Жұма, 27 желтоқсан, 11:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Олимпиада жайлы бірер сөз: Парижде даңқымыз аса ма?

27.07.2024

374 0

Әлем көз тіккен Олимпиада алауы Париж төрінде тұтанды. Алпауыттар арасындағы бәсекеде елімізден 90-нан аса спортшы бақ сынауда. Ел намысын қорғайтын ерлеріміздің еңсесі түспей, ұлттың рухын асқақтататынына сенім артқан қалың ел бар. Айтпақшы, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы додаға халықтың қызығушылығы ерекше. Осыдан бірер күн бұрынғы мәліметтің өзінде 9 миллионға жақын билет сатылып, рекорд жаңартыпты. Ал бұған дейінгі рекорд – Атланта Олимпиадасында, 8,3 млн билет сатылған.

Кеше Францияда төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсеке – XXXIII Жазғы Олимпиада ойындары басталды. Дүбірлі додаға өңірден Қамшыбек Қоңқабаев, Айдос Сұлтанғали, Жұбаназар Абылайхан, Шархан Нұрлыхан қатысып, ел намысын қорғайды.
– Қамшыбек Азия ойын­дарында-ақ бұл бәсекеге лицензияны иеленген. Әрине, елдің үмітін арқалап, жеңіс туын желбіретеді деп шын сенген спортшыларымыздың бірі. Қамшыбектен басқа үш спортшы да осыған дейінгі әлемдік олимпиадалық рей­тингте өздерін дәлелдеп, жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Ешқайсысы осал емес. Қанжығамыз майланады деп күтудеміз, – дейді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов.
Айта кетейік, биылғы Па­риж Олимпиадасында қазақ спорт­шыларының ойындарына атақты спорт журналисі Аман­гелді Сейтхановтың ұлы Бекасыл Сейтхан комментатор болады.
– Ат тізгінін тартып, бәйге шапқан баламыз ғой. Бала кезде дәл сол шауып бара жатқан бәйгемді комментатор ретінде өзім жүргізіп отыратынмын. Малдың артында да өстік. Қойларымды да футболистерге теңеп, «Марадона кетіп бара жатыр» деп, сондай бір ойын-сауық құраған кездеріміз де болды енді. Меніңше, соның барлығы іргетасты қалап берді. Олимпиада алдындағы сезім керемет. Себебі бұл – алғашқы жүргізетін үлкен додам. Дәл осы Олимпиаданың алдында іріктеу ойындарының барлығын мен жүргіздім. Спортшыларды өте жақсы танимын, олардың қалай өнер көрсеткені де көз алдымда. Енді міне, Олимпиадада сәл сондай қарқынмен жүргіземіз, – дейді спорт комментаторы Бекасыл Сейтхан.
Париж төріндегі олим­пиа­даға баратын ат төбеліндей қазақтың сәл де болса қуа­нышы – бұл. Қобалжулы елдің Олимпиада алдында ұнжырғасын түсірген дерек – Рыбакинаның сенімді ақтамай, бір күн қалғанда лицензиядан бас тартқаны. Әрине, осыған дейін баптап, жағдайын жасап, үмітін үкілеген елдің сенімін бір-ақ сәтте аяққа таптады десек те болады. Бұл жағдайға байланысты Қазақстан теннис федерациясы мәлімдеме жа­сады. Онда: «Қазақстан теннис федерациясы теннистен әйел­дер құрамасының көш­басшысы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қа­тыса алмайтынын мәлімдеді» деп қысқа қайырыпты. Әйтсе де легионерге спорт жана­шыр­ларының өкпесі қара қазандай. «Олимпиаданың же­ребесі тартылып, қарсыласы анықталған кезде жарыстан бас тартып тұр. Алтыннан үмітті спортшы деп мемлекет Рыбакинаға барлық жағдайды жасап келді. Қайда жаттығамын, қайда барамын дегенінің бә­рін бұлжытпай орындады. Бар жағдайды Ленаға жасап қой­ған деп Путинцеваның өзі рен­жіген. Ресейде ешкім емес, бола­шағы бұлыңғыр теннисші деп есептен сызылған әлжуаз спорт­шыны Қазақстанның тен­­нис федерациясы сенім білдіріп, мықты жеке бапкер жалдап беріп, оған стипендия тағайындап әлемге танылуына себепші болғанда елдің абыройы сыналатын сәтте лақтырғанын басқаша қалай түсінуге болады?», – дейді спорт журналисі Әділбек Жақанов.
Спорт жанашырларының легио­нерлер тақырыбына кел­генде шырылдап жүргеніне де көп болды. «Өзіңнен тумай, ұл болмас» деген қазақ сөзі осы жерде ойға оралатын тәрізді. Қалай болғанда да, сырттан келген спортшыдан байқас болсақ, жарасар еді?!

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: