Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Нүрикамал»: Еркектің өзімшілдігі ме, әлде әйелдің ерлігі ме?

19.11.2024

310 0

Бір әнде бірнеше тағдыр тізбектеліп жататыны бар. Ғасырлар бойы ән мен жырдың асылын өзі теріп, өзі таңдап, өзі құрметке бөлейтін халықтың таңдауы талқыға түспек емес. «Қалт айтпайтын» елдің көңіліндегісін дөп басып, ауыздан-ауызға жететін шығарма шын бағасымен есте қалады. Сондай туындылардың бірі – «Нүрикамал» әнінің шығу тарихын таспалаған жаңа фильм жақында ғана жарыққа шыққанына қарамастан қоғамда қызу талқыға түсуде. Режиссердің басты мақсаты қандай? Кинодағы оқиғалар өмірден алынған ба? Нүрикамал деген кім? Кейіпкерлердің қазіргі тағдыры қандай?

Жары сүйген аруға

жыр арнаған

Сюжет желісі бойынша ақын Ханбибі Есенқарақызы шығармашылық тоқырауға ұшырап, күйзелісте жүрген жарын шабыттандыру үшін тау бөктеріне демалысқа апарады. Алайда композитор жүрегі шабытты таза ауа мен әсем табиғаттан емес, мәдениет қызметкері Нүрикамал сұлудың бойынан тауып, нәзік болмысын жаңа әнге арқау етеді. Кинода сазгер Ізтаевты Олжас Дәлелхан сомдайды. Сазгерге ән, ақынға өлең жазуға себепші болған Нүрикамал рөлінде Фариза Ескермес алып шықты.

Өмірде әннің сөзін жазған ақын Ханбибі Есенқарақызы күйеуі Тұрдықылыш Ізтаевтың Нүрикамал деген қызға ғашық болғанын айтады. Бір күні ақын жан жарының пианино алдында отырғанын көреді. Сәлден соң қасына барып «айтқың келгені осы ма еді?» деп әннің мәтінін алдына тастайды.

«Нүрикамал – өмірде бар, лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі ол қандай адам, менен артық па деп ойладым. Әйелдердің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі байыбына бара бермей­ді», – дейді   Ханбибі Есенқарақызы. Шығармашылық адамы­ның көбі туындысына арқау болған жандардың есімін өлеңдеріне қоспайды немесе өзгертіп жатады. Алайда бұған ақын түбегейлі қарсы шығып, әннің атын өзгертусіз қалдырады.

«Ғашық болуға құқы бар»

Шыны керек, «Нүрикамалды» көргендердің ара­сында «Отбасы бола тұра басқа әйелге ғашық болуды насихаттаудың керегі не?» деп пікір айтқандар көп.

– Бұл біреудің отбасын бұзу үшін насихатталған дүние емес. Бұл – өнер адамдарына тән. Біреуге біреу тәуелді емес. Бұл жерде жасандылық, тәуелділік жоқ. Композитордың ғашық болуға құқы бар. Әннің жақсы болғаны үшін ақын ретінде сөзін жазып бергенімді дұрыс деп санаймын.

– Бұл жерде мен әйелдіктен гөрі ақындықты, өнерді жоғары қойдым. Абай «Көңілге түрлі ой салар, жақсы ән мен тәтті күй» демей ме? Біз осы сөздің қадіріне әлі жетпедік. Жақсы ән ой салды. Сондықтан мәтінін жазып беруге тура келді. Әрине, бұл маған да оңай болды деп айта алмаймын. Десе де, ән ауға түскен балықтай, торға түскен құстай бұлқынып тұрды. Себебі сөзі жоқ болған соң шықпай тұр. Сөзін жазып бергенім үшін кінәлі емес шығармын», – дейді Ханбибі Есенқарақызы.

«Бұл әйелдің даналығы емес»

Қоғамда түрлі көзқарас бар екенін тілге тиек еттік. Бірі туындыда отбасылы еркектің басқа қызға қырындай қарағаны адалдыққа жатпайды десе, енді бірі сезімнен өнерді биік қойғаны деп бағалауда.

AmalBooks баспасының негізін қалаушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай:

– Маған әннің шығу та­рихы ұнамайды. Үш баланың әкесі Нүрикамал есімді жас қызға ғашық болып қа­лады. Ал ақын­ның әйелі болса, оның бұл махаббатын қол­дап, күйеуінің аты­нан әлгі келіншекке арнап өлең жазып беріпті. Мұны біздің қоғам әйел даналығы деп көтермелеуге тырысуда. Кейбіреулер мұны ерлікке телиді. Бұл мысалды дәріптейтіндерді түсіне алмадым.

Мұны өз басым сатқынық деп қабылдаймын. Әйелі мен бала-шаға алдындағы еркектің жауапкершілігі қайда қалды сонда? Өз басым мұндай азаматтарды түсінбеймін. Ал ақын әйелдің бұл ісінен ешқандай даналықты байқап тұрғаным жоқ. Кейін үшеуі жақсы араласып кетті деп жазып жатыр. Бір отбасы шеңберіндегі мұндай қарым-қатынастар бүкіл ұлтқа үлгі болмауы тиіс деп ойлаймын, – дейді.

Ал кәсіби киносыншылардың пікірі басқа. «Ұлы істердің артында муза тұрады. Муза – ұлы махаббат. Шығармашылық шабыт өмірдің жаңа тынысын ашады. Өмірде батыл қадамдардың жасалуына, өнерде де ұлы туындылардың жарыққа шығуына махаббат ықпал етіп жатады.

Тарихта әйел үшін соғыс та болған, қамал да салынған. Әйелге тән әдемілік пен нәзіктік үшін қаншама ер-азамат отбасын да бұзған. Бұл – өмірдің шындығы. Ән де жазылған, мүсін де қойылған, ерлікке де, құрбандыққа да барған. Ер-азаматтар үшін нәзіктіктің құны жоғары.Өмірде болған кейіпкер Нүрикамалдың бейнесі фильмде композитордың ғана емес, барлық еркек атаулының есін шығарады. Сүреңсіз өмірі түрлі түске боялғандай күй кешеді. Әсемдіктің салтанат құру үлгісін көреді.

«Нүрикамал» фильмі – композитордың музасы туралы ғана емес, оның жұбайының әйел ретіндегі ішкі арпалысы мен даналығының көрсеткіші. Күйеуінің шы­найы махаббатына құрметпен қарауы, қызғанышын жеңу оңай болмаса да, оқиғадан өзіндік шешім тауып шығуы шы­ғармашылық тұлғаға тән қасиетін ашады. Өнер адамдарының жұбайы болу қашанда оңай болмаған.

Композитордың жұбайы қайта ғашық болған күйеуінің өмірге деген құштарлығының қайта артуына, жаңа әннің тууына себеп болған Нүрикамал музасының ішкі әлемін түсінуге өресі жеткен. Махаббатты мойындау да – ерлік.

Махаббат – өмір  сүруге  деген  шексіз  құштарлық.Табиғаттың  заңындағы  жоғарғы  мағына.  Жүрекке әмір  жүрмейді. Шынайы  махаббат  сезімі  адамның  эмоцияларының  барлық потенциалын  ашады. Қазақ киносында махаббат тақырыбына арналған фильмдер өте аз. Бұл фильм кеңес дәуірінің кезеңіндегі оқиғаны баяндаса да, бүгінгі күні табиғаты күйбең тірлікпен қатайып кеткен әйел қоғамына нәзіктіктің ер-азаматтың өмірінде алатын орнының қаншалықты маңызды  екендігін  еске  салады», – дейді киносыншы,  Өнертану  PhD  докторы,  профессор Гүлзат  КӨБЕК.

«Бұл коммерциялық фильм емес»

Айта кетейік, шығармашылық топ мамыр айында алғаш рет бас қосып, фильмнің сценарийін ойластырған. Маусым айында түсірілім жұмыстары басталып, ол 20 күнге созылыпты. Фильм сахналары Алматы қала­сында және Қарасаз жақтағы Тұзкөл деген ауылда түсіріліпті.

«Біз әу баста бұл фильмге коммерциялық жоба деп қарасақ, онда оның желісіне комедия элементтерін көбірек қосар ма едік. Бізге әннің тарихы, жалпы әннің айналасындағы адамдардың тағдыры қызық болды. Фильмнің бюджетін де нақты айта алмаймын, бас-аяғы 150 миллионның о жақ-бұ жағында қаражат жұмсалды ғой деймін. «Нурикамал» – жеке кәсіпкер Жандос Божаевтың қолдауымен түсірілген фильм. Көп адам әннің тарихын бұрыннан біледі екен, енді соны экраннан көруге қызығып келді. Көрермен дәл осындай лирикалық махаббат драмаларын сағынып, шөлдеп қалғаны сезілді. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер арасында «осындай фильмдер көбірек шықса екен» дегендей лебіздерді байқап отырмыз» дейді режиссер Ернат Байұзақ.

Режиссердің фильмді көрмей-білмей сынап жазып жатқан көрерменге де айтары бар екен:

«Қазір біз әлеуметтік желіден фильмге қатысты жылы пікірлерді де, хейтті де көріп отырмыз. Көрермен қандай пікір жазса да, фильмді көріп болған соң ғана жазса екен деген тілегім бар. Көрмей жатып, «бұл – нашар фильм» деп сырттай баға беру жаңсақ секілді.

Адамның тағдыры адамға қашанда қызық. Бұл фильмде де өзгеге ұқсамайтын бір тағдыр жатыр. Қазір фильмді көрген оқырмандардың бірі Ханбибі апамыздың әрекетін даналық десе, енді бірі мықтылық деп бағалап жатыр. Менің ойымша, бұл – жай ғана бір адамның тағдыры. Сол кезде қандай шешім қабылдаса да, қандай сезімде болса да, оның бәрі Ханбибі апамыздың ішінде қалды. Осы фильм арқылы көрерменге ой салып жатсақ, онда ол біздің мақсатымыздың орындалғаны».

«Тұрдықылыш Нүрикамалға қосылғанда, үшеуміз де бақытты

болар едік»

Фильмнің басты кейіпкерінің бірі, Тұрдықылыштың жары, ақын апамыз бір сұхбатында осылай деген екен. «Иә, солай айтқаным рас. Нүрикамал өте ақылды қыз болды. Бұл еркек деген ерте ме, кеш пе, ұшып кететін құс сияқты. Мен соны ақындық жүрегіммен сезген шығармын. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады», – дейді. Тұрдықылыш шынымен ғашық болмаса, мен осындай ән жазам ба? Бұл деген төгіліп тұрған сезім ғой. Сондықтан да «шын ғашық болса, оған ешқандай тоқтам жоқ қой. Үйленсе, үйленсін» деп ойладым. Бірақ Тұрдықылыш қызға өзі  ғашық болып алып, аяғында өзі бас тартты», – дейді ол.

Айта кету керек, ән 1988 жылы жарық көрді. Оны біраз әншілер орындады. Бұл әнді Жұбаныш Жексенұлының орындауында жақсы қабылдады. «Бұл әнді Жұбаныш көтерді, Жұбанышты ән көтерді дер едім. Осы әннің арқасында Жұбаныш Алматыға келді, халыққа кеңі­нен таныла бас­тады. 1991 жылы «Алтынай» әнінің сөзін жаздым. Сол ән әнші Ұлықпан Жолдасовты Алма­тыға алып келді. Оларға әнді өзім берген жоқпын. Жалпы «мына әнімді орында» деп ешкімге өтініш жасамаған адаммын. Өз­­дері алды, өздері орындады. Ол кезде қа­зіргідей ән сату, сөз сату деген болмаған. Енді қазір фильм жарыққа шығып жатыр. Ма­териалдық тұрғыдан ештеңе дәметпедім және шығармашылық команда да маған ондай ұсы­ныс айтқан жоқ. Жалпы қай уақытта да «менің туындым халыққа тараса болды» деген бір-ақ мақсатым болды, ол орындалды. Жақсы ән халықтың жүрегіне жетеді де, оны қайтадан суырып ала алмайсың ғой», – дейді ақын.

Аделина Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: