Мұражай сөресінен тағы бір тарихи жәдігер орын алды. Бұл жәдігер – Қара Жүргеновтің (Темірбек Жүргеновтің әкесі) жеке балуаны Серәлі Дүйсенұлының саптама етігі. Бұл етік жай аяқ киім емес, тұтас бір дәуірдің тарихын шертеді десек артық айтқандық емес.
Бұл етік «Жас өлкетанушы» ғылыми – білім жобасы аясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Жобаны №117 орта мектептің 7-сынып оқушысы Еркенұр Қуанышбек пен оның жетекшісі Айнұр Нұрылдаева жүзеге асырды.
Серәлі Дүйсенұлы (1897–1955) халық арасында аты аңызға айналған тұлға. Ол Темірбек Жүргеновтің әкесі Қара Жүргеновтің жеке балуаны болған.
– Қара Жүргенов халықтың мүддесін ойлаған, дәулетті адам болған. Мемлекеттік архивтерде Қараның дәулетті кісі болғанын растайтын құжаттар жетерлік. Болыстық қызметімен қоса, бай, 4 жалшы ұстағаны, жеке күймесінің болғаны, жеке қыстауы мен шабындығы мол жайлауының болғандығы көрсетілген. Сонымен қатар 1926 жылы жеке қаражатына мешіт салдырғаны да құжаттарда қаттаулы, – дейді жобаны орындаған Еркенұр Қуанышбек.
Мұражайға тапсырылған бұл етік – балуан Серәлі аяғынан шешпеген, талай күрес пен тойды көрген жәдігер. Ол – бір отбасының тарихы, бір халықтың болмысы, қазақтың қолөнері мен дәстүрінің үлгісі. Етіктің қонышы былғарыдан тігілген, тізеге дейін жететін ұзын, табаны қалың, іші киізбен астарланған. Бұл етік қазақтың көшпелі өмір салтына өте ыңғайлы болған. Әсіресе қыстың суығында ат үстінде жүрген балуан үшін жылы әрі мықты аяқ киім болғаны анық.
– Бұл саптама етікті Серәлі балуанға туған інісі Жүрәлі өз қолымен арнайы тігіп берген. Бұл олардың арасындағы бауырмалдықты және шеберлікті көрсетеді. Кейін Серәлі етікті баласы Нағашыбекке мұра етіп қалдырған. Енді міне, осы күнге дейін сақталып, мұражай төрінен орын алды. Етіктің өзі көп нәрсені баяндап тұрғандай. Оң жақтағы жамау, екі тарамыспен ішке қарай тартылып тігілген тігіс, аласа өкше – бәрі де сол заманның қолөнер шеберлігінің дәлелі. Табанының өлшемі – 44, биіктігі – 46 см, бұл Серәлінің ірі денелі болғанын білдіреді, – дейді жоба жетекшісі Айнұр Нұрылдаева.
Серәлі балуан тек күреспен ғана емес, қолөнермен де айналысқан. Ол мәсі, кебіс, етік тігумен қатар, атқа ер-тоқым жасаған, ағаштан сандық, шкаф сияқты жиһаздар да жасаған. Оның ұрпақтарында әлі күнге дейін сақталған сол заманнан қалған шкаф пен сандық бар. Бұл Серәлінің жан-жақты дарынды адам болғанын көрсетеді.
Серәлінің жары Ажар да ерекше жан болған. Ел аузында ол туралы да көптеген әңгіме бар. Олар бірнеше баласынан айырылып, кейін Қызылорда қаласына көшіп келген. Серәлі құрылыспен айналысса, Ажар аспаз болған. Сонымен қатар қара жұмысты да істеген. Келіні Несібелі Әбішқызының айтуынша, кетпенмен топырақты алапат күшпен лақтырып жатқан Ажар әжемізге қасынан өтіп бара жатқан бір салт атты кісі «Паһ, шіркін!» деп таңғалыпты. Ажар әже сол мезетте көз тиіп, талып қалған екен. Тексерілсе, көкірек тұсында қара дақ пайда болыпты, Ажар әже оны «көзден қадақ түсті» дейді екен.
– Ажар әже кейін емделіп, 1 ұл, 1 қызды дүниеге әкеледі. Ұлы – саптама етікті сақтап отырған Нағашыбек болса, қызы – Баян. Ажар әже бала-шағасының ортасында 83 жасқа дейін өмір сүрді. Серәлінің екінші жары Нұрыштан 4 ұл дүниеге келді. Осылайша, Серәлі балуаннан 5 ұл, 1 қыз өрбіген. Бүгінде балуан, ұста-шебер Серәлі Дүйсенұлының ұрпақтары бір қауым ел. Оның шөбересі Жандосұлы Жігер де балуан, ол ата жолын жалғастырып келеді. Жігер облыстық, республикалық күрес жарыстарында жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл жәдігер музей төрінен өз орнын алып, келушілерге қолөнерді паш етеді деп сенеміз, – дейді А.Нұрылда
Серәлі балуан күрес өнерін жетік меңгерген, ешқашан жауырыны жерге тимеген алып күш иесі болған. Ол ауыл тойлары мен жиындарда танылып, аты жылдам тараған. Ел мақтаған балуанды Қара бай өз қамқорлығына алып, жеке балуаны болуға шақырған. Ел аузындағы деректерде оның күрес үстіндегі қаһарлы жүзі, айбынды келбеті адамды сескендіргені айтылады.
– Бір күні Қызылорда теміржол вокзалында ас-су ішіп тұрған Серәлі атамызға Ташкент-Мәскеу бағытында жарысқа бара жатқандар кезігеді. Пойыздан түскен бір топ адамның ішінен орыс азаматы Серәлі атамызға жақындап, атамыздың ірілігін сөз етіп, «күшіңді сынайын» деп, күресуге шақырады. Серәлі атамыз келісіп, әлгі орысты алып ұрады екен. Мәскеуге жарысқа бара жатқан әлгі орыс балуаны «мен жеңілдім, енді менің жолым болмайды» деп кері қайтқан екен, – дейді келіні Несібелі Әбішқызы.
Серәлінің Жүрәлі есімді інісі де өнерлі болған. Музейге ұсынылған саптама етікті Жүрәлі ағасы Серәліге арнайы тіккен. Яғни етік атақты балуанның туған інісі Жүрәлінің қолынан шыққан. Серәлі өз уақытында киіп, кейін баласы Нағашыбекке мұраға қалдырған. Бұл құнды жәдігер Серәлі балуанның талай жеңісінің куәгері дерсіз.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!