Әз наурызда дүниеге ашып есігін,
Түгіскенде тербетілген бесігі,
Туған жердің топырағын қастерлеп,
Шиеліге кең танылған есімі.
Ойы кесек, ісі де ірі, заңғар бек –
Асыл ердің бірі еді Қамбарбек,
Кім ойлаған кемелденген шағында
Мына тағдыр есіл ерді жалмар деп…
Білім алды оң мен солын танып та,
Үлес қосты жастайынан салыққа,
Шиеліні дамытуға түрен сап,
Қалтқысыз қызмет етті халыққа.
Жылқыда да болар деуші ед қазанат,
Иесіне келтірмейтін жаманат.
Қамбарбектің ерек еді болмысы,
Тумысынан арда еді-ау азамат…
Басын иіп бабалардың салтына,
Ізет етті ауылының қартына,
Әкесінің кір келтірмей атына,
Із қалдырды өшпей-тұғын артына.
Көп еді оның бергенінен берері,
Көп еді оның көргенінен көрері,
Жазуына амал бар ма тағдырдың –
Көр емес ед… оның орны төр еді…
Алыстатып әз ауылын ғажаптың,
Жас өлімі арқалатқан азап, мұң,
Ұмытылмай сақталар ел есінде –
Қайран, дара Қамбарбегі қазақтың!
Оразалы БАЙДІЛДА,
Шиелі ауданы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!