Оба – аса қауіпті жұқпалы ауру. Оба ауруы адамдарда өте ауыр ағыммен, қызбамен, лимфа түйіндерінің, өкпенің және басқа да ішкі ағзалардың зақымдануымен өтеді. Табиғи ошақтық карантиндік аурулар тобына жатады. Аурудың қоздырғыштары – оба микробы.
Обаның табиғи ошағы дегеніміз, ежелден бері ауру қоздырғышының жер бетінің белгілі бір учаскесінде (топырағы мен жануар, жәндіктерінде) айналымда болуы.
Қызылорда облысының барлық аудандарының аумағында обаның табиғи ошақтары бар. Олардың жалпы көлемі облыстың шамамен 85 пайызын құрайды. Облыс аумағында Қызылорда және Арал теңізі обаға қарсы күрес станцияларының күшімен жыл сайын оба ауруының алдын алу мақсатында халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстары, медицина мамандары арасында эпидемияға қарсы дайындық шаралары жүргізіледі. Эпизоотологиялық маусымда ошақтардан ауланған кеміргіштер мен бүргелерге зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Оба эпизоотиясы анықталған аумақтарда далалық дезинсекция жүргізіледі. Энзоотиялық аумақта орналасқан елді-мекендерде эпидемиологиялық көрсеткіштеріне қарай дератизация және дезинсекция жұмыстары жүргізіледі.
Табиғаттағы бұл инфекцияның көзі – жабайы кеміргіштер, ал негізгі тасымалдаушылар – қан соратын буынаяқтылар, бүргелер. Кеміргіштер арасында оба жаппай таралған жерлерде обамен ауыратын түлкілер, қасқырлар, күзендер, борсықтар мен қояндар кездеседі. Үй жануарларының ішінде түйе жиі ауырады.
Табиғатта жабайы кеміргіштер арасында оба ауруының таралуы үнемі бола бермейді. Олар толқын тәрізді әр жылдарда пайда болып, кең аумақтарға таралады, не ұзақ жылдарға бәсеңсиді. Бірақ та оба ауруы энзоотиялы аумақтарда үнемі айналымда болады.
Адам көбіне обамен залалданған кеміргіштің үстінен түскен сыртмасылдардың (бүрге, кене) шағуы арқылы ауруды жұқтырады. Және де ауру немесе обадан өлген жануарлармен тікелей байланыста болған кезде обаны жұқтыруы мүмкін. Бұл кезде аурудың жасырын (инкубациялық) кезеңі 6 күнге дейін болады. Обамен ауырған адамнан ауалы-тамшылы жолмен жұғып, 1-2 күн инкубациялық кезеңнен кейін сау адам обаның өкпелік түріне шалдығады.
Ветеринарлық қызметкердің қарауынсыз ауру түйені союға жол берілмейді. Егер түйе обамен ауырған болса, оны союға қатысқан және жұқтырған етті алғандардың бәрі ауруды жұқтыруы мүмкін.
Адамда оба ауруы кенеттен, температураның күрт жоғарылауымен, бас ауруы, қалтырау пайда болуымен басталады. Көбінесе шап немесе қолтық асты бездерінің бір жақты шошынуымен және ауырсыну пайда болумен жүреді. Кейбір жағдайларда бұл кеудедегі ауырсынумен, қатты жөтелмен және қанды қақырықпен бірге жүреді. Науқастың жағдайы тез нашарлайды және уақтылы медициналық көмек көрсетпесе, әдетте өліммен аяқталады.
Науқастар аурудың кез-келген кезеңінде қауіпті, сондықтан инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін мыналарды білу қажет:
– Кеміргіштердің індеріне жақын жайғасуға болмайды, өйткені обамен ауыратын жануардың қанын ішкен бүрге мен кенелердің шағуы арқылы жұқтыру қаупі бар;
– Сырттай қарағанда ауру жануарға ұқсайтын, яғни жүрісі баяу, әлсіз және т. б. жануарларды аулауға және атуға қатаң тыйым салынады;
– Далада, кеміргіштер мен бүргелер мекендейтін жерлерде жұмыс істеу қажет болған жағдайда киім мен уақытша тұрғын үйлерді репелленттермен және инсектицидтермен өңдеу қажет;
– Тұрғын үйлерге иттер мен мысықтардың әртүрлі кеміргіштерді әкелмеуін қамтамасыз ету қажет. Бүрге, кене, кеміргіштер көбейіп кетсе дезинсекция жасалуы керек;
– Түйе ауруының алғашқы белгілерінде бұл туралы ветеринариялық қызметкерлерге хабарлау қажет;
– Ветеринариялық қызметкерлердің қорытындысынсыз түйелерді союға тыйым салынады және ауырған түйелер туралы хабарлау керек;
– Жоғары температура кенеттен пайда болған кезде, мойын, қолтық, шап аймағында ауырсыну пайда болған кезде медицина қызметкерлеріне шұғыл хабарлау қажет. Бұл ретте айналадағы адамдармен байланысты барынша шектеу керек.
– Кез-келген препараттармен өз бетінше емделуге қатаң тыйым салынады. Бұл диагноз қоюда қиындықтар туғызады және ауруды кеш анықтап өлімге әкелуі мүмкін.
Оба ошақтарында аурудан сақтану үшін обаға қарсы екпе алу керек. Вакцинация осы аумақта орналасқан барлық медициналық мекемелерде жасалынады. Жыл сайын оба бойынша энзоотиялық аумақта орналасқан елді-мекендерде тұратын халықты, вахталық қалашық жұмыскерлерін, малшылар, аңшылар, шекарашылар және басқа да далалық жерлерде жұмыс істейтін адамдарға жоспарлы вакцинациялау жүргізіледі.
Еркін БАРЫСОВ,
«Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің
дәрігер бактериологы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!