Сейсенбі, 31 наурыз, 01:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23 (2235)
31.03.2026
PDF мұрағаты

Өткен мен бүгіннің тоғысы: Тарихи туризмнің маңызы

31.03.2026

34 0

«Қызылорда – тарихи ескерткіштерге бай, сан алуан мәдени мұраларды сақтаған ерекше өңір. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ» – деп Ел Президенті өңірімізде өткен Ұлттық Құрылтайда атап көрсетті. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заман­ның өзін­де қазақ жерінде дамыған қала өрке­ниеті бол­ғанын аңғартады. Қызылорда­ны сол әйгілі қала­лардың заңды жалға­сы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды – деген еді.

Табиғаты мен тарихы тұнған ерекше өңірдің әрбір тарихи орындары мен ескерткіштері тарихынан сыр шертіп кел­ген қонақтарды баурап алады.

Бүгінде облыста 483 тарих және мәдениет ескерт­кіштері бар, олардың 131-і археологиялық ескерткіштерге, 121-і монументтік өнер құрылыстарға, 23-і киелі объекті, 2-уі ансамбль мен кешендер болса, 206-ы архитектуралық ескерткіштерге жатады.

Жүргізілген талдау негізінде өңірі­мізге келетін шетел және Қазақстан туристерін қызықтыратын зиярат ететін 38 нысан енгізілген.

Аймақтың ең танымал нысанда­рының бірі – Қорқыт ата кешені. Бұл жер – түркі әлемінің ұлы ойшылы Қорқыт атаға арналған қасиетті мекен. Кешеннің ерекше сәулеті мен қобыздың үнін бейнелейтін симво­ликасы келген әр адамға терең әсер қалдырады.

Кешен түркі халықтарына ортақ рухани мұра болып саналады. Мұнда келген саяхатшылар Қорқыт атаның философиялық ойларымен танысып, қобыз үні арқылы берілетін ерекше атмосфераны сезінеді.

Ал тарихқа қызығушылар Сығанақ қалашығы мен Жанкент қалашығы секілді көне қалалардың орын­дарын аралай алады. Бұл қалалар бір кезде­рі Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда және орта­ғасырлық өркениеттің маңызды орталықтары болған.

Облыстағы ерекше тарихи нысан­дардың бірі – Көті­бар мұнарасы. Бұл мұнара – өңірдің сәулет өнерін­дегі көне үлгілердің бірі. Оның құрылысы мен орналасуы сол кезеңдегі қорғаныс және бақылау қызметін атқарғанын аңғартады. Көтібар мұнарасы – өткен заман­ның куәсі ретінде туристердің қызығушылығын тудырады.

Діни сәулет ескерткіштері қата­рында Айтбай мешіті ерекше орын алады. Бұл мешіт – өңірдегі ислам мә­дениетінің дамуын көрсететін маңыз­ды нысан. Оның архитектурасы қара­пайымдылығымен қатар, рухани терең­дікті бейнелейді. Мұнда келуші­лер тек ғимаратты тамашалап қана қоймай, рухани тыныштық таба алады.

Қызылорда қаласындағы діни әртүр­­лілікті көрсететін тағы бір нысан – Құт­қарушы Христос шіркеуі. Бұл пра­­во­славиелік шіркеу өңірдегі түрлі мәдениеттер мен дін­дердің бейбіт қа­тар өмір сүріп келе жатқанын дәлел­дейді. Оның сәу­леттік ерекшелігі мен ішкі көркем безендірілуі туристерді қызықтырады.

Тарихпен тереңірек танысқысы ке­летіндер үшін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі  – маңызды орын. Музейде өңірдің ежелгі дәуір­ден бүгінгі күнге дейінгі тарихы қам­тылған. Археологиялық жәдігерлер, этно­графиялық бұйымдар мен тарихи құжаттар келушілерге аймақтың өткені туралы толық мағлұмат береді.

Аңызға толы орындардың бірі – Бегім ана мұнарасы. Бұл мұнара халық арасында кең таралған Бегім ана туралы аңыздармен байланысты. Мұнда келген туристер тек тарихи ескерткішті ғана емес, халық ауыз әдебиетінің бір бө­лігіне айналған оқиғаларды да естіп, ерекше әсер алады.

Сондай-ақ өңірде орналасқан Кер­дері кесенелері де туристік маңызы зор нысандардың бірі. Бұл кесенелер ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті үлгілері болып саналады. Олар сол дәуірдегі діни сенімдер мен құрылыс мәдениетін көрсетеді.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқы­мыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазына­ға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. «Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осын­дай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын» – деген болатын Президент.

Қызылорда облысының туристік нысандары – тарих пен мәдениеттің үйлесімінен туған баға жетпес мұра. Көтібар мұнарасы, Айтбай ме­шіті, Құтқарушы Христос шіркеуі, облыстық музей, Бегім ана мұнарасы және Кердері кесенелерінен бөлек, облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті ғимараты, Сыр бойы­ның батырлары ескерткіші, Араласар қалашығы, Сараман-Қоса мұнарасы, Кескен Күйік қалашығы, Шірік-Рабат қалашығы, Бәбіш-Мола ескерткіштер кешені, Баланды ІІ кесенесі, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Моншақты асар қалашығы, Сортөбе қалашығы, Іңкәр-қала қалашығы, Сеңгіртам ғұ­рыптық-жерлеу кешені, Мыңарал ке­сенесі, Марал ишан кесенесі, Қалқай ишан кесенесі, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Қос асар қалашығы, Қорасан ата кесенесі, Қарасопы кесенесі, Айқожа кесенесі, Ақтас мешіті, Төлегетай-Қылышты ата кесенесі, Оқшы ата қорымы секілді орындар өңірдің бай тарихын жан-жақты танытады. Бұл нысандарды аралау әрбір турист үшін танымдық әрі әсерлі саяхат болмақ.

Қызылорда облысына саяхат – тек демалыс емес, ол рухани байлық пен тарихи танымды арттыратын ерекше тәжірибе.

Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: