Жексенбі, 24 қараша, 18:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Өнер мен білім – қара бастың қамы үшін емес, елдің игілігі үшін

06.07.2024

367 0

Үкілі аспаптың үздіге шыққан үні бір сәтте құйындата жөнеледі. Тағы бірде аптығын басып, жорғалаған тұлпардың жүрісіндей желтіп барады. Әуен өзгерген сайын көңілдің қылын шертіп елтіп барады. Тіпті айналадағы дүниеде не болып жатқанынан бейхабар. Көз алдыңызда өнерпаз толы сахна емес, қазақтың көк майсалы кең даласы. Мына ғаламды ұмыттырып жіберетін осындай бір ғаламаты бар ғой, шіркіннің. Өнерімен өрге жүзіп, Сыр сахнасын былай қойғанда әлемдік өнер аламандарында да ат оздырып жүрген Ерболат Айдарбекұлының тартысы еді бұл. Бәйгеде шапқан тұлпардың тұяғы тәрізді оның саусақтары домбыраның пернелерінде дамыл таппайды. Ширек ғасырдан бергі сенімді серігі де, ең жақын досы да – домбыра. Аспаптың сабына қолы тие сала, құлағын келтіріп алады да, жүйтки жөнеледі. Бүгінде оның өнеріне тәнтілер қатары қалың.

Ерболат Айдарбекұлы – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің түлегі. Мұнан соң ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алды. Қайда жүрсе де саласының үздігі атанған майталман мамандардың тәлімін алғанын айтып жүретін өнерпаз бүгінде домбыраның құлағында ойнайды. Ұлттық домбыра күні мерекесі келсе өзінің төл мерекесіндей сезінеді.
– Оңашада ойланып отырсаң да, мұңайсаң да, қатты қуансаң да осы домбыра – әуелгі көңіл-күйіңді білетін ең бірінші досың. Миыңды тынықтырып, сан түрлі ойдан арылтады. Жан дүниеңе жетпей тұрған дәруменді толтырады. Қазақ қазақ болғалы қолынан түспеген осы аспаптың тылсым сыры көп. Оның ғаламатын сөзбен айтып тауыса алмайсың. Сөзсіз жырлап, жүрегіңе жол тартатын ерекше дауысы бар. Өзге ұлт өкілдерінің осы аспапқа ерекше таңданысын талай көрдім. Мұндай ерекше аспап қазақта ғана бар және мен оны мақтан етемін, – дейді өнерпаз домбырасына көз тастап.
Осы күні Ерболат – Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің әртісі. Өнердегі кіл мықтының басын қосып, іріктеп алған ұжымның ортасында беделі мен абыройы да асқақ. Домбыраға деген ықыласы да ерекше.
– Домбыра – мен үшін киелі аспап. Бұл аспаппен достасып, сенімді серік еткеніме еш өкінбеймін. Оны үйренгенімді мақтан тұтамын. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой. Қазіргі таңда осы өнерімнің арқасында мықты-мықты шәкірттерді тәрбиеледім. Ең алғашқы шәкіртім – Рахымжан Бақытжанұлы. Көптеген байқауларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Қазір тәрбиелеп жүрген жас буынның қатарында Мансұр Шәкірбек бар. Оның да алған асуы – өз алдына бір төбе, – дейді Ерболат Айдарбекұлы.
Білікті маман қай жерде де өзінің қабілетін көрсетеді. Танымал домбырашы оркестрдегі қызметімен қатар Сырдария аудандық өнер мектебінде де шәкірт тәрбиелеп, жас буынның қанатын қатайтып келеді. Одан тәлім алған жас өнерпаздар осы күні ауданның ғана емес, облыстың да абыройын асқақтатуда.
– Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген керемет сөз бар. Бойыңда өзгеге үйретер білім мен өнер болса, оны елдің игілігіне жұмсап, шәкірт тәрбиелеп, өзге адамның өмірден өз орнын табуына жәрдемдеспесең, одан не қайыр?! Өнер мен білім – қара бастың қамы үшін емес, елдің игілігі үшін. Құдай саған мүмкіндік берді, ендеше, сол мүмкіндігің арқылы елге қызмет қыл. Міне, мендегі ұстаным осында жатыр. Шәкірттерімнің алған асуларын көргенде қатты қуанамын. Бастаған ісіңнен нәтиже шығып, биіктен көрініп жатса, неге қуанбасқа?! – дейді өнерлі ұстаз.
Ерболат Айдарбекұлы шәкіртеріне үлгі болып, өзі де бірқатар байқаулар мен додаларда бақ сынап, жетістіктер бұрышын толтырып тастаған. Оның қоржынында сан түрлі марапат бар. Сайыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озатыны анық.
– Жүйрік атанып жатсақ, маңдайымызға жазылған бақ. Мен ол жүлделерді айтпағанда осы өнердің бойға қонғаны мен оны дамытуға ықыласым болып, еңбек еткенімнің өзін үлкен бақыт санаймын. Сондықтан мен – өнерде де, өмірде де бақытты жанмын. Алар асу мен бағындырған белес тек өзіңнің жетістігіңмен емес, сол өнердің дамуына қосқан үлесіңмен есептеледі. Өзің таңдаған саланы шын қалап, оған жаның ашып, нәтижесін көргеннен артық қуаныш бар ма?! Облыстық деңгейдегі оркестр құрамында өнер көрсетуді армандап жүргендер бар. Шәкірт тәрбиелеуді ойға алып, онысынан еш нәрсе шығара алмай жүргендер де көп. Мен осы бағытқа келгенде өнер мен өмірде жолы болып, маңдайы жарқыраған жан екенмін. Алдағы уақытта да ұлттық өнердің ұлылығын дәріптеп, қасиетті қара домбырамен алыс армандарға қадам басамыз, – дейді жұмысына берілген азамат.
Қолынан түспейтін қоңыр үнді домбырасының құлағын келтіріп, ойындағы әуенді ыңылдап әндете отырған өнерпаздың жан дүниесіндегі ғажайып өнерге деген махаббатты аңғару қиын емес. Өнер адамының жаны таза келеді. Олардың ой-өрісі мен таным-түсінігі де жаңа жауған ұлпа қар сияқты. Ерболаттың асыл өнерге жанашырлығы сөзінен ғана емес, өнер жайлы айтқанда алысқа ойлана қараған көзінен де көрініп тұрғандай.

Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: