Соңғы жылдары табиғи өнімге, соның ішінде балға деген сұраныс артып келеді. Алайда омарташы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Себебі бұл тіршілік иесін баптау оңай емес. Осы орайда жастайынан омарташылықты кәсіп еткен Қалмырза Бижанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?
– Жеті жылдан бері омарташылықпен айналысып келемін. Нағашы атам осы кәсіпті 30 жылдан бері жүргізіп келеді. Жастайымнан сол кісінің жанында жүріп, ара бағып, тәжірибе жинадым. Уақыт өте келе, кәсіпке айналдырдым. Қазір Қызылорда қаласының өзінде екі бал дүкеніміз жұмыс істейді. Бұйырса, үшіншісін ашуға дайындалып жатырмыз.
– Ара өсірудің қандай қиындығы мен жауапкершілігі бар?
– Әр істің өз қиындығы бар. Ал көбі ара шағады деп бұл кәсіптен қорқақтайды. Араның шағуы қалыпты жағдай. Бірақ ара шағады екен деп қорқудың қажеті жоқ. Күтім дұрыс болса, олар да тыныш болады. Ең қиыны ауа райының әсері мен шегірткеге қарсы қолданылатын удың зияны бал арасына кері әсерін тигізетіні рас. Аралар да ауырады. Мұның бәріне мұқият болу қажет. Яғни бұл тек кәсіп көзі ғана емес, жан-тәніңмен берілуді талап ететін жұмыс.
–Бір омартада орта есеппен қанша ара болады?
– Менде қазіргі таңда 80 ара ұясы бар. Жыл сайын көктем келісімен жұмыс басталып кетеді. Мамыр айынан бастап бал жинау маусымы басталады. Биыл, мысалы, сәуір айында араларды Жалағаш ауданындағы алма бағына апардық. Ол жақта алманың гүлінен бал алынды. Кейін Шіркейлі каналына көшіп бардық. Онда балды сүзіп, жоңышқалық алқапқа көштік. Арамен бірге көшіп, жаңа гүл іздеп жүреміз. Бұл омарташылардың қалтқысыз тіршілігі деуге келеді.
– Жыл мезгіліне қарай аралар қандай күтімді талап етеді?
– Жазда араларды үнемі гүлдерге апарып отыру қажет. Олар өздеріне керекті нәрді гүлден жинап, бал жасайды. Біз тек сол процестің дұрыс жүруіне жағдай жасаймыз. Ал қыста араларға өздері жасаған балдың бір бөлігін қалдырамыз. Өйткені араларға да азық қажет.
– Таза балды қалай білуге болады?
– Ең дұрысы лабораториялық сараптама. Себебі қазір глюкозалық сироппен дайындалған жасанды бал көп. Ресей мен Қырғызстаннан әкелініп, табиғи өнім ретінде сатылып жатыр. Өз бетінше тану қиын. Бірақ табиғи бал уақыт өте келе қоюланып, кристалданады. Кристалдардың көлемі әртүрлі болады: ірі, орташа, ұсақ. Қатон-Қарағайдың балы, мысалы, мүлде қатпайды, ал Қызылорда балы күзге қарай қата бастайды. Сондықтан балды тек сенімді омарташылардан алу қажет.

– Халық арасында балдың емдік қасиеттері туралы не айтасыз?
– Бал денсаулыққа пайдалы өнім. Ағзаға түскен сәтте бірден қанға сіңеді, иммунитетті көтереді. Мысалы, күнбағыс балы жүрек-қан тамырлар жүйесіне жақсы әсер етеді. Қан қысымын қалыпқа келтіріп, зиян токсиндерді және ағзадағы шлактарды жояды. Ал мамыр айының балы балаларға өте пайдалы. Дамуға қажетті микроэлементтерден тұрады. Жантақ балы вирустық аурулардың дамуына жол бермейді. Өтті тазалап ғана қоймай, тері күйін жақсартады. Бал – тек тәтті тағам емес, денсаулық кепілі.
– Нарықта бал өнімдеріне сұраныс жоғары ма?
– Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары. Қазір адамдар не жеп жатқанын зерттейді, сапасына мән береді. Қала ішінде дүкенімізден бөлек, басқа аймақтарға да бал жібереміз. Мысалы, батыс өңірінен жиі тапсырыс түседі. Сондықтан да табиғи өнімге сұраныс әрқашан жоғары.
– Жас омарташыларға қандай кеңес бересіз?
– Қызылордада 300-ден астам омарташы бар. Біз бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Жаңадан бастағандарға бағыт-бағдар береміз. «YouTube»-те арнайы канал жүргіземіз, қысқа видеолар арқылы өз тәжірбиемізбен бөлісеміз. Бірақ экраннан қарап қана қоймай, тәжірибе жинау маңызды. Өзім де бұл кәсіпті бес жәшік арамен бастадым. Қазір 80 ұя бар. Бұл – еңбек пен табандылықтың жемісі. Қазіргі таңда аймақта омарташылар көбеюде. Облыс бойынша 7000-ға жуық ара ұясы бар. Ең көбі Жаңақорғанда – 500 ұя, Шиеліде 400 ұя бар. Бұл көрсеткіш біздің Сыр өңірінің омарташыларының қажырлы еңбегі деп білемін.
– Аралар жайлы ел білмейтін қандай қызық ақпарат айтасыз?
– Ең қызығы, араның өмірі сүру ұзақтығы небәрі 40 күн ғана. Сол уақытта олар табиғатқа баға жетпес үлес қосады. Бір ұя – бір отбасы болып саналады. Қызығы, ұрғашы аралар ғана жұмыс істейді, олар бал жинау процесіне қатысады. Еркек аралар шақпайды да, бал да жинамайды. Тіпті араның уын медицинада қолданады. Бір ара бір күнде шамамен 7 мың гүлді аралай алады. Сондай-ақ аралар иіс суды ұнатпайды. Жалпы араны бағып-күту тек кәсіп емес, үлкен жауапкершілік.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!