Дүйсенбі, 25 қараша, 04:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

07.09.2024

753 0

«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте».
Бұл – халқымыздың қабырғалы қаламгері, ақын Қадыр Мырза Әлі атамыздың сөзі. Өлең жолдарында айтылғандай тіл – рухани байлығымыз, тарихымыз бен тағдырымыз. Тіл әлемді танып-білуге, өз ойларымызды білдіруге және басқалармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Тіл тарихымызды, дәстүрлерімізді және құндылықтарымызды сақтауға көмектеседі. Қазақ тілі – ұлттық санамыздың кілті. Ана тілімізді білу және құрметтеу – бұл біздің өткенімізге, бүгінгімізге және болашағымызға деген құрмет.
Елімізде 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданып, 1998 жылдан бастап тойланып келді. 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен, Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылды.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Бұл мереке – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам.
Қазақ тілін дамыту, оның мәртебесін көтеру, баршамыздың алдымызда тұрған басты міндеттің бірі. Ал тілді меңгеру тәрбие, білім беруден басталады. Осы орайда балаларға ана тілін үйренуге, сүюге, құрметтеуге тәрбиелеуде еңбек ететін ұстаздардың еңбегі зор. Соның бірі – С. Әлжіков атындағы №144 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ляззат Есіркепова. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, отыз жылдан астам уақыт балаларға білім беріп келе жатқан ұстаз мектепте қазақ тілінің дамуына бағытталған түрлі авторлық бағдарлама авторы, жаңа форматтағы жобалары еліміз бойынша үздік атанған. Оның шәкірттері – республикалық, облыстық, қалалық байқау жүлдегері.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың атадан балаға мұра етіп қалдыратын екі қазынасы бар. Оның біріншісі – байтақ жері, екіншісі – бай тілі», – дейді. Ана тілімізді сақтау және дамыту – ұрпақтарымызға беретін ең құнды мұра. Оларға біздің тіліміздің байлығын, оның әдебиеті мен өнерін жеткізу біздің парызымыз. Тілдің әрбір сөзінде біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің және ұлттық санамыздың бір бөлшегі жатыр. Мектепте қазақ тілін дамыту мен насихаттау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Сиқырлы сахна» атты үйірме қалалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл үйірменің мақсаты – қазақ әдебиетінің классикалық және заманауи туындыларын талқылау, драмалық қойылымдар ұйымдастыру арқылы оқушылардың қазақ тілін тереңірек түсінуіне жағдай жасау. Сонымен қатар жас ақындарды анықтау, оларға бағыт беріп, қолдау мақсатында «Қауырсын қалам» атты жас ақындар үйірмесі, дебат клубы жұмыс жасайды. Жыл көлемінде эссе, өлең, әңгіме жазу арқылы тілдік шеберліктерін дамытуға негізделген шығармашылық байқаулар өткізіп келеміз. Ақын, жазушылардың өміріне арналған әдеби кештерде оқушылар ақындардың өлеңдерін оқып, шығармаларын талдайды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында олардың кітап оқуға қызығушылықын арттыру мақсатында кітапханамен бірлескен оқушылар үйірмесі тұрақты түрде жұмыс істейді. Мұның өз нәтижесін беруі көңілге қуаныш ұялатады. Жылдан жылға кітап оқитын оқушылар саны артып келеді. Бұл іс-шаралар оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын оятып, тілді терең меңгеруіне көмектеседі. Сонымен қатар, бұл қазақ тілі мен мәдениетін басқа ұлттар арасында насихаттаудың тиімді жолы болып табылады. Тілдерді білу – толеранттылықты жүзеге асырудың маңызды құралдары. Көптілділік адамның басқа мәдениеттерді тереңірек түсінуіне, олардың құндылықтары мен дәстүрлерін қабылдауына жағдай жасайды. Тілдік білімі кең адам әртүрлі қоғамдармен тиімді қарым-қатынас жасап, олардың көзқарастарын түсініп, ортақ мүдделерге жетуге ықпал етеді. Осы мақсатта оқушылар бойында өзге ұлттардың дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметті дамыту – қазіргі жаһандану дәуірінде аса маңызды міндеттің бірі. Бұл тек білім беру саласындағы ғана емес, сонымен қатар, қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын сақтаудағы негізгі бағыттың бірі. Оқушылар әртүрлі ұлттардың дәстүрлерін, мәдениеттерін құрметтеуді үйренсе, қоғамдағы түрлі этникалық және мәдени топтардың арасындағы үйлесімділік артады, – дейді Ляззат Есіркепова
Хакім Абай жиырма бесінші қара сөзінде: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді, – десе, «Қанша тіл білсең – сонша рет адамсың» деп А.П.Чехов бекер айпаса керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, қазақ тілімен қоса орыс тілі мен ағылшын тілін меңгерудің артықтығы болмас. Керісінше, қазір көп тілді білудің пайдасы мол. Оның ішінде ағылшын тілі мен орыс тілін оқыту мектеп бағдарламасына енген. Мәселен, мектептерде ағылшын және орыс тілі пәндері 11-ші сыныпқа дейін оқытылып келеді.
Осы орайда орыс тілі маманының пікірін білгенді де жөн көрдік. Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Баймбетова Баян жылдар бойы оқушыларға орыс тілін үйретіп келеді. Бүгінде ардақты ұстаздың оқушылары білімін көрсетіп, түрлі байқауда жеңімпаз атанып, биіктерден көрініп жүр. Баян Тұрсынқызымен хабарласып, тілдерді оқытудың маңыздылығы туралы ойын сұраған едік.
– Дана халқымыз «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп бекер айтпаған. Бүгінде бірнеше тілді меңгерген жастар саны көп. Жаңа технологиялардың дамуымен байланысты бірнеше тілді меңгеру заман талабы. Мектебімізде тілдерге арналған апталық аясында тіл мамандары елімізде тұратын барша халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін көрсететін түрлі жаңа форматтағы іс-шаралардың өтуіне белсене ат салысып келеді. Оқушылардың тіл білімін көрсетуге арналған сөз сайыстары, театрлық қойылымдар және викториналық ойын сияқты түрлі іс-шаралар өткіземін. Орыс тілі сабағы үштілді оқыту форматында өтуде. Әртүрлі тілдерді үйренуге және салыстыруға бағытталған сабақ балаларға аналитикалық дағдыларды дамытуға көмектеседі. Балалар әртүрлі тілдердің ерекшеліктерін талқылай отырып, тілдерді құрметтеуге және ынтымақтастыққа үйренеді. Онлайн сабақтар өткізілген кезде де оқушыларға барынша тілді оңай меңгеруге бағытталған үштілді оқыту әдістерді пайдаландым. Қазір оқушыларым ғылыми жобаларда үштілді зерттеулер жүргізіп, байқауларда жүлделі орын иеленіп келеді. Тіл меңгеру – болашағымызға деген инвестиция. Тіл біздің өміріміздің барлық саласында – білімде, кәсіпте, өнерде және қоғамдағы қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады. Бұл қоғамымыздың толеранттылығын және бірлігін нығайтады. «Тіл адамды көкке көтереді, тіл арқылы ол бақытқа жетеді» деп ұлы ғұлама Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, ана тілімен қоса, бірнеше тілді қатар меңгеріп, жан-жақты білімді жастардың көбейгені жақсы, – дейді Баян Баймбетова.
Көп тілді білу – заман талабы. Бүгінде жастардың тіл үйренуге талпынысы көңіл қуантады. Оқушылар түрлі тілдік үйірмеге қатысып, жетістікке жетіп жүр. Ағылшын тілін меңгеру жастардың болашақта дамуына, жан-жақты болуына мүмкіндік береді. Тақырып төңірегінде С. Әлжіков атындағы №144 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ұлбике Рысмағанбетқызынан оқушылардың ағылшын тіліне қызығушылығы туралы пікірін сұраған едік.
– Ағылшын тілін үйрену – жаһандану заманында жастарымыздың әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерін арттырудағы ең маңызды жолдарының бірі. Ағылшын тілі – ғылымның, білімнің, жаңа технологиялар мен инновацияның тілі. Оның маңызы тек кәсіби деңгейде шектелмейді, тіл арқылы әлемнің мәдениеттері мен құндылықтарын терең түсінуге мүмкіндік аламыз. Ағылшын тілін меңгеру өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарауға тәрбиелейді, толеранттылық пен ашықтықты қалыптастырады. Мектепте оқушыларға толерантты болуға ерекше мән береміз. Сабақ барысында әртүрлі ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін талқылау, оларды тереңірек зерттеу арқылы оқушыларды өзге халықтардың құндылықтарын бағалауға шақырамыз. Бұл әсіресе көпұлтты еліміз үшін аса маңызды. Себебі ұлтаралық бірлік пен татулық – біздің басты құндылықтарымыздың бірі. Мереке аясында мектепте қалалық семинарлар ұйымдастырып, ағылшын тілі ұжымымен аудандық деңгейде «Treasure Island» зияткерлік білім сайысын өткіздік. Speaking Club-қа қатысатын оқушылар ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытып қана қоймай, ой өрістерін кеңейтеді. Мұғалім ретінде мен үшін ең үлкен мақтаныш – оқушыларымның жетістіктері. Олар қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі шет тілдерінен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Оқытуда заманауи технологияларды пайдалану мен тілдік дағдыларды дамытуға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу арқылы оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береміз, – дейді Ұлбике Рысмағанбетқызы.

С.Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: