадрын таңдау конкурсына қатыстым. Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіргендердің бізге 60-тан астамы құжат тапсырған. Соның 85 пайызы мемлекеттік грантпен оқыған. Бізге керегі – 2 маман. Қалғандары қайда барады? Қолында дипломы бар. Мамандарды артығымен дайындап жатырмыз ғой. Өткен кеңестік кезеңде педагог кадрлар жұмыс таба алмай жүр дегенді естіген емеспіз. Өйткені педагог мамандарды елдегі мектептердің санына, қажеттілігіне қарай даярлайтын. Мұны жолға қойып жөндемесе болмайды. Бұл мәселе білім мен ғылым, ұлттық экономика, еңбек министрлігінің құзіретіндегі міндеттер. Қажет кадрларды ғана мемлекет даярлап беру керек. Бұл мемлекеттің миллиардтаған қаржысы құмға сіңгендей жағдай.
– Санаулы күндерден соң жаңа жылды қарсы алмақпыз. 2025 жылы елімізде қандай жақсы жаңалықтар болғанын қалайсыз?
– 2025 жылдан көп үміт күтеміз. Ең басты тілек, елдің, отбасымыздың, мемлекеттің амандығы. Барлық құрметке, марапатқа лайық қазақ деп аталатын ұлт бай, бақуатты, мәдениетті, білімді, тәрбиелі болса деймін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!