Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментіне 25 жыл. Отанға мінсіз қызмет етіп, әскери құрылымның қалыптасуы мен өркендеуінде, департаменттің әр әскери қызметшісінің қосқан үлесі зор. Қиын-қыстау кезеңде түпкі тамырынан көз жазып қалмай, табандылық таныта білді. Теңізді өлкеден бастап Жаңақорған жеріне дейінгі шекара шебі Қызылорда облысына тиесілі. Ұзындығы – 745 шақырымнан астам құмды әрі шөлейтті өлке. Мұндай жерді кірпік қақпай күзету тек қайсар шекарашыларға ғана тән. Уақытқа сәл шегініс жасасақ, жиырма жылдан асқан әскери құрылымның ел тыныштығы үшін маңызы зор.
Қызылорда облысында бұрын соңды болмаған әскери жасақтың құрылуында алғашқы кезеңде қиындықтар кездескен. Алайда сол жылдары бөлім командирі лауазымын атқарған полковник Александр Александрович Красюков, облыс, қала, аудан әкімдерімен тығыз байланыс орнатып, жаңадан құрылған жасақ еңсесін тіктеді. Келелі істерді жүзеге асырарлық толыққанды әскери бөлімге айналды. Әскери бөлімді құру үшін әрі аумақты зерделеу және қабылдау мақсатында 1999 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласына құрамында бөлім командирі, барлау бастығы сынды бірқатар лауазымды тұлғалардан құралған бір топ офицерлер келген. Олар жұмыс барысында облыс әкімімен кездесіп, әскери бөлімнің орналасар жері, ғимараттар мен үй-жайларды бөлу туралы мәселені талқылаған. Ұсыныс ретінде бірнеше нысан қарастырылды. Өкінішке қарай олардың барлығы өте нашар жағдайда болған. Ал қазіргі департамент ғимаратының өзенге жақын орналасуы, қалаға кіру және шығу жолдарының тиімділігі тактикалық тұрғыдан ұтымды болды. Алайда кейінірек орналасқан ғимараттың кемшіліктері анықталады. Қоршаусыз тұрған ғимарат аумағынан емін-еркін өткен тұрғындар, ескі техникумның шеберханалары автопарк пен қоймаларга бейімделуі, су құбырының коммуникацияларының жарамсыздығы, қазандықтың істен шығуы қауіпті жағдайда болған. Офицерлер құрамының отбасыларына тұрғын үй ретінде шекара отрядынан едәуір қашықтықта орналасқан Шанхай шағын ауданындағы балабақша ғимараты берілген. Бұдан бөлек мәселелер де бөлімнің жұмысына өз кедергісін келтірген.
Десе де алдын ала барлау жұмыстарын жүргізу, аталған мәселені шешу жолындағы ұтымды әрекеттер өз нәтижесін берді. Осылайша қалада шекара отряды мен бөлімшелер құрыла бастады. Сол жылдың қазан айында елдің шығыс аймағынан 150 шақты офицерлер, прапорщиктер мен сарбаздар келеді. МТЛБ, ЖМП бар эшелон, жылжымалы байланыс торабы, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілері бар 50 автокөліктен тұратын колонна жеткізіледі. Жасақ ғимараты толық жабдықталғаннан кейін жеке құрамның жұмысы қыза түседі. Әскери бөлімді айқындау үшін ту ілінген. Қалада мұндай ғимараттың бой түзеуі маңызды тарихи оқиға болған. Осылай түйткілді мәселелер шешімін таба бастады. Жаңа жыл мейрамы қарсаңында бөлімшенің қазандығы іске қосылып, жылу берілді. Шекара отрядының бірінші мерей тойына орай әскери оркестр, дала оқу-жаттығу орталығы, шекара бекеттері мен заставалары сынды толыққанды әскери бөлім құрылды. Шекара қызметінің құрылуымен заң бұзушылықтар жойылды. Контрабанда тоқтатылды.
Ал 2020 жылдың 26 наурызында ҚР ҰҚК ШҚ «Оңтүстік» Өңірлік басқармасына қарасты 2019 әскери бөлімі, ҚР ҰҚК ШҚ Қызылорда облысы бойынша департаменті мәртебесі берілді.
Шекара – мемлекеттіліктің маңызды атрибуты, кез-келген елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғашкы шегі, мызғымас тірегі, Тәуелсіздігіміздің кепілі. Мемлекеттік шекараны мінсіз күзету мақсатында кадрлық құрамды нығайту, заманауи арнайы техникалық құралдарымен жабдықтау, шекара бөлімшелеріндегі жеке құрамның қолайлы тұрмыстық жағдайларын жасау мен жақсарту сияқты кешенді шаралар біртіндеп жүзеге асырылуда. Мемлекеттік шекараны күзетуді ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері қайта қарастырылып, жедел әдіс қызметіндегі жаңа форматына ауыстырылды.
Әкімжан ТӨЛЕБАЙ,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің әскери журналисі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!