Сәрсенбі, 21 мамыр, 12:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37,2150
20.05.2025
PDF мұрағаты

Плотина қалай салынды?

03.05.2025

146 0

Суымның дән қаулайды тамшысынан,

               Толқынға бөгет салсақ қарсысынан,

               Мың есе пайда берсе тасқын күші,

               түспей ме алтын сақам алшысынан…

Меңдияр   Киікбаев

1943 жылы 23 қарашада Сырдария өзені бойындағы Қызылорда плотина құрылысы жайлы облыстық партия комитетінің және Қызылорда облыстық еңбекші депутаттар кеңесі атқару комитетінің қаулысы қабылданған түпнұсқасы «Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-нің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалы архив қорларындағы облыстық партия комитетінің құжаттарында сақталған.

1945 жылы 5 қарашада облыстық партия комитетінің ҚК(б)П обкомының үгіт-насихат бөлімі ұсынған Қызылорда плотина (су қоймасының) құрылысшылары арасында үгіт-насихат және мәдени жұмыс жүргізу шараларын бекіту жайлы қаулысы қабылданып, бастауыш партия ұйымдарына осы  тапсырманы орындауға міндеттелгені де үлкен бастамаға даңғыл жол еді.

1945 жылы 8 сәуір қазақ халқы тарихына даңқты ұмытылмас күн болып енді. Өйткені бұл күн – КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК(б)П Орталық комитетінің 1940 жылғы 26 сәуірдегі «Қазақ ССР-ның оңтүстік облыстарында ауыл шаруашылығын, әсіресе техникалық егістерін бұдан былай да өрістете беру шаралары туралы» тарихи қаулысының іске асуының басталған күні.  Плотина құрылысының жұмысы облысымыздың партия және кеңес ұйымдары мен барлық еңбекшілерінің алдында тұрған саяси-шаруашылық маңызы зор күрделі міндет болып саналған.

Қызылорда су торабы – Сырдария өзенінде орналасқан маңызды гидро­техникалық құрылыс. Оның құрылысы 1945 жылы басталып, 1956 жылы аяқталды. Бұл нысанның салынуы аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға және суармалы жерлердің көлемін арттыруға үлкен ықпал етті.

Құрылыс барысында көптеген қиындық кездесті, соның ішінде жұмыс күші мен құрылыс материалдарының тапшылығы, әр елді мекендерден, аудандардан құрылыс басына қажетті қараша үйлер, жылы киімдер, жұмысшылар күші тартылған.

Архив деректерінде Қызылорда су торабы құрылысына 4 млн 136,1мың рубль бөлінсе, кейінгі жоспар бойынша 12 млн 800000 рубль қаражат бөлінген. Негізгі мақсаты – суармалы егіншілікті дамыту, су тасқынының алдын алу еді. Құрылыстың басшысы болып А.Бектасов сайланған. Тарихи деректерде бұл пло­тина төрт ауданның Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы аудан­дарын сумен қамтамасыз етіп, егіс көлемін 120 мың гектарға дейін көбейтуді жоспарлаған. Сырдарияның суы 6 м көтеріліп, 60-70 шақырым жерге дейін – Сұлутөбе станциясына дейін жеткізілген. Плотинаға 3000 киловаттық күші бар су электр станциясын салу міндеттелген.

Тарихи деректерді тарқатсақ, саны да сапасы да жоғары дәрежеде, одақ бойынша қатаң бақылауда болған, тыныс-тіршілігі тоқтаусыз қайнаған- халықтың ауызбіршілігімен, білек күшімен, жұмыс­шылардың қайсарлығымен, тіпті жапон­дықтардың да бір кісідей жұмылғанның арқасында көтерген су бөгеті құрылысы әлі де халыққа қызмет етуде. Архив деректері әлі де тарих сырларын халыққа жариялауда тынымсыз еңбек етеді.

Су торабының арқасында Қызылорда облысы Қазақстандағы ірі күріш өсіруші аймаққа айналды. Сонымен қатар бұл нысан аймақтың экологиялық тұрақтылығын сақтау мен халықты ауызсумен қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарды.

Дана Қалтаева,

 «Қызылорда облыстық мемлекеттік

архиві» КММ-нің «Қоғамдық-саяси тарихы»

 филиалының бөлім басшысы              

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: