Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

«Өнер-білім бар жұрттар…»

09.11.2024

582 0

Бала бойындағы талантты танып, көзін аша білу – ұстаздың ұлы еңбегінің бірі. Ұрпақтың тәрбиесі мен білімін ұлттың келешегімен сабақтастырған елміз. «Шыбықты жастайында қалай исең, солай өседі» деуші еді ғой… Міне, Сырдағы білім беру ісінде осы үрдіс кең қолданысқа ие. Оқушылардың қабілетін дамыту тұрғысында жақында ғана ашылған Оқушылар сарайы жұмысын бастады.

Кескін-келбеті өзге ғимараттарға ұқсамайтын зәулім сарай ішінде талай таланттың бағын ашатыны анық. Ойдағы арман-мақсатына бойдағы қарым-қабілетімен қадам басқан әрбір жеткіншек үшін үлкен мүмкіндіктер алаңына айналды. Сөз басында интеллект туралы айтып қалдық қой, жалпы бұл ұғымның пайда болғаны кеше, бүгін емес, ғасырлар бұрын ұлылар айтып кеткен. Аристотель, әл-Фараби тәрізді ойшылдардың сөзімен айтсақ, табиғат берген қабілет, тәрбие арқылы даритын білім. Ал «болам деген баланың бетін қақпай, белін буатын» қазақы ұстаным осы екеуін ұштастырып, баланың дана болуына жетелейді.
Сәл кейінге шегініс жасасақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы нысанның ашылу салтанатында мұнда аймақтың ең дарынды балалары тәрбиеленіп, елдің атын шығаратынына сенім білдірген еді.
– Облыста биыл 187 нысанның құрылысы салынуда. Тек білім саласында 9 нысан ел игілігіне берілді. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд 350 млн теңгеге салынған 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы да – осы нысандар қатарында.
Білім, ғылым, мәдениет және өнер саласының дамуы – өркениеттің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Қазіргі таңда өңірде 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ондағы үйірмелерге 60 663 оқушы қатысады.
Бұл ғимаратта балаларымыз бос уақытын тиімді өткізіп, пікірлес жаңа достар табады. Таным көкжиегін кеңейткен жас талапкерлер жаңалық ашып, жарқын болашағына қажетті дағдыларға машықтанады деп сенеміз, – деді аймақ басшысы.
Қазаннан бастап жұмысын қолға алған Оқушылар сарайының ішінде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері бар.
– Жалпы айтқанда, Оқушылар сарайы білім сапасын жақсарту, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында өңір жасөспірімдерінің интеллектуалдық және рухани тұрғыдан жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік туғызбақ. Қазіргі таңда қосымша білім беру орталығында мамандар мен оқушыларды қабылдау жүргізіліп жатыр. Негізі қосымша білім берудің орта білім беруден айырмашылығы, біздің жұмыс жыл бойы жүргізіле береді. Яғни, балалар мен мамандардың қабылдануы жыл басында да, ортасында да кез-келген мезгілде жүзеге асырылады, – дейді Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің Оқушылар сарайы директорының уақытша міндетін атқарушы Гаухар Құдайбергенова.
«Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан ақылды болып, осы үш сипаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі әрі данышпан болады. Ол адам ісінде байыпты, табанды болып көп қате жібермейді. Егер ақылы шамалы адамның үш жан сипаты бірдей тәрбиеленген болса, ол адам өзіне-өзі қанағатшыл, өміріне риза, орташа тығынды кісі болады» дейді Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов.
Қаламгер айтқан адамның қабілетін дамыта жүріп, оны ұшпаққа шығару – бір мектептің ғана жұмысы емес. Бұл ретте балаға мектеп бағдарламасынан бөлек, қосымша білім беру орталықтары мен ата-ананың қолдауы керек. Талант пен дарынды өз уақытында танылады деу – қате. Оған қолдау керек. Ал бала жанының бағбанына айналған ұстаздардың еңбегі бұл тұрғыда ерен екенін ұмытпаған абзал. Осы бағытты ұстанған тәрбиешілердің бірі – Оқушылар сарайындағы хореография үйірмесінің жетекшісі Әсел Бекзатханқызы. Би өнеріндегі орны қалыптасқан өнер адамы талай шәкіртке қанат бітіріп жүр. Оны ата-аналар өздері іздеп келіп, баласының өнерін дамытуды аманаттайды.
– Әсел Бекзатханқызы – біздің бұрынғы би жетекшіміз. Қазір Оқушылар сарайына ауысқалы бері біз де сол орталыққа баратын болдық. Әрине, баламызды үйірмеге жіберер алдында біз жетекшісі туралы сұраймыз. Ол кім, белсенділігі қандай деген сынды сауалдарға жауап іздейміз. Оқушылар сарайындағы би үйірмесі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бала үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы деп айтсақ болады. Ал жетекшіміз – өте білікті маман, жоғары санатты педагог. Балаларға би өнерін үйретуде бар қабілетін салып жүр. Репертуары өте бай. Жетістіктері де мол. Міне, біз осылай жан-жақты ойлап, қадам басып, үйірмеге жазылдық, – дейді ата-ана Лаура Нигматуллина.
Әлбетте, ұстаз үшін ата-ананың ықыласы бәрінен маңызды. Олардың аманатына қиянат жасамай, балалардың қанатын қатайтып, биік шыңдарға жетелеп жүрген ұстаз да өз жолынан жаңылған емес.
– Үйірменің ең бірінші мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Мен жетекшілік ететін хореография үйірмесіне балалар 5 жастан бастап, 17 жасқа дейін қатыса алады. Түске дейін де, түстен кейін де топтар бар. Әр топ аптасына екі рет бір жарым сағаттан келеді. Топта 15 қатысушыдан бар. Оқушылар сарайы біздің баланы үйретуімізге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Балалар өз қимылдарын көріп, қарап үйренуі үшін айнаның маңызы зор. Залда үлкен айна, киім ауыстыратын екі бөлмеміз бар. Интерактивті тақтамыз да кәдемізге асып тұр. Балаларға сол арқылы керемет би қойылымдарын көрсетіп, тәжірибе алмасамыз, – дейді Әсел Бекзатханқызы.
Оқушылар сарайының ашылғанына бір айдан енді ғана асып жатыр. Сондықтан мұндағы жұмыс қалыптасу үстінде. Білікті хореограф та балалардың дене қимылын бір ретке келтіріп, олардың бойында би өнерінің іргетасын нықтап қалыптастырып алған соң алдағы мерекелік кештерде өрендердің өнерін танытатынына сенімді.
– Балалардың қызығушылығы өте жоғары деңгейде. Ізденістері тәнті етеді. Балалармен жұмыс істеу оңай да емес, қиын деп те айта алмаймын. Осы саладағы жиырма жылдың ішінде талай шәкіртім болды. Олардың әрбіріне ана болдым деп айта аламын. Балалар мені солай атайды. Мен осында ауысқалы бері артынан іздеп, еріп кеп жатқан да шәкірттерім бар. Мұның барлығы еңбектің еленгені емес пе?! Алдағы уақытта да біз дәл осындай бір үйдің баласындай болып, талай сайыста бақ сынаймыз. Әлі талай жеңісті жолды жалғаймыз, – дейді хореограф.
Оқушылар сарайындағы ІТ бағытындағы 3Д графика үйірмесіне Бағдат Қадырбеков жетекшілік етеді. Балалар мұнда анимация, ғимараттың қасбетін, интерьерлік дизайндардың үлгісін жасауды, фильмдердегі эффектілердің моделін құрастыруды үйренеді.
– Балаларға үйрету, жеткізу үшін солардың тілінде сөйлеуіміз керек. Біз яғни, ойын түрінде сабақ жүргізудеміз. Шетелдік ойындарды ойнай бермей, қайта сол ойынды жасауды үйрену керек. Қандай ойын дейсіз ғой, мәселен, ежелгі Жанкент қаласы. Ойын арқылы ежелгі қаланы серуендеп жүреді. Алдынан ақсақал шығып, онымен амандасқан сәтте қария қаланың тарихын айтып береді. Әрі ойын, әрі баланың санасына сәуле шашады. Байтақ Отанымыздың ежелгі тарихын зерделейді. Білім саласының негізгі мақсаты да осында жатыр ғой. Ойын бағытында жұмыс істеу процесін қолданамыз. Қазақтың ұлттық жарыстарын да келтіруге болады. Мұндағы негізгі бағыт – виртуалды әлем жасау, – дейді Б.Қадырбеков.
Мұндағы ең басты талап – баланың компьютерлік сауатты болуы. Ал бұл саланың әліппесін үйренген бала әрі қарай өзінің қызығушылығымен кірісіп кетеді. 3Д графиканың өзінің сан түрі бар. Соның бірін таңдайды.
– Ата-аналар бала болашағына алаңдағандықтан, олар ІТ технология саласына бергісі келеді. Неге дейсіз бе? Өйткені үйірмеден саланың әліппесін меңгерген бала болашақ мамандығын да осыған сай таңдай алады. Ал ІТ салада жұмысқа тұру үшін тамыр-таныс та, ақша да керек емес. Мұнда бастысы – тәжірибе, білім, ынта. Оған қоса, бұл салада маман тапшылығы жетерлік. Ал бұл үйірмеге баласы қатыспайтын ата-аналардың өзі ақыл сұрап, кеңес алып жатады. Қарапайым ғана мысал, СММ маманы деген мамандық жоқ. Оқу орындары бұл бағытта оқытпайды. Бірақ қабілет-қарымның арқасында үйреніп алуға болады және бұл мамандық жоғары сұранысқа ие, – дейді үйірме жетекшісі.
Таяуда ғана Алматыға республика бойынша мың педагогтың басын қосқан үлкен жиынға барып келген Бағдат Насырбекұлы қазіргі таңда ІТ саланы оқушылардан бөлек, мұғалімдерге де үйретіп жатқанын айтады. Демек, қоғамның сұранысы жоғары деген сөз.
Мен ғылыми жобалармен де айналысамын. Кеше ғана республика бойынша мың педагогты ІТ саласына бағыттауда тәжірибелі мамандармен жолығуының куәсі болдым. Өзім 40 мұғалімге үйреттім. Жиынның мақсаты – маманның тәжірибесін мұғалімдерге үлгі ету. Әрбір мұғалім бұл саланың қыр-сырына қанығу керек. Ол барып оқушыларға үйретеді. Оқушылардың көзқарасын қалыптастырады. Түптің түбіндегі мақсат – білім берудің сапасын жоғарылату. Бір қызығы, біз ізденіп жүріп оқығанбыз, қазір мамандар оқушылардың қызығушылығын оятуға көшті. Бұл – балаларға берілген үлкен мүмкіндік, – дейді Б.Қадырбеков.
Осы күні сол жағалаудағы жаңа қаланың халқы 15 мыңға жуықтады. Әрине, бұл – үлкен қуаныш. Ал Оқушылар сарайына барғысы келетін қаланың басқа аймақтарындағы балалар үшін №24 қалалық қоғамдық көлік ұйымдастырылған. Оқушылар сарайында қазір жалғыз ғана мәселе – балаларды тасымалдауға арнаулы автобус қажеттілігі ғана. Оның да шешілер күні алыс емес тәрізді.

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: