Жұма, 11 сәуiр, 20:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№25,2138
08.04.2025
PDF мұрағаты

Намыс оты

01.03.2025

117 0

– Осы сендер ертең мені алтынмен аптап, күміспен күптеп қоямысыңдар, әлде???

– ….

Еламан анасының осы бір аламан тасыр мінезін түсінбей-ақ қойды. Бәрін дүниемен, ақшаның өлшемімен бағалайтын анасына кейде қайран қалады. Әңгімесі өзгенің киген киімі, алған дүниесі, жүріс-тұрысы. Әрдайым шағым айтады да отырады. Әкесінің табысына көңілі толмай, ылғи ұрсады. Ал балаларына айтатыны бір сөз. «Көп ақша табасыңдар, ала­қаныма әкеп саласыңдар» деген сөзін бастауыш оқитын тұңғышы Еламаннан бастап үйдегі ойын балаларының құла­ғына жатталып қалған. Тіпті, бала­лардың болашағын болжап, өзін кім асырайтынын айтып отырады. Ең жақ­сысы, анасының Еламанға келгенде сөзі өтпейді. Себебі ол әжесінің баласы. Әженің баласы болғаны қандай жақсы! Әжесі ешкімге міндет артқан емес, тіпті дауыс көтермейді. Әңгімелері де жүрекке жылы. Әже баласының мінезі үйдегі алты балаға тіпті ұқсамайды. Барынша сабырлы, салмақты. Бала болып таласып, тармасып, қолындағысын қызғанған емес. Анасы ылғи «осы бала қалай болар екен, әже баққан бала солбыр болады екен, ойй» деп көршілермен әңгімелесе қалса мұның сабырлы мінезін уайым ететінін өзі де талай мәрте естіген. Кейде осы сөзі үшін анасына іштей ренжіп қалатын.

Анасы бүгін де үйден ертелете асығыс-үсігіс шықты. Әңгімесінен түсінгені бір мекемеге ақша сұрауға бара жатыр.  Еламанға анасының осы қылығы жұмбақ. Жұмыс істемейді, бірақ ақша сұрауға барады. Сонда ақшаны кім береді? Не үшін?

– Заман болса қиындап барады. Бәрі қымбат. Ішерге асымыз жоқ…

– Тәйт, қайдағыны айтпай. Шүкіршілік етпейсің бе?! Тамағың тоқ, көйлегің көк. Аштық дегенді сендер көрген жоқсыңдар. Ең бастысы, ел тыныш.

– Ой, апа, сіз де айтасыз. Қазір заман өзгерді. Сіздердің кездеріңіздей дастарханда нан бар екен деп отыратын заман емес.

– Зейнетақым бар, мыналардың жәрдемақысы бар, күйеуіңнің айлығы бар, неменеге жылай бересің? Шүкіршілік керек, қарағым.

– Ойбууу, ол шырағымның айлығы неге жетеді? Мына телевизордың кредитін жаба алмай әлі жүрміз. Біз де сәнденіп ел қатарлы бой түзегіміз келеді, біз де дастарханды түрлі тәттіге толтырып қойғымыз келеді, біз де…

– Қоя ғой, енді. Шүкіршілік керек. Ақшадан да биік нәрселер бар, шырағым.

– Ақшаң болмаса, адам емессің қазір!!!

Анасы осылай деді де, сыртқы есікті тарс жапты. Келінінің ісіне қатты ренжігені әжесінің жүзінен білініп тұр. Еламан мұны айтқызбай-ақ байқайды. Сабағын оқып отырып, әжесіне жаутаң-жаутаң қарады. Мейірімді жүзі сұрғылт­танып кетіпті. Иегі кемсеңдейтін сияқты. Соңғы кездері әжесінің көп шаршайтыны байқалады. Әйтпесе, әжесі мұны жанына ертіп алып бір тынбайтын. Есіктің алдын тазалайды, диірменмен талқан тартады.  Талқанға қант араластырып, сүтке былғап мұның аузына тосады. Әжесінің айтуынша, мұнан артық тамақ жоқ. Одан қалды ыңылдап отырып шұлық тоқитын әжесі соңғы кездері мұның бәрінен қалды. Өзінің айтуынша күш қайтқан. Бұрынғыдай дәрмен жоқ. Ендігі тілегі қор қылмасын. Әжесінің күн сайын күбірлеп айтатын осы тілеуін жете түсінбесе де Еламан да «әжемді қор қылма» деп көз іліне бере бұл да қайталайды.

… Түс таяғанда анасы да келді. Қазан-аяққа тіл бітіп, түскі ас қамы жасалды. Әжесі теріс қараған күйі жата берді. Қатты ренжіген болу керек. Тәбеті жоқтығын сылтау етіп, дастарханға да келмеді.

Шәйнекті ауық-ауық сарылдата құйып, кесені шүмпілдете толтырған Базаркүлдің құлағында телефон. Бүгінгі ісіне риза сияқты. Ар жағындағы құрбысына рахаттана айтып, бір-бірін қуаттап жатыр.

– Үндемесең, ешкім ештеңе бермейді. Айқайды салдым. Енді ертең азық-түлік сұрап барамыз, арғыкүні қандай көмек берілетінін сұраймыз. Осылай айқайлап тұру керек!

Үлкен шаруа бітіргендей, даусы жарқын. Дастарханды тез қайыра сап айнаға қарады. Жасанды кірпігі де «солып қалыпты». Жаңарту керек. Тыр­нағындағы әдемі суреттер де солғын тартыпты. Қобдишасындағы алтын жүзік­теріне қарап, саусағына кезек-кезек тағып көріп, алтын алқасын да тағып, әше­кейлерін түгендеді де, телефонын қолына алып, әлемжелідегі дүкендерді аралап кетті….

Еламан таңертеңмен мектепке асықты. Мұғалім бүгін тәрбие сағатының негізгі салмағын өзіне тапсырған. Жауапкершілік жүгін сезінген бала сыныпқа келе сала дайындығын бір пысықтады. «Менің отбасым» тақырыбында дайындаған видеосы сыныптастарына ұнайтынына еш күмәні жоқ. Әжесінің диірмен тартып отырғаны, марқұм атасын көрмесе де кеудесі жарқыраған орден-медальға толы әдемі суретін, әкесінің жүк көлігінің жанында тұрған суреті, анасының бауыр­ларын ортаға алып отырғанын өзі түсірген «шағын киносына» арқау етіп, түйінін «еңбекпен тапқан нан тәтті» деген әжесінің сүйікті мақалымен аяқтады.

Тәрбие сағаты әдемі өтуде. Ісіне тап-тұйнақтай Еламан мұғалімнен мақтау естіп бір желпініп қалды. Кенет… Кенет барлығын тақылдақ Жұлдызайдың даусы бұзды.

– Апай, кеше Еламанның анасы «ашпын» деп көшеге шығып ай­қайлапты. Видеосы телефонда жүр. Олардың үйінде тамақ, ақша жоқ екен. Ал менің апам «ол үйде тамақ жоқ емес, шүкіршілік жоқ» деді. Көресіздер ме, деп телефонының түймесін басып қалып еді, видеодан анасы шыға келді. «Ашпыз, ашпыз» деп жұлқынған анасын көргенде Еламанның өзі де танымай қалды. Ашуланып, айқайлаған түрі тіпті қорқынышты…

– Тоқтат! Мұғалімнің өзі де есін енді жиғандай бұйрық берді. Сыныпта бір сәт үнсіздік орнады. Ауыр үнсіздіктен, жүрегін жаралаған мұндай қорлықтан қоңырау үні құтқарды.

Сөмкесін иығына іліп, үйге қарай жүгіріп келеді. Ешкімді көргісі жоқ. Ұяттан, намыстан жарылуға шақ. Көшеде қарама-қарсы кездескендердің барлығы бұған аянышпен қарайтындай. Көз алдына Жұлдызайдың телефонындағы анасының кейпі кетпейді. Орамалды тас қып байлап, бар даусымен бақырып жатыр. «Ашпыз» деген даусы естілмесін дегендей, екі құлағын алақанымен басып ентіге жүгірді. Есіктен кіре сала әжесінің алдына өкіре құлады.

Гүлбибі Мұрат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: